ЫНТЫЗАРҒА КЕДЕРГІ ЕМЕС ҚАРАҢҒЫЛЫҚ, ТҮНГІ ЫЗҒАР

Гүлбақыт ҚАСЕН

1975 жылы Алматы облысы, Панфилов ауданында туған. І.Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік университетінде, О.Жолдасбеков атындағы Құқық және экономика академиясында білім алған. «Құсқанаты», «Бақыт гүлі» жыр жинақтарының авторы.

 

ТӨЛЕГЕН ЖЫР

Оралмайтұғын көктемді іздеп жүріп мен,
Төлеген жырға қайтадан қалқам оралдым.

Қасымхан Бегманов

Төлеген жырға қанбайды-ау шөлім,
қанбайды,
Аңсаған көңіл сағыныш жырын таңдайды.
Әйбат-ақ дүние ғайбатқа толып жатса да,
Сүйемін деуден жүрегім сенсең
танбайды.
Жаныммен сүйгем ақынның мұңын,
өлеңін,
Сағынуменен аңсаудан өлсем, өлемін!
«Төлеген жырға оралдым қайта
ормандай»…
Не көрсем дағы тағдырым, сенен көремін.
Махаббатымды адамдарға арнап ізетпен,
Анамды аялап, ұйқымды менің күзеткен.
Біз еккен ағаш, өмірдің болсын саясы –
Ризамын, достар қатемді менің түзеткен.

Төрінде көңіл тізілер таулар, теңіз де,
Жазира белден, бұлбұл үнінен ем ізде.
Таңғы шық сұлу көрінер жаным,
бұл ғалам –
Байқасаң тылсым адам жанымен егіз бе?

Төлеген жырға қанбайды-ау шөлім,
қанбайды,
Аңсаған көңіл сағыныш жырын таңдайды.
Алдайды жалған…
Нәзіктігіммен тік тұрып,
Сүйедім саған, ақындық ғұмыр,
маңдайды.

Жанғандай бағы қай ақын қыздың,
қай ұлдың?!
Айыпты тағдыр!
Есесін немен қайырдың?
«Махаббатына өртеніп кеткен
жүз қыздың»…
Сырлары тұнық жырында қалар
шайырдың!

***
Бәрін де саған айтар ем
Жалғыз-ақ тамшы моншақпен…
Төлеген Айбергенов

Тіземін зерлі ой маржанын,
көңілдің емі табылар.
Кестемді қабыл ал, жаным,
сағыныш жыры тағы бар.

Өмірдің өзі кестелі,
өрнектер ару бізбенен.
Әдемі сол бір кештегі,
әуенді ешкім үзбеген.

Кестемнің жібі алтыннан,
бір талы жібек жырымның.
Жүректі қайтем алқынған,
сандығы толы сырымның.

Өмірде сенген серігім,
үмітім бір күн ақталар.
Еркелеткеніңде ерідім –
құпиям қалай сақталар…

«Бәрін де саған айтар ем»…
жанарда моншақ шық тұрар.
Өзің де сөзсіз байқар ең –
кестелі жырым ұқтырар.

ЖАЛҒАСЫН СЕН АЙТ…

«Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің,
жабылып кетсем мен егер,
Ғұлама жылдар судырлатқанда парағын…

Төлеген Айбергенов

«Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің…»,
жаңғырсын таулар, жарығым,
Сағынышымның жүрегімдегі қуаныш –
досы, жары – мұң.
Күрең күз жанды жабырқатты ма,
жанға батты ма қажыма,
байқатпас болар, тегінде бөрі арығын…

Бәрі де ғажап, бәрі де сұлу табиғат егіз
адаммен,
Жанаттың төрі – жұпарлы әлемді аңсаудан
жанға табам ем.
Кеудемдегі ыстық сағынышымды
тапсыра алам өзіңе,
Жалғанда күнім, сен ғана маған адал ең!

Көмкеріп нұрға даланы ғажап арайлы
ақ таң атқанмен,
Күймесін қозғап ғасырлар көші алыстап
бара жатқанмен.
Қимастық бәлкім, адасып құстай ілесе
алмай әуен жүр,
Өмірдің мәнін көкжиегінен тапқанмен.
Сағыныш деген – Төлеген толғау, ұшқыны
өрттің лаулаған,
Аңсатқан арман, Шәмшінің әні жүректі
мәңгі жаулаған.
Жыр құрап аққан жеті өзенімнің
мөп-мөлдір моншақ тамшысы –
Көзіңнен жаным, өзіңнен жаным,
аумаған…

«Жалғасын сен айт бұл асқақ әннің…»,
адаспай табар арманым,
Сағынған көңіл, тіл қатшы қәне, жүректе
сүйген бар ма мін?
Қобызым зарлы, домбырам мұңлы төгеді
күйін өзгеше –
Сағынышымды, Алтыным, саған
арнадым!

БӘРІ ӘДЕМІ

Суреттеп сөз баяндап жеткізе алмас…

І. Жансүгіров

Бәрі өзгеше:
Бұл жайлаудың ақша бұлты, аспаны,
Көз ұшынан көрінеді Алатаудың асқары.
Мөлдір бұлақ, бал қарағай, жасыл
шырша, көк шалғын,
Қолмен әрлеп қойылғандай күнгейдегі
тастары.
Табиғаттың тұнып тұрған сұлулығы
таң маған,
Саф ауасын жұтсам қанша құмарым
бір қанбаған.
«Сауыр» мекен, дәл өзіңдей жер ұйығын
таппаспын,
Күлімсіреп кірпігіме байланса да
бар ғалам.

Бәрі әдемі:
Әсіресе, қарағайлы шымылдық –
Тұңғыш көргем таңғажайып бұл суретті,
шынымды ұқ…
Мейіріммен нұр құйылып, түсірген бе
аспаннан,
Байланғандай әр ағашқа шәрбат ырыс,
шырын құт.

Жартас. Қия.
Қалай бірдей тіп-тік өскен қарағай?
Жарасымды қона қалған шырша-сырға
жағалай.
Үлбіреген таудың жасыл шымылдығы,
пердесі –
Күн еңкейіп, сығалайды саңылаудан
жаңа Ай.

Бәрі құмар :
Тамып жатыр шүпірлеген жұлдыздар,
Ынтызарға кедергі емес қараңғылық,
түнгі ызғар.
Кім біледі сиқырлы орман, ертегі бір өмір
бар?
Рас. «Шымылдық қарағайға» жасырынған
үр қыздар…

Мен де бәлкім, заңғар шыңға сұлу сырды
жасырам…
Бал қарағай.
Ал, қарақ-ай! Тау жаңғыртар асыл ән.
Бақ-өмірдің түрілмесін шымылдығы
жап-жасыл,
Жайлау төрі, сағынғанда құшағыңа
асығам!

ӨМІР-ӨЗЕН ҚҰРАЛҒАН
БҰЛАҚТАРДАН…

Тамшыдайын мөлдіреп тамсам Нұрдан,
Тылсым дүние.
Байтақ жер тамсандырған.
Табиғатқа қалайша құмартпайсың,
Құлап аққан бұлаққа ән салдырған.
Бұлақ суы бұрқанып тасып құлар,
Әр құпия тамшысы ғашық қылар…
Шың басынан қол бұлғап сүйген жардай,
Аяулы Арман жетуге асықтырар.

Бір тәкаппар өрлік бар құламада…
Терең тартпай ой-таным тұра ала ма?
Неткен шебер Жаратқан?!
Таңғажайып –
Ауа да әсем, жер де әсем бұл арада.

Мақам жыр жүр бұлақтың ағысында…
Үндестік бар қазанат шабысында.
Беу, дариға, домбыра күмбірлесе –
Тасқын күй бар қос ішек қағысында.

Әр тамшысы тұратын сынақтардан,
Сыңғыр үні судың да сыр ақтарған.
Бұрқанбұлақ.
Жыр бұлақ.
Ғұмыр-дәрия –
Өмір-Өзен құралған бұлақтардан…

ҚУАНДЫМ ҚАТТЫ

Қуандым қатты жайлаудың көpiп төбесiн,
Қарсы алды менi туған жер, қоңыр белесiң.

Әділбек Ыбырайымұлы

***
Қуандым қатты, қуандым ессіз мен бүгін,
Көзіммен көріп даламның шексіз кеңдігін.

Бейжайлау – менің арманым арда,
аңсағам,
Көзтоймас ғажап, көркіңе сұлу тамсанам.

Адыраспанға иіліп сәлем етейін,
Ата қонысым, садағаң болып кетейін!

Күн сүйген гүлін иіскедім қанбай
құмарым,
Қызғалдақ бәлкім, бәйшешек менің
тұмарым…

Еңілікгүлді жақсының бәрі іздеді…
Көңілде – көктем, сезілсе-дағы күз лебі.

Әдемі етіп өрнектеп қойған төрімді –
Бұлағым мөлдір! Сусадым, басшы
шөлімді!

***
Қуандым қатты, қуандым көріп
шың-құзды,
Тәкаппар таулар ақынға өлең туғызды.

Баркөрнеу бейне ақ қарға басын
шалдырған,
Жетуге асық. Тұяғын тұлпар талдырған.

Үйгентас белі Аяқсазбенен жалғасқан,
Өр таулар жайлы жазылса шіркін,
бар дастан.

Аршалыбеткей, жетуге саған асыққам,
Көк орман көркем. Көңілді көлдей
тасытқам.

Шалдықсам кей сәт келеді арқа сүйегім…
Көгілдір таулар, мен сені шексіз сүйемін!

Қуандым қатты, жерімнің көріп ажарын…
Мен әлі талай ғаламат жырлар жазамын!

***
Келдің бе, туған айым – тамыз айым,
Елжірер ертегі айым, аңыз айым.
Аптығы еш басылмас ынтызардың,
Аңсасаң алуа жыр тамызайын…

Мен сені құлай сүйгем, жыр-сүмбілем,
Ұғарсың жүрегімнің дүрсілінен.
Кірпігім түн түндігін түре ала ма…
Аялап жарығыңмен жүрсің, білем!

Басайын мауқымды бір.
Еркелеткін…
Күйдіргін. Сарша тамыз өртеп өткін.
Күз келер.
Саруар айым, сағынам ғой –
Аққудың қанатымен ерте кеткін…
…келдің бе, тамылжыған тамыз айым,
Аңсасаң алуа жыр тамызайын!

Сүмбілем

Мен туғанда жарық төккен Сүмбілем,
Екеуміздің тағдырымыз – бір, білем…
Балгер біткен жасай алмас жорамал,
Сен сөнгенде,
Мұңға шомып үлгерем.

Ғарыш көктен сәуле шашқан Сүмбілем,
Қапияда түрленеді түн кілем.
Аспанда емес, Жердемін ғой…
Пендемін!
Тылсым дүние,
Аңсап өтем кімді мен?

Жұмбақ сырды ұғындырар адамға,
Шаттық емес, ой жетелер қадамға.
Жан-күйіңді жалғыздықта сеземін,
Жете алам ба қадіріңе?
Бағамда …

Жұлдыз жүрек
Сыр айта ма ғасырға…
Тамыз соңы, қыркүйектің басында –
«Сүмбіленің суы жүріп пе екен» деп,
Сұрайтыны несі жұрттың расында?

Жаздың соңы. Жаздың соңғы жаңбыры,
Ырысына шомылған ба таң нұры?
Cуынғанмен өзен суы,
Қалқаның
Жүрегінің жылуында – барлығы…

Жылт-жылт үміт…
Көк жарықтың жарқылы,
Ойға батам әппақ сәулең арқылы.
Өміріме шуақ құйған, Сүмбілем –
Тағдырымның тартуы…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.