Тым биікке өрмелеуге құмармын…

Жазира БАҚАЕВА

1976 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданына қарасты Шәлкөде ауылында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Журналистика факультетінің түлегі.

Төгіп – шашып алмайын деп ырысын,
Тіршіліктің ашып келем тынысын.
Несібемді теріп жүрмін десем де,
Тепершікте темпеңдеймін кім үшін?

Жетер жерді сезбесем де топшылап,
Жанды күнде мазалайтын көп сұрақ.
Жаршы өмірде жанталастым десем де,
Арым сатып арбалғаным жоқ бірақ.

Өгейсітіп тепсе де өмір өзекке,
Қайта тұрып ұмтылғанмын кезекке.
«Пешенеме жазған күнім осы» , – деп,
Болмысымнан жасамадым бозөкпе…

Көңілімнен кемел ойым көшкенде,
Сыр бөліспей кеткем соңғы доспен де.
Сүйреуік сөз қалжыратқан халімді,
«Сезбесе екен», – деп тіледім еш пенде…
Ұпайымды түгендесіп ұтқыр күн,
Аласармай аяғымнан тік тұрдым.
Кеңдігіңді таныт енді келешек,
…..Мені несіне күттірдің!

***

Жүректен жауған жыр – жаңбыр,
Жаныма жылы сыр қалдыр.
Өртеніп кетпей тұрғанда,
Өмірімді өзің нұрландыр.

Жалғанда жалған, жалған – дүр,
Жаушыдай мені қамдандыр.
Адасып қалмай тұрғанда,
Арман күндермен алдандыр.

Ақ адалдығым Ай жандыр,
Кеудеме мейірім жайландыр.
Үзіліп кетпей тұрғанда,
Үлбір үмітке байландыр..

Сағым күн сауық сайран құр,
Мұңымды еле ой – қалбыр..
Құлдырап кетпей тұрғанда,
Құл- санам қайта ойландыр…

***
Қырсық күндерден,
қымыран іріген шақта кіл,
Жасанды қылықпен,
жарамсақ болмай жатқа құл.
Келімсек сөзден,
телімсек көзден жасқанбай,
Ақ адал арым, адал пейіліңменен ақтарыл.

Баянды ғұмырдың,
базары тарқамай тұрғанда,
Ұрын боп келген,
ұры уақытқа ұрланба.
Қалытқыдай боп қараша жұртыңа
жыр сыйла,
Айналсаң – айнал ол үшін
құлдық құрманға…

Тықыр таянбай,
тынышы кетпес жандай құр,
Мазаңды кетірген,
мардымсыз ойды маңдайға ұр.
Кеңпейіл жандардан, керегеңді
аулақ салмастан,
Тар жолда тайқып кетпейтін
досты таңдай біл.

Сарабдал жандардан,
Сабырсыз болсаң да, сын естір,
Кедергілеріңді төзім тезімен күрестір.
Жүрекпен сүйіп, жүрекпен күйем
деуші ең ғой,
Үркек жырыңды үкілеп
жұртыңа үлестір…

Өкпелей берме,
Өткінші жаңбыр төккенге,
Кезі келсе де, керенау тартқанға
кектенбе.
Пенденің бәрін періште көріп аяла,
Өйткені жаным өлермен қылық жоқ
сенде!!!
***
Арман ойдың бастауы ма бұл да айқын.
Таң сәріден, түн құшқанша тынбайтын.
Шыңылтыр қыс аязында мұңымды,
Шырылдаған жалғыз құс бар тыңдайтын.

Жалғыз құс бар, жаным соған байлаулы,
Онсыз мыйым тоқтатады ойлауды.
Тоқталады мендегі бар тіршілік,
Ол тоқтатса жалғыз рет сайрауды.

Аппақ дала жайбарақат тыныстап,
Ал, уақытым сырғи берер жылыстап.
Шүберекке түйген жалғыз құсымды,
Жүгіремін алақанға уыстап.

Сағыныш боп сарғайтса да сыршыл – ән,
Келер таңнан үміт күтіп ұмсынам.
Өзім тапқан өзекті мұң емес пе,
Енді несін қымсынам.

Биіктігін көрмесем де Шынардың,
Тым биікке өрмелеуге құмармын.
Ал биіктің шыққан күні жалына,
Жердің қайта желкесіне құлармын.
Құшағыңда өлмесем де сол күні,
Құса мұңнан құтылатын шығармын!..

***
Күндерім күрес, талпыну қайта
мың құлау,
Төзімді сарқып, көкірек көзімді ұңғылау!
Жер теңіздегі желкенсіз қайық секілді,
Жел қайда айдаса, сол жақта
қалқып жүрмін –ау…

Жауапсыз қалып, дүдамал дүние дерегім ,
Өткен күндерді ой елегімменен еледім.
Ессіз өмірге ес түссіз ғашық болған соң,
Кінәнің бәрін өзімнен ғана көремін.

Ұлы Әділеттілік салтанат құрған
сарайда,
Тұрсам деп едім, адаса бердім алайда.
Патша пейілім, ізетпен ізгі ой қалдырып,
Тамызықтайын нұр сыйлап келді талайға.

Талғажау тірлікте тасқа тисе де
маңдайым,
Үндемей қалам, жазасын алған
жандайын…
Сыбағасы мол, сый күтіп жүрген Тәңірім,
Өбектесең де, бөлектесең де, мен дайын!

***
Неге таудың биігіне құмармын?
Неге алыс көрінеді жер көктен?
Неге сонша тұнжырайды мұнар күн?
Неге бақыт ұстатпайды мен жеткен?

Неге аққан жұлдыздардың саны көп?
Неге жолдар жеткізбейді арманға?
Неге өмірдің соры бар да,мәні жоқ?
Неге адамдар алданады жалғанға?

Неге базар дүниенің құны жоқ?
Неге мысқа ауыстырам күмісті?
Неге жандай елегзимін дымы жоқ?
Неге ойдан қаша берем жымысқы?

Неге уақыт су секілді ағады?
Неге жердің жыртылады жағасы?
Неге уайым есігімді қағады?
Неге көздің шүпілдейді шарасы?
Сан сауалға жауап таппай қарашы,
Санамның да, сарғайғаны – ау шамасы!

***
Сергелдеңде тұрсам да сынай қарап,
Сезімімді сүйеді күн аймалап.
Ессіз күйдің елесін естелік қып,
Ессіз басым бақыттан шыр айналад…

Мендік сырды ұққандай мұңсыз дала.
Қылығыма қарайды бір сыздана.
Сағынышым секілді сар самал жел,
Маңдайымнан сипайды үнсіз ғана.

Өкінішім кетсе де өзімнен көп,
Түйіседі тіршілік төзіммен дөп.
Қара түннен қиылған Айдың нұры,
Қысылмастан сүйеді көзімнен кеп.

Үлбір үміт, үн сезіп жүрегімнен,
Бау-бақшаға сүйрейді гүл егілген.
Сымбатыма сыр тартып терек, талдар,
Ұстағысы келгендей білегімнен.

Бұлбұл дала секілді аңсар әнім,
Таңғы нұрға малынып тамсанамын.
Жайлауына шақырып жасыл белдер,
Тау – бұлақтың ұсынады бал- шарабын.

Жанарымды арбаған жасыл белім,
Қарағайлар қиғандай қасын- керім.
Қырқаларда құлпырған қызғалдақ гүл,
Мойныма себеді әтірлерін.

Толқын ойлар көңілді тасыттырып,
Арманыма сүйрейді асықтырып.
Ғажайып сый секілді ғазиз далам,
Мені өзіне барады-ау ғашық қылып!..

***
Бұлдыр бұлдыр күндердің,
Бұралаңын өткердім,
Ауырсынбай азабын,
Қанжығама бөктердім.
Бірде қинап сәтсіздік,
Бірде сынды көп – көрдім.
Қызыл жалын ішінен,
Қол күйдірер шоқ тердім.

Талай, талай тағдырда,
Төзімімді тауыстым.
Қырсыз күнге өкпелеп,
Қара түнмен қауыштым.
Бірде басып уайым,
Бірде қашып жан – ұшқын,
Қайғы шерден қамығып,
Қасіреттен қан іштім.

Алба –жұлба албасты,
Арсыз мұңмен тірестім.
Сақ-сақ күлген сайтанмен,
Сау қалғанша күрестім.
Бірде сенім жоғалып,
Бірде сеңдей сірестім.
Жанталаста жүрсем де,
Жүрегімнен жыр естім.

Алай – дүлей дауылға,
Қарсы жүрдім, қырсығып.
Алға қарай талпындым,
Бір сүрініп, бір тұрып.
Бірде мұңға тұншығып,
Бірде арманға ұмсынып,
Жүрген кезде алдымнан,
Күлімдеді күн шығып.

Көк жүзінен таралған,
Айналайын жарық күн.
Сенің шуақ нұрыңа,
Қанша уақыт зарықтым.
Бірде жанды күйдірдің,
Бірде өзім жабықтым,
Мейріміңнен нәр алсын.
Мауқын басшы ғаріптің…
Шұғылалы жарық күн,
Зарықтым –ау, зарықтым!!!

***
Аштым келіп үміттің көк пердесін,
Көңілді күй күмбірлеп көкке өрлесін.
Жарамсақтан жаным шын ада болып,
Қуаныштан кеудемді от кернесін.

Найзағайдай шындық үн шатырласын,
Тұяқ тепкен даладай тасырласын.
Сіркіресін сезімнің жау жаңбыры,
Жарқырасын, жаным мұң жасырмасын.

Қара аспаннан кеудеме ай құласын,
Сағыныштан сарқырап сай жыласын.
Күркіресін көңілім жыр тілесін,
Адалдықтан ар намыс айнымасын.

Дүркіресін дәуренім тоқтамасын,
Отты жырым жауына оқ қадасын.
Марғау иттей басыңды көтере алмай,
Беу, дүние- ай, сен жансыз боп барасың….

***
Кеткендей ісім тым артық,
Елдер жүр маған кінә артып.
Жазықсыз жаным жабықты,
Мардымсыз ойдан мұң аршып.

Жылусыз күндер тоңдырды,
Жауқазын гүлдей солдырды.
Сергелдең дейтін серігім,
Қараша үйге қондырды.

Бір істен кеміп бір ісім,
Ұқпадым дұрыс, бұрысын…
Там – тұмдап төккен ырысын,
Тәлейсіз ғұмыр құрысын…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.