ЖЕЛДЕН ЖҮЙРІК ЖЕЛАЯҚТАРЫМЫЗ ҚАЙДА?

 немесе артта қалудың жеті себебі

 

Нұрлан ҚҰМАР

Шахматтан спорт шеберлігіне кандидат, жеңіл атлетикадан өткен қалалық бірнеше жарыстардың жүлдегері

Спортта жүлде жиынтығы ең көп саналатын жеңіл атлетиканы «спорт падишасы» деп бекер айтпаса керек. Дүбірлі доданың өзінде дарынды желаяқтар алтынды қос-қостан өңгеріп әкетіп жатады. Әлем біріншіліктерінде де солай. Бас-аяғы 48 алтын медаль (барлығы 145 жүлде) үлестіріледі.
Аз ба, көп пе?! Әрине көп. Өйткені жеңіл атлетика ең көп жүлделерді сарапқа салады. Мәселен, жүзу спорты бойынша әрі кетсе 42 алтын жүлде ғана белгіленеді. Сондықтан спорты жақсы дамыған АҚШ, Ресей, Қытай сынды алпауыт мемлекеттер ең алдымен жеңіл атлетикаға ерекше мән беруі жайдан-жай емес. Тарихқа үңілейікші. Қазақтың қайсар ұлы Ғұсман Қосанов Леонид Бартенов, Юрий Коновалов, Эдвин Озолинмен бірге Рим Олимпиадасында 4×100 метрге эстафеталық жүгіру сайысында күміс жүлдеге қол жеткізді. Ең алғашқы Олимпиада жүлдесі де қазақ баласына жеңіл атлетикадан бұйырыпты. Одан бөлек, КСРО чемпионатының 4×100 метрлік эстафеташылар жарысының жеңімпазы (Киев, 1960), 100 метрге жүгіруден КСРО чемпионатының күміс жүлдегері (Днепропетровск, 1966). Әмин Тұяқовтың да қысқа спринттік қашықтықтағы жетістіктері бір төбе. Ә.Тұяқовқа 1963-1967 жылдар аралығында 200 метрге жүгіруден тең келер қарсылас табылмайтын.
Бүгінгі күні Ғ.Қосанов, Ә.Тұяқов салған сара жолды өзіміздің қаракөздер емес, өзге ұлт өкілдері жалғастырып жүргені ащы да болса шындық. Оларға тағар кінәміз жоқ. Туды жоғары ұстап, Әнұранды әуелетіп жүрсе, кімге болса да құшағымыз кең. Тәуелсіздікке қолымыз жеткеннен бері желаяқтарымыз Олимпиада ойындарынан екі алтын, бір қоланы олжалады. Әлем чемпионаттарынан бұйырған екі күміс, үш қола жүлдемізбен (Ольга Шишигина – 1995, 2001 жылдары, Дмитрий Карпов – 2003, 2007, Ольга Рыпакова – 2011, 2017 жылдары) алпыс төртінші орынға тұрақтадық. Азия ойындарында да беделіміз биік, еңсеміз тік. Ерлердің де, әйелдеріміздің де жиып-терген жүлделеріне ішіңіз жылып сала береді. Ерлер сайысында жүлде алған жиырма төрт елдің арасында алтыншы орында тұрмыз. Ал аруларымыз 10 алтын, 9 күміс, 13 қола жүлдемен үздік үшінші орынға нықтап орныққан. Алпауыт Қытай екі сында да бәрін басып озған. Ол түсінікті де. Олимпиада ойындарында қытай спортшылары алты алтынның иесі.
Қазіргі күні көптеген аудан-ауылдарда ат жарыс, көкпар, қазақ күресі, теңге ілу, қыз қуу сияқты спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып жүр. Ұлттық спортымызды ұлықтаған, әрине, дұрыс. Оған қарсылығымыз жоқ. Дегенмен, әрбір аудан-ауылдың, облыстың спорт басшылары Олимпиада бағдарламасына кірген спорт түрлерін де дамытуға күш салулары керек. Қазір көптеген ауылдарда спорт мектептері тапшы. Солардың ішінен спортқа бейімі бар жастарды іріктеп алып, облыс орталықтарына әкеліп, оларды тегін тамақтандырып, жататын орынмен қамтамасыз етсек, қаншама ауыл балалары үлкен спортқа қадам басар еді. Мәселен, жеңіл атлетика спортын алып қарайықшы. Жеңіл атлетикада тек қана жүгіру емес, ядро серпу, найза мен балға лақтыру сияқты спорт түрлері жетіп артылады. Ауыл баласы найза немесе ядро лақтыруға шебер келеді. Кішкентайынан бір-бірімен тас атысып ойнап өскен балалардың ішінде салмағы жеті келіден сәл ғана асатын болат шарды жиырма метрдің ар жақ бер жағына «атып жіберетін» ауыл баласы жоқ дегенге ешкім сене қоймас. Ауылда таңның атысы, күннің батысы қара жұмыс істеп, шымыр боп өскен балаға әлгі ядроның немесе найза лақтырудың техникалық әдіс-тәсілін үйретіп жіберсең болды емес пе?! Онсыз да, күші бойына сыймай тұрған ауыл баласы мұндай спорт түріне лезде бейімделіп кетеді. Бұл спорт түрін ауылда дамыту да онша қымбатқа түспейді. Бір ауылға екі ядро мен екі найза жетіп жатыр. Ең бастысы, осы спорттың тәсілін жетік білетін маман болса болғаны. Ертеңгі күні Олимпиада ойындарында еліміздің спортшылары ядро мен найза лақтырудан одан қалса балға лақтырудан чемпион атанып жатса, бұл дегеніміз елімізге мәртебе емес пе?! Әлемдік спорт тарихын ақтарар болсақ, найза лақтырудан, ядро серпуден қазақ жастарына үлгі-өнеге болатын көптеген спортшыларды мысалға алуға болады.
Жеңіл атлеттердің жүлдені қос-қостан алуға мүмкіндігі бар. Қазақстан спортшыларының жеңісі негізінен үш қарғып секіру, қысқа қашықтыққа кедергілер арқылу жүгіру, ұзындыққа, биіктікке секіру, ядро серпу, онсайыс, спорттық жүріс түрлерінен екенін бағамдайсыз.
Қазақтың қайратты ұлдары тек жекпе-жек өнеріне ғана бейім емес еді. Өткен ғасырда қазақтың асыл аналары заулағанда жүгірген аң, ұшқан құстан озатын желаяқтарды тудырыпты-ау. Ғ.Қосанов, Ә.Тұяқов, С.Исамбаев, Ә.Байтықов, Е.Жамбылов, Б.Күреңкеев… Санамалай берсек, шыға береді.
Десек те, қазіргі таңда жеңіл атлетика қарыштап дамып кеткен. Бұрынғы Ғ.Қосанов пен Ә.Тұяқовтың көрсеткіштерімен қазіргі кезде жеңіл атлетиканың әлем біріншілігі немесе олимпиада ойындарында жүлдеге ілігуіңіз екіталай. Тіпті бұндай нәтижемен финалдық кезеңге де өтуге болмайды. Осыдан барып, тәуелсіздік алғаннан кейін заман талабына ілесіп, жүйріктерімізді неге шығара алмадық деген орынды сұрақ туындайтыны ақиқат.
Қазіргі таңда қазақ жастарының жеңіл атлетикаға аз да болса тартылғаны қуантады. Алайда алыс қашықтыққа, яғни марафонға ден салып жүрген қаракөз жастарымыздың да шеберлігі жетіспейді. Мәселен, талдықорғандық Гүлжанат Жанатбек ел біріншілігінде атойлап жүргені болмаса, халықаралық жарыстарда жүлде тұрмақ алғашқы ондыққа да іліге алмай жүр. Алматы қаласының тумасы Алмат Имашев болса марафон қашықтығында да керемет нәтиже көрсетіп жүр деуге болмайды. Ал осы қаракөздеріміз тек алыс қашықтыққа ғана емес, қысқа немесе орташа қашықтықта бағын неге сынамасқа?! Ал алыс қашықтықтардың біріне жататын 5 немесе 10 шақырым бойынша жүгіретін стайерлердің орны мүлдем босап тұр. Сонымен, қазақ жастарының жеңіл атлетикаға қырын қарауына байланысты көптеген себептерге үңілейік. Біріншіден, қазақ қонақжай халық. Көп уақытын досын, туысқандарын күтуге өткізеді. Бос отырыс, басқосудың барлығы да қазақ халқына ғана тән болып жүр. Ал кез келген спорт үнемі тер төгуді қажет етеді. Екіншіден, пси-хологиямыздың да әсері болып тұр. Көптеген ата-аналар баласының күрес, бокс, жекпе-жекпен айналысқанын қалайды. Жеңіл атлетика деген спортқа менсінбей қарайтындардың қарасы көбейді. Мәселен, көптеген қаракөздеріміз «Жүгіру оңай спорт, алдымен басқа спортта бағымды сынайын. Болмаса түбінде жүгірермін» деп санайды. Алайда «спорт падишасы» болып саналатын жеңіл атлетика сырт көзге оңай болып көрінгенімен, өте қиын спорт екенін көпшілік біле білмейді. Мәселен, талантты боксшы 2-3 жылдың ішінде спорт шебері атанары белгілі. Ал дарынды желаяқ спорт шеберлігіне жету үшін бірнеше жыл бойы еңбектенуі қажет. Жеңіл атлетика бүкіл спорттың бастауы десек, бұған менсінбей қараған адам басқа спорттан да мақұрым қалары анық. Үшіншіден, қазіргі қазақ жастары тер төгіп еңбек еткілері жоқ. Жалқау болып бара жатқанын жасыра алмаймыз. Үйде айфон, ұялы телефон, гаджет, ноутбук, компьютердегі интернетке кіріп, ән тыңдап, видео-роликтерді айналдырып көруді жөн санайды. Төртіншіден, қазір жастар дұрыс тамақтанбайды. Ұлттық сусынымыз қымыз, шұбат, айран ішудің орнына шетелдің тез әзірленетін тамағына жеткіншектеріміз әуес болып алған. Ал кезінде қымыз ішкен ата-бабаларымыз жүйрік болғанын естен шығаруға болмас. Бесіншіден, қазір жастар машина айдауды сәнге айналдырған. Жаяу жүруге қырын қарайды. Жүру бүкіл спорттың бастауы десек, жаяу жүруді ұнатпаған адам басқа спортқа да қызықпайды. Ал қазақтардың арасында спорттық жүрістен әлемдік дәрежеге сай спорт шебері қашан болары белгісіз?! Алтыншыдан, жеңіл атлетикада қазаққа жаны ашитын бапкерлер қат болып тұр. Рас, салыстырмалы түрде қарасақ, қазағы аз спорт түрлерінде қазақ мамандары жоққа тән. Тіпті кейбір спорт түрлерінде ұлты қазақ жаттықтырушылар жоқ. Сондықтан болар, жастар бокс, күрес, футбол секілді спорт түрлеріне кетіп, жеңіл атлетикаға келмейді. Себебі неде? Өйткені бұл салаларда қазақ бапкерлері аз. Өзге ұлттың бапкерлері көбіне өз ұлтының ұланын ғана тартады. Қазақ жасының бетін қақпаса да, қолынан ұстап, жөнін айтып жетелемейді. Сондықтан қазағы аз спорт түрлеріне қазақ мамандарын көбірек тартқанымыз абзал. Жетіншіден, сауатсыздық қол байлап тұрғаны ақиқат. Көп адам жеңіл атлетика жүгіру, биіктікке секіру, лақтыру, кедергілермен жүгіру, жүру сынды түрлерінен тұратындығынан хабарсыз болып келеді. Әлеуметтік жағдай да өзінің кесірін тигізуде. Көптеген қазақ жастарының қалтасы жұқа болғандықтан, жеңіл атлетикаға жақындай алмай жүргені анық. Алайда жүгірсем болды, спортшы болып шығамын деп алқынып жүгірген қарадомалақтарды да кездестіруге болады. Десе де, әртүрлі қашықтықта әрқилы тәсілмен жүгіру керектігін біле білмейді. Бұдан басқа бұл спортқа қажетті аяқкиім алуға қаржылары жетпей жүрген жасөспірімдер қаншама десеңізші!?
Қалай дегенде де, қазақ жастарына ойланатын кез жетті. Тек қана бокс, күрес, жекпе-жекпен айналыса бермей, жеңіл атлетиканың әртүрлі түрлері бойынша жастарды тарту ауадай қажет болып тұр. Мәселен, ұзын бойлы әрі денелі келгендерді қысқа қашықтыққа, аласа бойлыларды алыс қашықтыққа, күші тасып жүрген ауыл балаларын найза, ядро, балға лақтыруға үйрету қажет-ақ. Ең бастысы бәрі де өз қолымызда екенін ұмытпайық, ағайын!
Көз алдыма Ғұсман мен Әмин көкелерім көлеңдей береді. Олар аманат айтып тұрғандай…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.