Өлеңім, сенен өзге сая таппай, Өзіңе айналып кеп тұрақтадым

Айгүл ЖҰМАДІЛ

1975 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін тәмамдаған. Алматы қаласында ұстаздық қызмет атқарады.

 

СЕН МЕНІ БІЛМЕЙСІҢ ҒОЙ

Сен мені білмейсің ғой,
Сондықтан тілдемегін, күндемегін,
Жанымда жүрген жоқсың күнде менің.
Өз қайығым қайраңда қалса дағы,
көңілімді көмкеріп өлеңіммен,
желкенін көтеремін жүз кеменің.

Қайтесің,
Күнә артып мойыныңа даттамағын,
Тәңірімнің алдында аппақ арым.
Жан дауасын іздеген пенделердің,
тамырына қан құйып қыздыратын,
дәруіш қызметін атқарамын.

Қызғанба да, қызықпа,
Жүрегіме ауыр жүк көтергенім,
Қанша ғұмыр, қай маңға жетер демім?!
Бүркеніп өз көрпемді бүк түсіп ап,
қара бастың ойласам қара қамын,
өтелмей өкінішім өтер менің.
Білгің келсе,
Көгершін боп арманды ұшырамын,
Немқұрайды өте алман тұсынан мұң.
Өзім жайлы айтылған жағымсыздау
әңгімені жақұт қып жалтыратып,
қайтадан өзіңе әкеп ұсынамын.
Мен сондаймын…

МЕН ЖАЙЛЫ БІЛГІҢ
КЕЛСЕ

Мен жайлы білгің келсе
Дархан кең даламнан сұра,
табаным шиырлаған.
Осынша кеңдігін қайтем,
тоқымдай бұйырмаған.
Айдын көл, теңізден сұра,
толқыны сабалаған.
Мұңымды тыңдай ма деп,
үмітпен жағалағам.
Асқар шың таулардан сұра,
асуын алдырар ма екен?
Арманым айқаймен айтқан,
қайта жаңғырар ма екен?
Көктегі жұлдыздан сұра,
көзімнен жасты санаған.
Самал жел салқыннан сұра,
жұбатып шашты тараған.
Таңғы шық мөлдірден сұра,
бала шақ табаным тиген.
Көктегі зеңгірден сұра
таңырқап басымды игем.
Сылдыр көк бұлақтан сұра,
күлкімді естіген сыңғыр
Балалық- құрақтан сұра,
өткізген елестей бұлдыр.
Күзгі бақ, жауыннан сұра,
ақ үміт қыс барар ма екен?
Сырғыған сағымнан сұра,
Әй, бірақ, ұсталар ма екен?
Айтулы іс бітіріп,
Мақтану бұйырмаған.
Сіздерге өзім жайлы
Айтуым қиын маған.

ӨРТЕНІП ІШІМ БАРАДЫ

Мақсатсыз кезіп әлемді,
Мағынасыз өмір сүргенім.
Бұл ғалам неткен тар еді,
Жүрегім сыймай жүр менің.

Көзімді тұман тұмшалап,
Сара жол алдан ашылмай.
Сын сағат күтіп тұр санап
Аптыққан демім басылмай.

Елеңдеумен жүремін,
Бір ісім бітпей қалғандай.
Өтпесін деп тіледім
Үміттің жібі жалғанбай.

Жат болдым бәлкім кімдерге,
Айырмай ақты, қараны?
Белгі жоқ өткен күндерге
Өртеніп ішім барады.

БАҚЫТ, БАЙЛЫҚ,
МАХАББАТ

Бақыт іздеп жүрсің бе?
Балаға бар-
Адамзаттың пәктігі паналаған.
Балалықтың әр сәті, әр минуты
Өміріңнің құнымен бағаланар.

Махаббат па керегі?
Жүрегінде-
Анаңның, ақ батасы – тірегім дер.
Әлдиімен мәңгілік таусылмайтын
Саған деген ғашықтық жыры егілген.

Байлық па еді, жарығым,
іздегенің?
Табасың таусылмағын, үзбе демің.
Сарқылмайтын қазына – ауыл маған,
Қарттарыма сондықтан жүз келемін.

Жету үшін ертеңге – сенім, төзім
Керек екен адамға жылы сөзің.
Білмейсің-ау, ал мүмкін біреулерге
Бақыт, байлық, махаббат – сенің өзің.

ӨЛЕҢДІ ЖАЗУ КЕРЕК

Өлеңді жазу керек
Сезімге беріліп тұрып,
Өмірдің адырнасында
Жебедей керіліп тұрып.
Шоғындай сексеуілдің,
Жалындап, қарып тұрып.
Түрленген текеметтей,
Бояуын қанық қылып.
Жаманды жабықтырып,
Жақсыны қарық қылып.
Батырдың қанжарындай,
Қайраққа жанып тұрып.
Тау суы-ат құлатқан
Ағысы тоқтағандай.
Атасын қара өлеңнің
Соңғы рет жоқтағандай.
Өлеңің шықсын дәнектей,
Жүректі жарып тұрып.
Әр сөзің болсын, ақыным,
Бұлақтай лағыл, тұнық!
Оқырман оқитындай
Көзден жас ағып тұрып,
Ұстауға бағыт қылып.
Шамшырақ жағып қырық,
Әлемді жарық қылып.
Жүректі елжіретіп,
Жанарды мөлдіретіп.
Сенімді желбіретіп,
Сезікті селдіретіп.
Сенгендей хақ Тағалам,
Бір сәттік шақтай ғалам.
Ал өзім өлең жазғанда-
Өзімді таппай қалам!!!
Өзімді таппай қалам.

АУЫЛҒА КЕЛСЕМ…

Ауылға келсем, əкемнің иісі қарсы алып,
Тұрады мүңкіп жаныма беріп жан сауық.
Жусаны, қияқ, аршасы, құрақ-көк майса
Жұпарын тағы жұтамын талмап,
тамсанып.

Ауылға келсем, қаламын жайнап,
жайраңдап,
Жұмағым осы, қайтемін құрысын
«айды» аңсап.
Бұлбұлдай ұшқан бір-бір əн салып
бағымда,
Бала күндерім қайырылмай кеткен
қайран шақ.

Ауылға келсем, арманға қолым
жеткендей,
Жұлқынған жастық бұлқынып
көзден өткендей.
Қол бұлғап қайта шақырғым
келіп тұрады,
Жүгіріп шығып жауқазын терген
көк белге.

Ауылға келсем, елжіреп еті жүректің,
Балқытып бойды баурайды жайлап
бір екпін.
Дертіне дем сап, жүрегін емдеп,
бой жазып,
Марқайып қайтсын жүрген де болса
жүдеп кім.
СҰЛУЛЫҚ

Іштегі сақталған сыр сұлу,
Көктемгі құлпырған қыр сұлу,
Ойы бар, орамды, жыр сұлу,
Бір сұлу-қызару, қымсыну.

Аналар әлемде тамаша,
Қарттарым қуанса балаша.
Сұлулық емес пе сәлемі
Жеңгенің жаулығы жараса.

Қуаныш сыйласа, таң сұлу,
Жаныңды баураса, ән сұлу,
Көрікті мың адам ішінде
Жүректе орны бар жан сұлу.

Түнде де сұлулық тұнып тұр,
Ай-жұлдыз жымыңдап күліп бір.
Сұлулық үзіліп қалмасын,
Таңғы нұр сәулеге іліктір.

Сабырға жеңдіру ашуды,
Ақ пейіл жібектей шашулы,
Жұмыла бірге алу асуды-
Сұлулық төресі, бас үлгі.

Сүрінсе, сүйеген шынтақтан,
Сәбидің өсуі құндақтан,
Ақымақ атағын қылмақ таң.
Елге ортақ іс қылу-шын мақтан.
Үзілген тамшыдай мұң сұлу,
Жанашыр айтылған сын сұлу.
Әсемдік әлемде тұнып тұр
Сұлуды сезіну – шын сұлу!

ШЫДАМ

Құз басында қанатым жайсам, жар,ә,
Шыда жаным, тағы да сәл-сәл ғана.
Құласам да қақым жоқ түңілуге,
Перзентімін тұран ел, қайсар дала.

Шайып өткен көңілім-бұйрат ағын,
Дәметпеймін сүбелі сый қатарын.
«Айналайын» адамды босатады,
Қаталдық қой жаныңды ширататын.

Қиындықта сыналар шын ар дер ем,
Ерік, жігер өлшемі-шыдам деген.
Өмір, мені қайрай түс шарығыңа,
Шексіздікке бір күні шығар кемем.

САБЫР

Адымың кері кетсе,
Нала, мұң желіп өтсе,
Шыдамдай қара нардың
Шыдамай белі кетсе,
Сабырға жүгін.

Еңбегің бағаланбаса,
Жоқтық, жұт жағадан алса,
Жігерің жерісе сенен,
Төзім-ат тағаланбаса,
Сабырға жүгін.

Достарың көлеңке бұқса,
Сатқындық қанжарын сұқса,
Алқымдап ашу-арыстан
Ақырып алдыңнан шықса,
Сабырға жүгін.
Тұсауың кесілмесе,
Ескегің есілмесе,
Күншілдер аяқтан шалып,
Күрмеуің шешілмесе,
Сабырға жүгін,
Аллаға сиын!

ӨМІР – ҒАЖАП

Өмір-ғажап, өмір сүру-ғаламат,
Әлем-сұлу, адам-таза, ғалам-ақ!
Ей, адамзат, жақсылыққа тағзым ет,
Бір-біріңе тілеп саулық, саламат.

Отбасыңның амандығы бір бақыт,
Достарың ше келетұғын түн қатып.
Уа, жамағат, тәңіріңе тәубе қыл,
Қуаныштан қойған сені жырлатып!

Нәрестенің шат күлкісі, былдыры,
Сайраған құс, бұлақ судың сылдыры.
Естіп тұрсың кереметін әлемнің,
Одан артық таба алмассың құндыны!

Көріп тұрсың сұлу дала, тау көркін,
Аман- жаулық, бүтін-бауыр, сау-бөркің!
Қуанышпен қабыл алғын Өмірді,
Тұнжырамай, тұманды ойдан сәл серпіл!

Күн шықты әне, шаттық нарқын ұқтырып,
Бақыт, байлық, берекесін құтты ғып.
Қарсы аламын әрбір атқан ақ таңды,
Құшақ жайып, табанымнан тік тұрып!
ЕШТЕҢЕ КЕРЕК ЕМЕС

Ештеңе қызық емес, жалған бəрі,
Көңілім ештеңеге таң қалмады.
Япыр-ау, өмір неткен сүйкімсіз ед
Сұрықсыз, сиқы кетіп қалған-дағы.

«Неге?» деп қоймай-ақ қой сұрақ маған,
Сезінбесең несіне сыр ақтарам?
Əйтеуір бір білерім, қармансам да
Шалынбай не сүрінбей құлап барам.

Өзімді өтірікпен жұбатпадым,
Есіркеп, келмеді ешкім сұрап қалім.
Өлеңім, сенен өзге сая таппай,
Өзіңе айналып кеп тұрақтадым.

Мендегі бөтен əлем, бөлек елес,
Қисынсыздау ойлар да келер егеш.
Десем де жаным жалқы, жабырқау жүз,
Ешкім де, ештеңе де керек емес.
ӨМІР СҮРУГЕ АСЫҚПЫН

Кеудеңде, қалқам, жаға алмасаң
жұғымды от,
Досыңа да, дұшпаныңа да құның жоқ.
Сусыған уақыт кетпесін текке
шығын боп,
Кешеден қашық, ертеңнен жақын
күнің жоқ.

Тәуекел шешім тұлдыр арманды тұр
ықтап,
Қалар ма-ай жетім тұрса да торып
қырық бақ.
Өмірдің заңы өзіңді кепілге алатын,
қашқаныңмен де қас қағым сәтте
құрықтап.

Жасқанба жоққа, мастанба барға
тасып тым,
Дәл осы күннің қымбат-ау құны, жас,
ұққын.
Өрекпіп көңіл өртеніп жүрсем сөкпеңдер,
Өмір сүруге, өмір сүруге асықпын!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

8 Пікір

  1. Мырзабай Оразымбетов дауыс

    Керемет.ОқыдықСусындадық.

  2. Əділ Жарасбаев дауыс

    Мына кісіні ақын деуге келмес.Жəй ғана желі де отырып жас жігіттерді айналдырып,жақсы пікір жинаушы ғана деп есептеймін өз басым.Ұстаз деп атайды тағы өзін.

  3. Əділ Жарасбаев дауыс

    Мен Айгүл Жұмаділ туралы айттым.Ұстаз болсаңыз,балаға тəрбие беріңіз.

    1. Anonymous дауыс

      Сіз сол кісінің деңгейіне жетіп алыңыз. Оңбаған неме.

      1. Anonymous дауыс

        Сіз сол кісінің деңгейіне жетіп алыңыз. Оңбаған неме. Ə. Жараспаевқа айтып отырмын.

  4. Азамат Исмайлов дауыс

    Керемет өлеңдеріңіз. Мəн мағынасы бар. Айгүл Жұмаділдей ақындарымыз көбейе берсін. Жарайсыз алға.

  5. Гүлнар Сембекқызы дауыс

    Бəрі жақсы. Мен мына Айгүл Жұмаділ деген кісіні таныймын. Желіде өлеңдерін оқып жүрмін. Өте тамаша керемет, жазады. Қаламыңыз қарымды болсын. Еңбегіңіздің жемісін көріңіз. Сізге сəттілік.

  6. Дана Амантай дауыс

    Айгүл Жұмаділ апайыма Алла денсаулық берсін. Өлеңдері өте жақсы мағыналы. Əлі алда жазарыңыз көп болсын. Барлық ақындарғада тілейтінім денсаулық, шаршамаңыздар жырларыңызды жырлай беріңіздер демекпін.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.