ЕРНАРЫН

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ

Публицистика жанрын-да қалам тербеп жүрген жастардың бірі. Республика-лық жыр мүшәйраларының, шығармашылық және журналистика саласындағы байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Балалар мен жасөспірімдерге арналған ақпарат құралдарының «Жас Қаламгер» Халықаралық фестивалінің Гран-при иегері.

 

… Күні кеше ғана сияқты еді. Уақыт дегенді қойсаңызшы, желден де жүйрік екен ғой өзі! Енді келмеске кеткен сол бір күндерді бүгінде сағынышқа толы ыстық сезіммен еске алып отырмын.
Мен бұл жоғарғы оқу орнына сырттан келген «сырттанмын». Жасым да үлкендеу. Әуелі елордамыздағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде, кейіннен әскери салада оқыған менің маңдайыма түптің түбінде осы оқу орнын тәмамдауды жазыпты. Ойда-жоқта көлік қағып кетіп, соның кесірінен әскери салада еңбек етуімізге денсаулығымыз да, дипломымыз да жарамсыз болып шықты. Екі жыл бойы төсекке таңылғаннан кейін Еуразия Ұлттық университетінде бастаған мамандығымызды жалғастырып, аяқтауға «Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған ардақты ақын, белгілі қоғам қайраткері, туған анамдай болған Ақұштап Бақтыгереева апамыз көмек қолын созған. Осы Ақұштап апамның себепкер болуымен Орал қаласына келгенмін. Ақиқатында, бұл – апамның алғашқы көмегі, қолдауы емес. Сондықтан, мен Ақұштап апама барлық жағынан қарыздар адаммын.
Ернарынмен осы Орал қаласында табыстық. Онымен алғашқы танысуымыздың өзі қызық болған. Мен келіп қосылған топта менімен аттас тағы бір Нұрсұлтан болатын. Тегі – Қалдыбай. Сол ақтөбелік аттасым бірде өзінің туған күніне шақырды. Мен ол кезде қорғайтын еңбегімді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде тәжірибеден өткізіп жүргенмін. Белгіленген күні туған күнге келдім. Ернарынды бұрын-соңды университет қабырғасында көріп жүрсем де, онымен алғашқы рет сол күні тілдестім. Бірінші дастарқан аяқталып, бәрі биге тұрғанда, бір топ студент жаныма келіп отырды. Амандық-саулықтан соң солардың арасындағы Ернарын:
– Нешінші жылғысың? – деп сұрады.
– Пәленінші жылғымын, – деп жауап бердім. Ол ойланып жатпастан:
– Қарт екенсің ғой, – деді. Мен мына сөзді естігенде сол мезетте ұрттаған шәйіме қақалып қала жаздадым. Ересектеу екендігім рас. Бірақ, «қарт екенсің ғой» деп, сексендегі шалға теңеп, әрі апарып тастаудың қажеті жоқ еді. «Жасың үлкен екен ғой» деп айтса да жетіп жатыр емес пе?» деп іштей өкпеледім бейтаныс жігітке. Сосын бетіне бажырая бір қарадым да, сыпайылық сақтап үнсіз отыра бердім. Кейін білдім, «жасың үлкен екен» дегенді батыста «қарт екенсің ғой» деп айтады екен. Жергілікті жердің тілдік ерекшелігі солай. Былайша айтқанда, диалекті. Өмір деген қызық қой, сол кезде осы сөзі үшін жек көре қараған адамымның кейіннен менің өмірлік жан досыма айналатынын мен ол кезде білген де жоқпын. Тағдырдың тосын сыйы таусылған ба, сірә?!
Университет қабырғасынан Ернарынды күнде көріп жүрсем де, осы оқиғадан кейін онымен тілдесе қойғаным жоқ. Бірақ, сыртынан бәрін байқап жүрмін: өзінің қатарластарынан оқ бойы озық, артық қимылы жоқ, сөзі де, өзі де ерекше студент. Оқытушыларға жағымпаздануды мүлдем білмейді. Бұқпантайламай бетке айтатын турашылдығы тағы бар. Бейтаныс жігіттің қолынан келген көмегін аямайтын көпшілдігі де бар екен. Оны мен мамыр айының соңындағы мемлекеттік емтихан кезінде байқадым. Ернарынның тобы бізге параллель топта оқитын болғандықтан, мемлекеттік емтиханды біздің алдымызда тапсырып шыққан. Сол күні Ернарынның бізге көп көмегі тиді. Шындығын айтқанда, Ернарын қол ұшын созбаса, бәріміз анау-мынау емес, мемлекеттік емтиханнан құлап шығатын едік. Ернарымен жақынырақ араласуымыз, міне, осыдан кейін басталды. Оның осы көмегіне рақмет айтуды парыз санап, емтиханнан кейін іздегенмін. Бірақ, жұмыста болып шықты. Сөйтсек, оқудан бөлек қосымша жұмыс жасайды екен. Ата-анасына салмақ салмау үшін. Телефонмен тілдесіп едік, кешірек босайтындығын жеткізді. Сол күні кешке сыртынан жақсы танитын, алғашқы рет тілдескенде «қарттығымды» бетіме басқаны үшін жек көре қараған адамым уәдесінде тұрып, қарсы алдымда отырды.
«Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» емес пе? Ернарынмен сол кеште тез тіл табысып кеттік. Өзі – әңгімешіл, қарапайым бала болып шықты. Бастысы – не айту керек екендігін біледі. Сондықтан болар, түрлі тақырыптағы әңгіменің тиегі ағытылып сала берді. Маған да қоятын сұрақтары көп-ақ екен. Сыртымнан біраз нәрсеге қанық екендігі көрініп тұр. Әсіресе, астаналық тұрғынның түу-у батыста неліктен «адасып» жүргендігі барлық студенттерді қызықтырады екен. Қайдан, қалай, не үшін келгенімді – барлық шындықты жасырмай жайып салдым.
– Мені көп адам мақтамайды, өзім оңбаған адаммын, – дедім әңгіме арасында оның маған қарата қойған сұрағына жауап беріп.
– Иә, білемін, оңбаған адамсың, – деді ол көп бөгелместен, – Сен – жақсылық жасаудың оңбағанысың!
Мен сасып қалдым. «Иә, білемін, оңбаған адамсың» дегенде төбемнен суық су құйып жібергендей болып еді, артынша: «Сен – жақсылық жасаудың оңбағанысың!» деп жүрегімізді орнына түсірді. Осылайша ол сөз тауып кетті.
– Сенен жасым кіші болғанмен, мен де бірдеңе білетін шығармын. Сені көріп те, біліп те жүрмін. Өзің денсаулықтан жапа шегіп жүрсең де, кімге қалай көмектесіп жүргеніңді білемін. Әзірге жаман атыңды естігенім жоқ. Сондықтан, сені – жақсылық жасаудың «оңбағаны» деп қана білемін, – деді Ернарын сөзін жалғай түсіп.
Оның мына сөзіне ішім жылып қалды. Бөтен қалада кездескен бейтаныс жігіттің аузынан мұндай жылы сөздер естимін деп күтпеген едім. Әйтеуір, сол кеште менің көңілім көтеріңкі отырды. Мақтағанды кім жек көрсін?!
Екі-үш күннен кейін мен Атырауға, университеттегі тәжірибелік жұмысымды аяқтау үшін жол жүретін болдым. Ернарын шығарып салды. Оған дейін де хабарласып, қолымыз қалт еткенде әңгімелесіп жүргенбіз. Асыра мақтағанымыз емес, онымен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Кез келген тақырыпқа жүйрік, алдына жан салмайды. Жас болғанмен білімді. Әсіресе, тарихи әңгімелері қызықты.
Бақытыма орай, «рахатты» осы Ернарын бауырымыздан көрдім. Мен Атырауға кеткен бойда Оралда тез арада жасауға тиісті шаруаларым бірінен соң бірі жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтардай қаптап шығып жатты. Ғылыми еңбекті антиплагиаттан өткізу, ғылыми жетекшілерден пікір жинау, басқа да көптеген құжаттарды толтыру секілді уақыт күттірмейтін жұмыстар тұрды. Атыраудағы жұмысымды да тастап кете алмаймын. Екі оттың ортасында қалдым. Соны ойлап басым қатып отырғанда, Ернарын көмекке келді. – Ештеңеге алаңдамай Атыраудағы жұмыстарыңды бітіріп кел, мұндағы шаруаларыңды мен мойныма аламын. Сен келемін дегенше бәрін тындырып қоюға тырысамын, – деді бауырымыз. Сол сөзінде тұрды. Өзінің бүкіл жұмыстарын тастап, менің жұмыстарымды реттеді. Күннің ыстықтығына және аузының беріктігіне қарамай, он шақты күн қатарынан қажетті мекемелерді аралап, жүгіріп жүрді. Бір барғаннан біте қойса жақсы ғой. Кейбір керек адамдар орнында болмай шығады. Ертең кел, арғы күні, бірсігүні… Шынымды айтайын, бір адамның соңынан төрт күн бойы жүру – менің қолымнан келмейтін еді. Шыдамым жетпес еді. Ал, Ернарын бауырымыз болса, бәріне көніп жүрді. Оның шыдамдылығына, сабырлылығына, ұстамдылығына таңғалдым. «Достық әр жерде емес, тар жерде туады» деген рас екен. «Досыңның қандай екенін басыңа іс түскенде ғана білесің» деген аталы сөз, сірә, осындайда айтылса керек.
Арада біраз уақыт өткенде Атыраудағы жұмыстарым ойдағыдай аяқталып, Оралға кері оралдым. Ернарын күтіп алды да: – Нұреке, университеттің жатақханасына орналассаңшы. Сол дұрысырақ болар. Қазір жатақхананың тең жартысы бос, орын табылады. Мен жатқан 706-шы бөлмеден орын сұра. Екінші бөлме бос тұр, – деді. Маған салса, бұрын түсіп жүрген танысымның үйіне орналасқаным жақсырақ еді. Тамақ-шәйің, басқа да қажетті заттарың дайын дегендей. Бірақ, жаңадан тапқан досымыздың сөзін жерге тастай алмай, жатақханадан орын сұрадым. Жатақханаға орналасу үшін де біраз құжат дайындау керек екен. Ернарын жанына ертіп алып, жүгіріп жүріп бәрін дайындап берді. Сол күннің ертеңіне-ақ: «Мықтыбаев жатақханаға орналасыпты» деген әңгіме тез тарап кетті. Бұрыннан таныс студенттер көрген бойда: – Сен жатақхананың баласы емес едің ғой, Оралда дайын тұрған үйің бар емес пе еді? – деп сұрайтынды шығарды. Бәрінің бұл сұрағына күліп құтылатын болдым.
Атыраудан аман-есен келгенімді айтайын әрі сәлем беріп шығайын деп ертеңіне Ақұштап апама хабарластым. Ақ апа үйінде екен. Ернарынды ерте бардым. Жанымда адам барын алдын ала ескертпегенмін. Сосын бұрын-соңды Ақұштап апама достарымды таныстырып, ертіп бармаушы едім. Ернарын да ол кісімен жүзбе жүз таныс емес екен. Сондықтан болар, осы жолы аздап қобалжыдым.
– Бұл жігіттің аты – Ернарын, осы Оралдан тапқан досым, – дедім амандық-саулықтан соң Ақұштап апама. Апа жатырқаған жоқ, біз отырғаннан кейін «Қазір» деді де, ішкі бөлмеге кіріп кетті. Сәлден соң, қайта шықты да:
– Досыңа кітабымды сыйға тартайын, – деп қолындағы «Ана сыры» атты кітабының ішкі мұқабасына: «Ернарын балама ақ жол тілеп» деп қолтаңбасымен жазып берді. Маған «жазып жатқан еңбегіңе пайдасы тиер» деп, өзінің ертеректе жарық көрген «Дін және қазақ қызы», «Ақынның сөзі ұраннан кем емес» атты мақалаларының көшірмесін ұсынды.
– Апа, бұл бала сіздің «Ақ шағала» атты кітабыңызды алғысы келеді, – дедім әңгіме арасында. Ернарын қатты сасып қалды.
– Ә, солай ма? Үйде қалса, беремін ғой, – деді ақын апа байыппен. Біз кетерде аталмыш кітапты іздеп еді, табылмады. – Алматыдағы қызымның үйінде 2-3 данасы қалған. Жақында келетін немеремнен алдыртып берейін, – деді апамыз.
Сол күні Ақұштап апамның дастарқанының басында көптеген әңгіменің тиегі ағытылды. Біз үшін мәні де, мағынасы да, пайдасы да зор салиқалы сұхбат болды. Ақұштап апамыздың тағылымды әңгімелерінен көп нәрсеге көзіміз ашыла түсті. Арасында қостағанымыз болмаса, біз үнсіз тыңдаушы болдық. Осылайша, ақ апамыздың үйінен көкейімізге көп нәрсені түйіп, жақсы көңіл-күймен шықтық.
Кешке жатақханада Ернарын екеуміз Ақұштап апамен өткен сәттерді қайталап еске алдық. Ол кісінің айтқан әңгімелерін еске түсіріп, санамызда жаңғырттық. Апамыздың әңгімесі бауырымызға да қатты әсер еткен екен.
– Махамбет бабамыз туралы айтқан әңгімесін бұрын-соңды еш жерден естімеппін, – деймін мен.
– Мен де! – дейді ол, – Ақұштап апамыз неткен білімді, ұлтжанды кісі еді! Тұнып тұрған шежіре ғой өзі!
Мен келіскенімді білдіріп басымды изеймін.
– Нұрсұлтан, байқадың ба, Ақұштап апаның күлкісі керемет екен. Ол кісі күлгенде жанарынан нұр шашылып тұрады, – деді бір кезде Ернарын.
Ақұштап апаммен кездескен сайын мен де үнемі осыны байқайтынмын. Бірақ, бұл туралы ешкіммен ой бөлісіп көрген емеспін. Ернарынның мына сөзі сол ойымды бекіте түскендей еді. Әрі досымның байқампаздығына тәнті болдым.
– Ол кісі алғашқы кездескеннен-ақ кітабын сыйға тартады деп күтпеп едім. Маған тосын сый болды. Мені ертіп апарып, таныстырғаныңа үлкен рақмет, – деп ризашылығын білдірді досымыз, – Айтпақшы, апамыздың өлеңдерін оқиықшы. Менің оқығым келіп тұр.
– Оқысақ, оқиық.
Ернарын орнынан тұрды да, апа сыйға тартқан кітапты сөмкесінен алып шықты. Кітапты ерекше ілтипатпен қолына алып, алғашқы бетіндегі алғы сөзін дауыстап оқыды. Сосын одан кейінгі беттегі «Ана сыры» атты өлеңін ерекше ырғақпен оқып шықты.
– Келесі өлеңді сен оқышы, – деді де кітапты қолыма ұстатты, – Кезектесіп оқиық.
«Ана махаббаты» атты өлеңді оқып шықтым. Келесі өлеңді ол оқыды. Сөйтіп, «Ардақты ананың айтқаны», «Әжемнің әңгімесі», «Қайран шеше» болып жалғасып кете берді. Ол кітаптың 35-ші бетіндегі өзіне кезек бойынша келген «Таңдау» атты өлеңді дауыстап оқыды да, үнсіз ойға шомып кетті. Мен де оның ойын бұзбайын деген ниетпен үнсіз отыра бердім. Бір кезде кітаптан басын көтеріп, әлгі өлеңді тағы бір қайталап оқыды:
– Ақ сөйлеп, адал күлетіндермен,
Шындықты жақтап жүретіндермен,
Сыйластық сырын білетіндермен
Танысқым келеді менің.

Жаманға жағынбайтындармен,
Жоқтыққа тарылмайтындармен,
Арманнан арылмайтындармен,
Табысқым келеді менің.

Жанары мөлдірегендермен,
Жүрегі елжірегендермен,
Үмітке сендіре білгендермен
Достасқым келеді менің.
Мұң-қайғы жеңбейтіндермен,
Өсекке сенбейтіндермен,
Наданға ермейтіндермен –
Бас қосқым келеді менің.
– Қандай керемет өлең, мағынасы терең екен, – деп күбірлеген ол тағы да үнсіз қалды. Сәлден соң: «Енді сенің кезегің» дегендей кітапты қолыма ұстатты. Өлең оқу қайтадан жалғасты. Осылайша отырып, кітаптың соңына келгенімізді де байқамай қалыппыз. Кітаптың соңғы бетіндегі «Ескерткіш тіл қатады» атты өлеңді асықпай оқып шыққан соң, мен кітаптың бетін жауып, үстелдің үстіне қойдым. Ернарын кітапты қолына алды да, өзіне қатты әсер еткен өлеңді қайтадан оқи бастады: «Ақ сөйлеп, адал күлетіндермен, Шындықты жақтап жүретіндермен…».
Ол оқып болған соң, мен де кітапты алып, ақынның өзіме ерекше әсер қалдырған «Қысқы түн» атты өлеңін қайталап оқып шықтым. Әсіресе, өлеңнің соңғы шумақтары сезімге толы еді:
– Үлгертпей мені не деуге,
Сен қарды еппен қаққаның.
Сау ете қалды еденге
Иығыма қонған ақ қарым.

Бір жалын шарпып өткендей
Селк етіп шоршып түстім мен,
Қапыда сусып кеткендей
Ақ торғын көйлек үстімнен…
– Сезімге толы, бейнелі не деген мықты өлең! – деймін мен де таңданысымды жасыра алмай.
– Мықты, – деп қостайды Ернарын басын шайқап.
Ақын апа бұл кітабын кезінде маған да сыйға тартқан. Бас алмай түгел оқып шыққанмын. Бірақ, дәл сол кезде бүгінгі кештегідей әсерлене қойдым ба екен?
Сәлден соң әңгімеміз қайта жалғасты. Ақұштап апаның үйінде айтылған әңгімелерге қайтадан оралдық. Ол кісі қаузаған әңгімелерді санамызда тағы бір жаңғыртып, бағанағыдан да бетер тебірене түстік. Сосын тағы да өлең оқыдық. Ол – «Таңдауды» қайталайды, мен – «Қысқы түнді» оқимын. Осылай отырып таңның қалай атқанын білмей де қалыппыз. Сөйтіп, сол түні біз таңды ұйқысыз атырдық.
Осы оқиғадан кейін біз бұрынғыдан да жақын болып кеттік. Жатақханада бір бөлмедеміз. Күні бойы жұбымыз жазылмай бірге жүреді. «Сенің жұмысың, менің шаруам» деген атымен жоқ. Екеуміздің жұмысымыз – ортақ. Екеуміздің шаруаларымызға бірге барамыз. Бәрін бірге жасаймыз. Сәресінде ауызды бірге бекітеміз. Кешке университетке жақын жердегі «Татар мешіті» аталып кеткен мешіттен ауыз ашамыз. Сосын орталық мешітке барып, тарауих намазына қатысамыз. Он шақты аялдаманы жаяу жүріп қайтамыз. Ортақ әңгіме көп. Кейде өзіміздің әлімізге қарамай мықты ғалымдар секілді бүгінгі күнгі әдебиет, журналистика мәселелері төңірегінде де әңгіме қаузаймыз. Бірде ол менің «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Парасат», «Қазақстан әйелдері», «Үркер» секілді республикалық басылымдарға шыққан мақалаларымды талдап таң қалдырған. Сөйтсек, жанында жүрген адамның не жазып, не қоятынынан да хабардар екен досымыз. Үндемей жүріп, қалай уақыт тауып, қашан, қайдан оқып жүргеніне тағы да таңмын. Осылайша, екеуміздің достығымыз бүкіл университетке тарап кетті. Қызыға, қызғана қарайтындар да табылды.
– Менің жатақханаға орналасқаным бәріне қызық болып жүр, – дедім бірде жаяулатып келе жатып.
– Өзің пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисі туралы айтқан жоқ па едің? – деді ол.
Есімде болатын. Кезінде екеуміз пайғамбардың (с.ғ.с) достық туралы айтқан өсиеттерінен әңгіме шерткенбіз. Сонда: «Екі адам бір бірін дос деп тануы үшін үш күн, үш түн бірге болуы керек. Осыдан кейін ғана өздерін дос тұтуларына болады», деген хадисті айтқанмын.
– Жатақханаға осы үшін ғана орналасуға кеңес бердің бе?
– Тек ол ғана емес. Сенің қандай дос болатыныңды сынағым келген, – деді Ернарын.
Оның мына сөзіне тағы да таңғалудан басқа амалым қалмады. Досымыз біз ойлағаннан да ақылды болып шықты. Оны дос ретінде сынау менің үш ұйықтасам да түсіме кірмепті, ал, ол болса осы уақытқа дейін мені сынап жүріпті.
– Сіздің сыныңыздан өттім бе? – деп езу тарттым мен.
– Өтпесеңіз, жаныңызда жүрмес едім ғой, – деп жауап қатты ол да «сізге» көшіп.
Мен сол күні көпке дейін таңғалумен жүрдім. «Бұл бала мен ойлағаннан да ақылды екен ғой» деп ойлап қоямын ішімнен.
Сөйтіп жүргенде, мен көптен күткен маусым айының 14-ші жұлдызы да келіп жетті. Диплом қорғайтын күнім. Тақырыбым – «Ақұштап Бақтыгереева публицистикасындағы ұлттық таным мәселелері». Бақтыгерееваның публицистикасынан бұрын-соңды ешқандай еңбек жазылып, қорғалмаған. «Апамды ұятқа қалдырып алмасам екен» деп қорқасоқтаймын. Үміттен гөрі, үрей басым. Ертең қорғаймын деген күні Ернарын екеуміз таңды тағы да ұйқысыз атырдық. Досымыз дайындаған презентациямызды басқарып отыру жағын өз мойнына алды. Сол күні менің қорғауыма Алматы қаласында жазушылардың халықаралық форумына қатысып жатқан Ақұштап апамыз ұшып келемін деген. Мен қорғайтын аудитория да, университет басшылығы мен комиссия мүшелері де – бәрі дайын. Тек Ақұштап апамыз кешігіп жатыр. Мұндайда уақыт дегенің өте қояр ма? Қолымыздағы сағатымыздың тілдері бір орнында тоқтап қалғандай жылжымайды. Ұшақтың да қонатын уақыты болған. Ал, апамыздың телефоны байланыс аясынан тыс жерде. Мен не істерімді білмей дәлізді кезіп кеттім. Бір кезде Ернарын жаныма келді де:
– Нұреке, сабыр сақтағайсың! Ұшақ 40 минутқа кешігіп қонады екен. Жаңа аэропортқа хабарласып білдім. Уайымдама, бәрі жақсы болады, – деп сабырға шақырды. Досымыздың мына сөздерінен кейін уайымымыз сейіліп, сабамызға түскендей болдық. Осындай қысылтаяң сәттерде жаныңда демеу болатын жанашыр жолдасың болғанға не жетсін?!
Ақұштап апамыз ұшақтан түсе сала әуежайдан тура университетке келді. Сөйтіп жеке өзімнің қорғау сағатым да басталды. Бар күшімді салып, қал қадірімше қорғап шығуға тырыстым. Зерттеу нысаным – Ақұштап апамның өзі арнайы келіп қатысып отырғандықтан, маған өте ауыр соқты.
Зерттеу тақырыбыма сәйкес, қоғам қайраткері А. Бақтыгерееваның публицистикасына ғылыми түрде кеңінен талдау жасай отырып, ақынның ұлттық таным тақырыбында баспасөзде жарияланып келе жатқан мақалалары мен шығармаларын «Публицист мақалаларындағы туған жер, ауыл, Отан тақырыптарының мәні мен маңыздылығы», «А.Бақтыгереева публицистикасындағы әйел-ана және қыздар тақырыбы мәселелері», «Қоғам қайраткері публицистикасындағы ұлттық құндылықтар мен мәдениет, ұлттық тәрбие және ұрпақтар үндестігі – ұлттық танымның ажырамас бөлшегі ретінде» секілді бірнеше тарауларға жіктеп жазғанмын. Ғылыми жұмыстың алғашқы тарауы бойынша публицисттің туған жер, ауыл, Отан тақырыптарында жазылған мақалаларына жеке-жеке тоқталып, баяндап тұрғанмын. Кезек ақынның «Ақ Жайықтың көз жасы» атты мақаласына келіп, аталмыш мақаланың тақырыбын атай бергенімде, кенеттен сыртта сатырлатып жаңбыр құйып кетті. Жаңбырдың тамшылары қорғау өтіп жатқан аудиторияның терезелеріне қатты тигені соншалық, комиссия мүшелігінде отырған доцент Рита Бекжанқызы селк ете түсті. Мен тілім байланып қалғандай кібіртіктеп, «Ақ Жайықтың көз жасы» деп бастаймын да, әрі қарай ештеңе айта алмай, тоқталуым керек мақаланың тақыбырын қайталай беремін. «Ақ Жайықтың көз жасы» деп бір емес, үш рет қайталаппын. Осыны байқаған, артымда отырған Ернарын: «Нұрсұлтан!» деді дауысын қаттырақ шығарып. Сонда ғана есімді жидым. Өң мен түстің арасындай болған сол сәтте өзім де не болып, не қойғанын түсінбедім. Абырой болғанда, есімді тез жиып, аяғына дейін тоқтамастан айтып шықтым.
Комиссия мүшелері тарапынан сұрақтар қойылды. Бір ғана сұрақтан мүдірдім. Мемлекеттік комиссияның мүшесі, Филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиев ағайымыз өз пікірін айтты. Тумысынан текті, дегдар, сыпайы жан Зейнолла Жақсылықұлы ғылыми жұмысымды барлық жағынан талдап берді. Әділ бағасына қатты риза болдым. Ал, университет басшылығы атынан сөз алған оқу орнының тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Түймеш Малбағарқызы бұл ерекше қорғау екендігін айтып, диплом қорғау жұмысына зерттеу нысанының қатысуы бұрын-соңды тарихта болмағанын жеткізді.
Кезек Ақұштап Бақтыгерейқызына келгенде, апамыз ұлттық идеология, ұлттық таным және ұлттық тәрбие мәселелері тұрғысынан кеңінен ой толғады. Аудиторияда отырғандардың бәрі ұйып тыңдады. Мен туралы да жақсы пікірлер айтты.
– Енді Ақжайық жыламайды, жыламауға тиіс, – деді Ақұштап апа сөзінің соңында, – Жайықтың осы уақытқа дейінгі көрген қорлығы жетеді. Енді Ақжайық жыламасын деп тілейік!
Құдайдың құдіретін қараңыз, Ақұштап апам осы сөздерді айтып бола бергенде, сыртта құйып тұрған жаңбыр да тоқтай қалды. Мен «Ақ Жайықтың көз жасы» мақаласына келгенде аяқ астынан жауа жөнеліп, Ақұштап апам: «Енді Ақжайық жыламайды, жыламасын деп тілейік!» деген кезде ғана тоқтаған жаңбырды жәй ғана сәйкестікке, болмаса тылсым құдіретке баларымды әлі күнге дейін білмеймін… Әлде сол күні Ақжайық шыныменде тебіреніп, жылады ма екен?!
Қорғау аяқталған соң, естелік суретке түстік. Ернарын Ақ апамызбен жеке суретке түскісі келіп еді, ақын қарсы болмады.
– Бұл – Ернарын деген жігіт, – деді апа бәріміз топталып суретке түсуге ыңғайлана бергенде досымды нұсқап, – Нарында туған Ернарын бұл. Ауылына барып мұғалім боламын дейді. Алла қаласа, үш жылдан кейін директор болады.
Ернарын бұл сөзді естігенде мәз болды. Оқытушылардың алдында ұялыңқырап та қалған секілді. Мен де Ақұштап апамның досыма назар аударғанына қуанып қалдым.
Ақұштап апамызды үйіне жеткізіп салып шыға бергенде, бағанағы жаңбыр қайтадан құйып бермесі бар ма? Ернарын екеуміз паналарға жер таппай, жақын жердегі мешітке қарай жүгірдік. Оған жетеміз дегенше үсті-басымыз малмандай су болды. Мешіттің есігінен кіре бергенде қарсы алдымызда тұрған найб-имам:
– Бұл – «ақ жауын» деп аталады. Тамшылары кәдімгі жаңбырдан бөлек, үлкенірек келеді. Біздің Оралда мұндай жаңбырдың жаумағанына көп болып еді. Ақ жауын шын ниетімен тілеген адамның тілегі қабыл болғандығын білдіреді. Бүгін сондай бір адамның ниеті қабыл болған екен. Оның үстіне, қасиетті Рамазан айы ғой, – деді қасында тұрған кісіге. Менің ойыма бірден Ақұштап апамның қорғауда айтқан: «Енді Ақжайық жыламасын деп тілейік!» деген сөзі түсті. Ернарын да соны түсінгендей: «Апамыздың тілегі шыныменде қабыл болғай!», деді қос қолымен бетін сипап.
Ертеңіне Ернарын «Сабыр Адай поэзиясындағы метафоралардың қолданылу ерекшеліктері» тақырыбындағы дипломдық жұмысын өте жақсы бағаға қорғап шықты.
Қалада бір күн аялдағаннан кейін Ернарын бауырымыз өзінің отбасына қонаққа шақырды. Қарсы болып едім, диплом табыс-тау салтанатына әлі бақандай он бес шақты күн бар екендігін алға тартып: «Ата-анаммен жақынырақ танысасың, қонағым боласың», деп дегеніне көндірді. Сөйтіп, досымыздың ата-анасымен танысқанбыз да, Ғиылмановтар отбасына сүйсіне қарағанбыз. «Сырт көз – сыншы» емес пе, қазақы қалыптан айнымаған, жанұя жарастығынан танбаған әулет кім-кімді де болмасын сүйсінтпей, таңдай қақтырмай қоймасы анық. Біз де сүйсіндік, мейірлене, таң қала қарадық. «Шаттығы шалқыған шаңырақтың қуанышқа толы күндері көп болсын» деп ішімізден дұға етіп, тіл-аузымыз тасқа дедік.
Зеленов ауданы, Достық ауылында тұратын досымыздың ата-анасы Шернияз әкеміз де, Гүлнар анамыз да – өте қарапайым жандар екен. Аузын ашса, жүрегі көрінетін аңқылдаған кісілер. Асты-үстімізге түсіп, бәйек болды. «Тәрбие – тал бесіктен» деген сөз рас екен, бауырымыздың жақсы азамат болып ер жеткендігі сол тал бесігі – отбасынан алған тәрбиеден екендігі көрініп-ақ тұр. Бір қарасаңыз, алақандай ғана ауылда өмір сүріп жатқан қазақтың қарапайым, шағын ғана отбасы. Бірақ, осы отбасындағы сыйластық пен ауызбіршілікті, береке мен бірлікті, өзара түсіністік пен жарасымдылықты бүкіл қазақ еліне үлгі етуге болады. Досымыздың отбасы болған соң, мақтағанымыз емес. Шынында да, Шернияз әкеміздің әулетіндегі отағасы мен отанасы, әке мен ұл, ана мен бала арасындағы ерекше сүйіспеншілік көз тойдырмай, көңіл толқытпай қоймайды.
Ернарын досымыздың әулетіне келгелі, әсіресе, Шернияз әкеміздің әңгімешілдігіне таң қалумен келеміз. Әкей әңгімені жәй айтпайды, әріден тарқатып айтады. Бір өзі – тұнып тұрған шежіре десек те болады. Арғы-бергі тарихты майын тамыза әңгімелегенде, өзіңді құдды сол оқиғалардың ортасында жүргендей сезінесің. Тыңдай бергің келеді. Мамандығы бойынша қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі де емес, тарихшы да емес ағамыздың халқымыздың тарихы мен шежіресін бес саусағындай тарқата айтқанда, еріксіз басыңды шайқайсың. Бірде «Аттасыңыз туралы не білесіз?» деген сұрағымызға ақын Шернияз Жарылғасұлының Баймағамбет сұлтанға айтқан: «Байеке, сіздің қызда жаман бар ма, Жамандар біз байғұста заман бар ма?» деп басталатын ұзын-сонар жырын мүдірмей жатқа айтып беріп таң қалдырған. Әкеміз кітапты да көп оқиды екен. Оның үстіне, домбыраның құлағында ойнап, халық әндері мен жыр-термелерді нақышына келтіріп орындайтын әншілігін қосыңыз. Бұдан бөлек, қолынан келмейтіні жоқ ісмер адам. Ернарын бауырымыздың да қолынан кітап түспейтіндігі, домбыра шертіп, ән айтатындығы – әке қанымен келген қасиет екендігі көрініп тұр.
– Құрылыс саласында бригадир болып босқа қор болып жүрсіз ғой, әке, – деймін Шернияз ағамызға.
– Маңдайыма бұйырғаны, пешенеме жазылғаны осы шығар, балам, – дейді әкей, – Еш нәрсеге өкінбеймін. «Бәз біреулерге ұқсап неге шенеунік болмадым?» деп те тағдырымды жазғырмаймын. Бастысы, не тапсам да маңдай теріммен, адал еңбегіммен келсе болды. Қос ұлымды қатарынан қалдырмасам, дастарқандағы наным адалынан болса, менен асқан бақытты әке жоқ.
Бұл сөздер – әкеміздің жүрегін жарып шыққан ақ адал пейілі, риясыз тілегі еді.
Айтпақшы, Шернияз әкеміз бен Гүлнар анамыз досымыз Ернарынның дүниеге келуін сегіз жыл бойы асыға күтіпті. Бала кезінен аңыз-әңгімелер мен қисса-дастандарға, жыр-термелерге қанық болып, үлкендердің әңгімесімен сусындап өскен Шернияз ағамыз көп күттірген, қасиетті Нарын жерінде дүние есігін ашқан тұла бойы тұңғыштарына «Махамбет пен Исатайдың жолын жалғап, сондай тұлғалардың ізі қалған киелі Нарынның атын шығаратын ер болсын» деп ырымдап, «Ернарын» қойыпты (Ғиылмановтар әулеті Бөкейорда ауданының Құрманғазы ауылында дүниеге келген, Достық ауылына 2005 жылы қоныс аударыпты – Н.М.).
Осы Ернарынын перзентханадан үйге шығарып әкелген Ханшайым жеңгесін Шернияз әкеміз домбырасын қолына алып, сол жылдары бүкіл оралдық жастардың аузынан түспей жүрген Ақұштап Бақтыгерееваның: «Не десем екен, не десем, Күлімдеп тұрған жеңешем» деп басталатын «Жеңешем» әнімен қарсы алыпты. Сәйкестік дегенді қойсаңызшы, бұл күндері сол Ақұштап апасы Ернарынды өз баласынан кем көрмейді.
Досымыздың үйіне келген соң, аяқ астынан ауырып, қалпақтай ұштық. Жаңбырдың астында қалғандықтан болар, «қатты салқын тиген» десті дәрігерлер. Көлік қағып кеткеннен кейін оңбай қалған денсаулығымыз болмашы нәрсеге сыр берді. Басымызды төсектен көтере алмай қалдық. Күні-түні жөтел бір тоқтамайды. Осы сәттерде Ернарын ата-анасымен бірге қамқор болды. Қатты уайымдады. Түнімен екі көзі төрт болып ұйықтамай, менің көзім ілінгенше күзетіп отырады. Ояна қалсам, «Бір нәрсе қажет пе?» деп жетіп келеді. Мен оның отбасын әуреге салғаныма қатты қысылдым. Тезірек аяққа тұруға тырыстым.
Біз Ақұштап апамызбен жиі хабарласып, үйіне соғып тұрдық. Сондай күндердің бірінде ақын Ернарынға уәде еткен «Ақ шағала» кітабын қолтаңбасымен сыйға тартты. Алматыдан досымыз үшін арнайы алдыртыпты. Тағы бір күні жазғы демалысқа келген немерелерін алып, Бөкей орда ауданының Хан ордасы ауылына жол жүргелі жатқанын жеткізді. Немерелеріне Бөкей ордасы тарихи-музей кешенін көрсету үшін. Біздің де барғанымызды қалаған. Бірақ, біздің аузымыз берік болғандықтан апамызға артық салмақ салғанды қаламадық. Оның үстіне, жол алыс, 8-9 сағат жүруге тура келеді. Қазталов ауданынан кейін тас жол жоқ. Ой-қыры мен шұңқыры көп. Осыны ойлап, оразамызды бұзып аламыз ба деп қорықтық.
Бірақ, дәм тартса, жібермейді екен. Ораза аяқталып, айттың алғашқы күні Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев бауырымыздың арқасында Хан ордасына жол тартып кете бардық. Мирболат – жас та болса, өте білікті жігіт. Бүкіл жол шығынымызды көтеріп, сапарымызды оңынан ұйымдастырып берді. Сөйтіп, Ақұштап апамыздың соңын ала біз де жеттік. Ауыл басшылығы құрметті қонақтарды шығарып салып болып жатыр екен. Хан ордасына барар жолда кездескен қызықтарымыз, қандай қиындықпен жеткеніміз – ол бір ұзақ, өз алдына бөлек әңгіме.
Осы ауданның Құрманғазы ауылында туған Ернарын аталмыш музейге ертеректе, 4-ші сыныпта оқып жүрген кезінде келіп көрген екен. «Одан бері он бір жыл өтті, көп нәрсе өзгерген шығар», – деді Ернарын ауылға жете бергенде. Мен болсам қасиетті өлкеге алғашқы рет аяқ басқалы отырмын. Хан ордасы ауылында музей директоры Ғайса Темірболатұлы құшақ жая қарсы алды. Ауылға кештете жеткен біз сол күні тынығып, ертеңіне тарихи жерлерді аралауға шықтық. Ауыл әкімі Медет Исаұлының өзі жанымызға еріп жүрді. Өте қарапайым, кішіпейіл жан екен. Махамбет пен Исатай, Жәңгір хандардың ізі қалған киелі мекен бізді ерекше сезімге бөледі. Көптеген тарихи оқиғалардың тірі куәгері болған Нарын құмы талай сырды бүгіп жатқандай көрінді бізге. Сағи және Сүлеймен әулиелер, Жәңгір хан, Дәулеткерей Шығайұлы, Мұхаммед-Салық Бабажанұлы бабаларымыздың басына барып зиярат еттік. Жоқтан бар жасап, тарихи-музей кешенге жәдігерлер тауып, оларды көздерінің қарашығындай сақтап келе жатқан Ғайса ағамыз бастаған музей қызметкерлеріне алғыстан басқа айтарыңыз жоқ, ерен еңбектеріне еріксіз басыңызды иесіз.
Тамақтануға отырған, болмаса босаған кездерімізде талай әңгімелер айтылады. Ауыл әкімі мен музей директорының аузынан көптеген жақсы әңгімелер естиміз. Ауыл өмірі мен тыныс-тіршілігінен хабардар боламыз. Өткен-кеткенді айтып, тарихтан сыр шертеді басшы ағаларымыз. Ауыл адамдары болса, кеше ғана келіп кеткен Ақұштап апамыздың сапарын жыр қылып айтады.
– Нұрсұлтан «бөтенсіді» деп ренжімес. Ернарын – өзіміздің ауылдас бауырымыз ғой. Інімізді өзімізге жақын тартып, «Нарын» деп атай берейікші, – деді кешкі ас кезінде Ғайса ағамыз, – Есіміне қарағанда, бұл да тегін жігіт болмаса керек.
Несіне ренжиін? Түк те ренжігенім жоқ. Керісінше, қуандым. Ауылдас ағалары інілерін жатырқамай бауырларына баса білгені үшін. «Нарын» деп еркелетіп, қанаттарының астына алғаны үшін. Осылайша, Хан ордасы сапарынан үлкен әсермен оралдық. Бұл досым үшін де, мен үшін де жүрегіміздің төрінен мәңгілікке орын алатын ерекше сапар болды.
Хан ордасынан оралған күні Ақұштап апамыз айттың құрметіне деп асқа шақырды. Ернарын екеуміз сапарымыз туралы айтып тауыса алмадық. Ақ апамыз бұл жолы да тағылымға толы мол әңгімелер айтты. Ас ішіліп болған соң, немересі Исатаймен ақын апамыздың мұрағатын қарадық. Ақұштап апамыздың қолжазбалары, өлеңдері мен мақалалары, түрлі газет қиындылары, ақынға жазылған хаттар, қалды жастық шағынан сыр шертетін суреттері – бізді сол шақтарға жетелей жөнелді. Әсіресе, ақын Фариза Оңғарсынова апамызбен түскен суреттері көп-ақ екен. Әр қолжазбаның, суреттің, өлеңнің өзіндік тарихы бар. Ақын апа солардың біразымен бөлісті. Ернарын екеуміз кетерімізде естелікке деп бір-бір суреттен сұрап алдық. Ернарын Ақұштап апаның жас кезіндегі суретін, ал, мен Фариза апамызбен түскен суретін алдым. Апа Ернарын алған суретке: «Ернарын балам, еске алып жүргейсің. 27.06.2017 жыл, Орал, диплом қорғау» деп, маған берген суретіне: «Балам Нұрсұлтанға. Фариза екеуміздің жасдәурен жылдарымыздан естелік. 27.06.2017 жыл, Орал, диплом қорғау» деп қолтаңбасын қойып берді. Екеуміз де мәзбіз.
Екі күннен кейін диплом табыстау салтанаты болды. Дипломымызды алғаннан кейін жүгіріп Ақұштап апамыздың үйіне келдік. Апа профессорлық мантиясын киіп шықты, біздің үстімізде – студенттерге арналған мантия. Естелік суретке түстік. Ақұштап апа батасын беріп, қолымызға көрімдігін ұстатты.
– Мұндай тарихи әрі бақытты сәт – кез келген студенттің басына бұйыра бермейтін бақ, – деді Ернарын көңілі толқып, – Бұл күн ешқашан ұмытылмайды және қайталанбайды.
Шынында да, сол минуттар енді қайталанбайтын қымбат сәт еді.
Тек сол минуттар ғана емес, Ернарын досымызбен өткен әрбір сәттеріміз қымбат болатын. Әр жерде емес, тар жерде туған достығымыздың орны тіптен бөлек. Жүзі нұрлы бауырымыздың дос дегенде аңқылдаған алабөтен аппақ көңіліне дүниенің байлығы тең келе қояр ма екен?
«Жүзі нұрлы» демекші, Ернарынға жас та, кәрі де үйірсек. Біз оған талай рет куә болғанбыз. Көшеге шыға қалсақ, оны кішкентай балалар қоршап алады. «Бір нәрсеге жетпей тұр еді» деп, қиылып тиын сұрайды. «Не аласың?» дейді досымыз. «Сағыз, балмұздақ, тәтті су» деп шулап қоя береді балалар. «Темекі алайын деп тұрған жоқсыңдар ма?» деп сұрайды тағы да досымыз. «Жоқ», дейді балалар. Ернарын олардың қолдарына тиынды ұстатады, өзі алыстан бақылап тұрады. Балалар дүкеннен балмұздақ, сағыз алып шыққан соң, көңілі орнына түседі. Мұндай жағдайлар бір емес, әлденеше рет қайталанған. Мен: «Бұл балаларды танисың ба?» деп сұраймын. «Жоқ», дейді досымыз. Мен езу тартамын да қоямын. Болмаса үлкен кісілер жанында басқа адамдар тұрса да, дәл осы Ернарыннан келіп көмек сұрайды. «Балам-ай, мына ауыр сөмкемді көтерісуге көмектесші». «Ұлым-ау, мені жолдан өткізіп жіберші». «Балам, маған автобусқа мінуге жәрдемдесші», дейді немесе аялдамада тұрғанымызда.
– Неге менен, болмаса басқа біреуден емес, дәл сенен көмек сұрайды, – деймін осындай оқиғалардың куәгері болып жүрген мен ренжіген кейіп танытып.
– Білмеймін, өздерінен сұрасаңшы. Өзің айтқандай, жүзім жылы шығар, – дейді Ернарын әзілге айналдырып. Шынында да, досымыздың жылы жүзінен мейірім төгіліп тұрады. «Жүзі игіден түңілме» демей ме атам қазақ?!
Тағы бір оқиға. Ернарын педагогикалық практиканы қаладағы №22 мектептен өткен. Бесінші сыныптың оқушыларына сабақ берген. Сол сыныптың оқушылары бірі қалмай күнде досымызға хабарласып тұрды. «Ағай, диплом алдыңыз ғой, енді біздің мектепке жұмысқа тұрыңызшы. Өзіңізді қатты сағындық», деп жалынады олар. Әсіресе, Айша атты оқушы қыз досымызды қатты үгіттейді. «Ағай, мен сізге берген уәдемде тұрып, қыздарға тиіспейтін болдым. Сабағымды да жақсы оқып жүрмін», деп хат жазады тағы бір ер бала. «Білмей жүрсек, өзің дайын тұрған ұстаз екенсің ғой», деп күлемін мен. Ернарын жауап орнына жылы жымияды.
Расында Ернарынның адалдығында шек жоқ. Адамға көмектесуге дайын тұрады. Ешқашан «жоқ» деп айтпайды. Адамгершілігі мол. Біздің де жүректерімізді мәңгілікке табыстырған осы адамгершілік деген сиқыр мінез, сырлы қасиет болатын. Осындайда Ресей жазушысы Анатолий Кимнің: «Қазір адам көп. Өкінішке қарай, адамгершілік ақырын-ақырын адам жүрегінен алыстап кетіп барады. Қандай қасірет, Құдай-ау?» деген сөзі еріксіз еске түседі. «Қиналғанда қол ұшын созып, сырыңды, мұңыңды айтатын жан досың болмаса, адам болып өмір сүрудің қажеті жоқ» деген екен дала данышпаны Әбу Насыр әл-Фараби. Мәселе, достың санында емес, сапасында. Десе де, адами және рухани құндылықтар, достық, сыйластық деген ізгі қасиеттер арзандап, ақша басты орынға шыққан, қоғамды нарық, сананы тұрмыс билеген мына заманда алғаусыз дос болудың өзі сынға айналғаны жасырын емес…
Ернарынның тағы бір ерекше қасиеті – қолынан кітап түспейді. Сәл босай қалса ғана болды, кітап парақтай жөнеледі. Хан ордасына бара жатқан сапарымызда да көліктің ішінде отырып кітаптан көзін алмаған. Сосын әзілдің түбін түсіреді. Бастысы – орнымен әзілдейді. Бір кісідей домбыра шертіп, ән айтатын серілігі тағы бар. Суырыпсалма өлеңге де жүйрік досымыз. Табан астында төрт қатар өлеңді суырып салып құрастырып, талай рет күлкіге қарық қылған. Ернарын айтса, тек шындықты айтады. Жағымпазданып, өтірік сөйлеуді білмейді. Жақсы көрсе, шын жақсы көреді, көңіліне бірдеңе жақпаса, жасырмай жайып салады. Ернарынның жасы кіші болғанмен, мен оның жанында жүріп көп нәрсені үйрендім. Әлі де үйренерім көп екендігі шындық.
Диплом алумен бірге менің Орал қаласындағы сапарым да соңына жетті. Екі ай бойы жұбымыз жазылмай бірге жүрген, аз ғана уақыттың ішінде жан достарға айналған біздерді өмір екі арнаға бөліп жіберді. Ернарын ауылындағы мектепке ұстаздық қызметке кетті. Оған Орал қаласының өзіндегі мектептерден біраз ұсыныс түскен. Ақұштап апамыз да қалада қалуға кеңес берген. Бірақ, досымыз: «Менің Ақұштап апамнан қай жерім артық? Ақ апамыз да сонау Алматыны қиып, туған жерінде үлкен істер тындырып жүрген жоқ па? Мен де ауылдан бастаймын. Өзім оқыған мектептің білім деңгейін көтеруге атсалысқым келеді», деп алған бетінен қайтпай қойды. Ал, мен болсам, ғылымның соңына түсемін деп басқа қалаға кеттім. Біз қимай қоштастық. Бірақ, біздің мәңгілікке табысқан дос жүректеріміз мұхит асып кетсек те суымайтындығына, бір бірімізге келгенде соғысынан жаңылмайтындығына сенімді едік.
… Иә, расында да, достық әр жерде емес, тар жерде туады екен…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.