АСЫҚҚАН АДАМ ЖОЛ ТАППАС

Пакиза Арыстан

2002 жылы Алматы облысы Жамбыл ауданы Самсы ауылында дүниеге келген. Телтай Сәрсенбеков атындағы орта мектептің 9-шы сынып оқушысы. Республикалық айтыстар мен жыр мүшәйраларының жеңімпазы.

 

Жалған

Жалған өмір. Жалған уақыт. Жалған күн,
Мен де міне жалғандыққа алдандым.
Құса-мұңға берілмеймін деп жүріп,
Құшағында кетіп қаппын арманның.

Жалған әлем. Жалған бақыт. Жалған мұң,
Бүгін тағы жалғандыққа арбалдым.
Құмар басым сүйемін деп,
Жанымды
Ұға алмасын білмеппін ғой таңдардың.

Сынақ түссін, шаттық түссін басқа мың,
Өтірікке санай салам рас бәрін.
Шындық осы, бәрі жалған,
Тамшылап
Жиі ағатын көз жасымнан басқаның.

Кереметтің жиынтығы

Бұл әлемде бар керемет мың мүсін,
Адам көзін тайдыратын қалайда.
Пирамида тас қамалы Мысырдың,
Төзіміңе жете алмайды алайда.

Қалай ғана ақылымнан жұтайын?
Азығыма жарар мәңгі сөзің кей.
Ұлы іспетті қорғаны да Қытайдың,
Маған тірек бола алмайды өзіңдей.
Өмір сырын ұғындырып маған рас,
Санама сен ұялаттың сан ұғым.
Ескендірдің шырағы да жаға алмас,
Маған берген біліміңнің жарығын.

Талмадың нән өміріме мән үйе,
Уақытты сырғытса да ағын күн.
Сен бағыма еккен тәлім-тәрбие,
Шаң қаптырар үлкен бағын Бабылдың.

Өрімдей боп дүниеге жар салып,
Саған қарап бой түзегем бек алғаш.
« Артемида» кең болса да қаншалық,
Өрісіңе ешқашан да жете алмас.

Кеудеңді өртеп жан ұшырған күйік мол,
Түндерің көп өзім үшін ұрланған.
Шынымды айтсам әке, әйгі биік сол-
Галикарнас биік емес тұлғаңнан.

Сенен өзге бір керемет болды ма,
Көңілімнен сірә мәңгі жояр ем.
Әке, «Зевс» мүсінінің орнына,
Мен өзіңнің мүсініңді қояр ем…

Жауын дұғасы

Менде жоқтың сенде бәрі бар, сірә
Күтіп тұрмын, тоқтауыңды таусыла.
Ақ жауындар нөсеріңмен төкпелеп,
Керегі жоқ мұңдарымды аршыма!

Маңдайымнан сорғалатып көк терді,
Ұмыттыр деп жалынбаймын өткенді.
Ақ жауындар ертіп әкел демеймін,
Күз, көктемді, аппақ қысты шекпенді.

Бақыт бер деп жыламаймын.
Барымды
бағалайтын ару едім сабырлы.
Ақ жауындар асқақ болам демеймін,
Адамдардың ортасында қадырлі.

Тыңдай алсаң тілекті көр.
Өр сенім
артып тұрмын бақыттың біл өлшемін.
Тілек-тоқта! Ойнайыншы деп едім,
Мұң жиналған шалшығыңда мен сенің.

Достық

Таң атқаннан, кеш батқанша қыр құшып,
Бала едік, өскен қолға гүл қысып.
Есіңде ме, сол гүлдерге таласып,
Жиі-жиі қалатынбыз ұрысып.

Енді қайтып келмейтіндей қырға айлап,
Екі жаққа кетуші едік күн бойлап..
Біз жұлған гүл жолда солып,
Кешқұрым
біз қайтадан жүретінбіз бірге ойнап.

Одан бері қаншама жыл, сырғыды,
Бізді енді, күтпес болды қыр гүлі.
Мойындауға қанша ұят болса да,
Өзін-өзі көрсетті өмір шындығы.

Өртесе де, қос өзекті мәнді айып,
Қолын бұлғап кетті сол бір таң, ғайып.
Енді білдім, біздің достық жұлынған,
гүлмен бірге кетіпті ғой сарғайып..

Мұң – бақыт

Естімін бе? Ақын сүйер кеш мүлде
Ұнамайды. Сыр айтпаймын еш түнге.
Мен өмірді мұң екен деп ұғынып,
Ішімнен кек сақтамаймын ешкімге.

Жанбағасын үмітіңнің оты нық
Несі керек? Бәрі- бәрі өтірік.
Сыртқа өзін бақытты етіп ұстайды,
Барлық адам мұң жамылып отырып.

Жүрегінде қамап ұстап сезімін,
Көбісі жүр жалған тартып езуін.
Барлығының кеудесінде дерті бар,
Айтатыны бақыт бірақ көзі- мұң.

Ұғын, сырдан тағдырыңды ал құрап,
Ерегессе қинай түсер жанды- бақ.
Бақыт деген мұңнан ғана тұрады,
Мұңсыз бақыт- тұнып тұрған сандырақ!

Мұңайма

Мұңайма, баққа сендіріп бірден
Шапағын төкпес арай- күн.
Тағдыр дегенің менмін деп жүрген,
Еңсесін езген талайдың.

Бітті деп бәрі, тасына берме,
Қадамдарыңды аңдап бас.
Келешегіңе асыға көрме,
Асыққан адам жол таппас.

Асықпа, қалқам, өкінген көбі,
Жалған бақытты рас көріп.
Бәрінің дерлік көпірген шері,
Жанарларына жас толып.

Жылама, күнім іздеген бақыт,
Өзі де келер бір күні.
Бұл басы ғана,
Сүрінбей жатып,
Жылаудың өзі күлкілі!

Кек аламын

Қайғының жайласам да тек алабын,
Өмірдің жаға білем бек алауын.
Мен әлсіз қыз емеспін,
Жаным барда
Бәрінен өзім үшін кек аламын.

Жүрекке қайғым әкеп- суыт әнін,
Қиналып күрсінгенде құрып әлім
Қасымда бола алмаған сабырымды
Қуанған сәттерімде ұмытамын.

Әлемнен өкінішім арашалап,
Алдымнан күткен кезде жаңа сабақ
түнекке жалғыз тастап кеткен бақтан
өш алам таң шапағын тамашалап.

Қиялым тағдырыма ере гүлдеп,
Арманым орындалар. Сенемін көп.
Түңілсем мені алдаған үмітімді,
Алдаймын, мен барлығын жеңемін деп.

Бар мұңды көңіліме жиып, таңа,
Өзекті өртесе де күйік- нала.
Қырсығып, мені өтірік жек көретін,
Кек алам бұл өмірден
Сүйіп қана!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.