Қызыл шатырлы үй

Жанар ӘБДІШОВА

1950 жылы дүниеге келген. Тұңғыш әңгімелері 1984 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Арман қанатында» атты жас жазушылардың жинағында жарық көрген. 2014 жылы «Өмір сүргім келеді», 2017 жылы «Өмір сүрсем… кеш емес» атты әңгімелер топтамасы жарық көрді. Оқырмандар жылы қабылдады. Туындылары мерзімді басылымдарда жиі жарияланып тұрады. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

 

Әбдірахым лауазымы жоғары жұмысқа орналасты. Жаңа заманның бір-бір тұтқасын ұстап қалған бірге оқыған курстастарының да ықпалы болмай қойған жоқ.
Аяқ астынан сауда орындарында көп жыл қызмет атқарған келіншегі де жұмыстан қысқартылды. Әбдірахым бір рет жоғары жақтан телефон шалса, орнында қалар еді, бірақ не ойы бар екені белгісіз, Жұмабикенің өзі көнбеді.
Бұл кезде әсем Алматы жетімсіреп, жаңа Астанаға шенеуніктердің көбі көшіп жатқан кез бір шабаданын көтеріп, Әбдірахым да кетті екі ұлы мен келіншегін қалдырып.
Үй˗жайды жөндеп, сосын отбасын көшіріп алмақшы болып келісті.
Алматының шетінде ашылған қара базар үлкейе келе, «Барахолка» деген атаққа ие болып, дүркіреп тұрған кезі…
Жұмабике сол маңнан бір үй көріпті. Екі˗ақ жыл бұрын алған иелері қайта сатып, қазір тағы сатылымда тұр. Қызыл шатырлы, еңсесі биік, алты бөлмелі, астындағы жертөлесінің өзі бір үй, қора˗қопсысы бар, есігінің алды да кең, ауласы да атшаптырым…
Әбдірахымның жаңа жұмысына енді кірісіп, қызыл танау болып жатқанына қарамай, Жұмабике күндіз˗түні телефонды безілдетіп, хабарласып, қоярда˗қоймай, шақыртып алды. Мақсаты – көзіне түскен үйді көрсету. Бір жағы – біреу алып кете ме деп, жаны шығып бара жатыр.
Әбдірахымға да ұнады. Бағасы да қымбат емес, әрі салынғанына да көп болмапты. Құжаттары да тас˗түйін. Әйелі бұл үйге қатысты жоспарын айтып тауыса алар емес… Бірінші – саудагерлердің қойма ретінде затын қойса, қора даяр, екінші – тұруға жалға берсе де болады, үшінші – өзі сауда жасаса да, есігі дәп базарға қараған, әрі ауласы да көлік кіруге ыңғайлы…
Ол кезде несие алу – айға қол жеткізгенмен бірдей қиын шаруа еді… Араға беделді біреуді салып алғаныңмен, «шапкесі» (үстінен ақша беру), «көмек кәдесі», қағаз толтырған операторларға беру, толып жатқан шарттарына ақша ұстап қалуы бар – шығыны да шаш˗етектен, әуресі де жетерлік, құжат жинарда кірмейтін «тесігің» қалмайтын, өтемақысының пайызы жоғары, машақаты көп жұмыс болатын.
Саудада көп жыл жүрген Жұмабике несие ақшаның «кіріс», «шығысын» есептеп жіберіп: «Бұл да бір алдан −коммунизмнен үміт күтіп, «өкімет өлтірмейді!» деп, социалистік қоғамда алаңсыз өмір сүріп жүрген заңнан, саннан сауаты жоқ адамдардың нарыққа топ ете түскен кезінде, қоғамдағы ат төбеліндей банкирлердің сауаты шамалы, кедейліктен ыңыршағы айналған, жоқшылық қысқан қарапайым халықты «мәдениетті», әрі заңды түрде тонауының бір ғана көрінісі ғой…» деп ойлаған.
Осының бәрін екшей келе Жұмабикенің ақылымен, жолдастарынан қарыз алды. Айналасы бір айдың ішінде Алматының қақ ортасындағы төрт бөлмелі пәтерлерін жалға беріп, жаңа жайларына көшіп те алды.
Әбдірахым көңілі көтеріліп, айдары желкілдеп, Астанаға кетті.Сауданың майын қалқып ішіп, суының өзінен тиын˗тебен жасайтын Жұмабикенің тапқырлығын білетін, оның жолы болып, мол табысқа кенелетініне кәміл сенімді болатын.
Өмірінде бірінші рет әйелінің жұлымырлығын, пысықтығын, ақылдылығын жоғары бағалап, студенттік кезден жүрегінің түбінде құпия сақтап, сағынып жүретін, арманы болған…өзі сезімін білдіріп, сөз айтуға батылы жетпеген, сол бір қыр мұрынды, көзі мұңданып тұратын ақ құба қызды көңіл төрінен ысырып тастап,«біздің қара қат˗е˗е˗н жарады, басы қатты істейді!» деп, риза болды. Көңіл түкпірінде «тұлыпқа қарап, мөңірегенді қояйын!» деген тоқтам да жоқ емес…
Бірақ кейде жүрек құрғырдың сыздап, тыңдамай, «қан жылап», қатты аңсайтыны бар… «Қызым болса, атын қоярмын, еркелетіп айтып жүрермін…» деген бір құпиясы бар болатын… Бірақ балаларының бәрі ұл болды…
Қиналса, қуанса, оның аты аузына түсетіні бар…Ондайда «даусым шығып кеткен жоқ па?» деп, айналасына қуыстана қарап қалады.
Сол қызға ғашық болғанынан қалған бір белгі – осы…
Ол туралы білетіндерден ылғи сұрап, жай˗күйін сыртынан біліп жүреді…Алматыға келген сайын көшеге шыға қалса, «көріп қалар ма екенмін…» деп елеңдейтіні де бар.
Бірақ ол кездеспеді…
Соның арасынша тұңғыш ұлы үйленетін болды. Олар тойхана да, кафе де іздемей,ауланы безендіріп, үлкен той жасады.
Бәрі бір шатырдың астында тұрып жатты. Келіннің аяғы ауыр екен, көп ұзамай, немерелі болды. Шілдехана, бесік той, баланы қырқынан шығару дегендей жақсылық көбейді. Соның бәрін осы үлкен үйде өткізді.
Сөйтіп жүргенде, коляскада ұйықтап жатқан құртақандай бала аунап жерге басымен түсіп кетіп, содан оңалмады. Апармаған жерлері, көрсетпеген дәрігерлері қалмады. Ақыры шетінеп кетті.
Оны жерлеп келген соң, келін ұйықтамайтын бір ауруға шалдықты. Кірпігі айқаспай, әлдекімді аңдып отырғандай, жан жағына алақ-жұлақ етіп қарап, алаңдаумен таң атырады.
Енесі мен күйеуі келіп:
−Демалшы, жатшы, − десе…
−Қорқамын. Біреу бар… Көзімді жұмсам, ол мені бас салып, қылғындырады, аңдып тұр, – дейді сыбырлап.
−Қарашы, бізден басқа ешкім жоқ, − десе, басын шайқап, көзімен бұрышты көрсетіп:
−Ол маған қарап тұр… Әне! – дейді сыбырлап.
Жұмабике тіпті адыраспанмен үйді алас-тап та көрді. Одан қорқынышы басылған келін болмады. Ауруханаға жатты, көп емделді, ақыры оны төркіні алып кетті. Біраз уақыт өткен соң, ол дертінен айығып, қайғысын да ұмытқандай болып, бұрынғы қалпына түскен.Күйеуі барып, алып келген.
Бір күні ол ұйқысынан оянбаған күйі бақилыққа аттанып кете барды.
Әбдірахым қабырғасы қайысып, жерлеу-ге келді. Келінді жер қойнына беріп, ел аяғы басылғанда, әл дәрмені кетіп, қатты шаршағанын сезді. Түпкі бөлмеге кіріп, киімін шешуге де шамасы келмей, төсекке сұлай кеткен.
Кенет, алқымынан біреу ала түскендей күй кешті. Арпалысып жатқандай болып, тынысы тарылып, әрең көзін ашты. Жүрегі дүрсілдеп, кеудесіне сыймай, аузы кеберсіп, денесін тер басып кетіпті.
Бір қара сұлба бұрышқа қарай жүргендей болды…
Ол орнынан ұшып тұрып, көзін уқалап жіберіп, бұрышқа қайта қарады.
Ешкім жоқ! Жалғыз өзі… «Фу, сайтан алғыр, жайсыз жатып қалып, бастығырылып қалған болуым керек» деп ойлады. Сағатына қараса – түнгі үш! Таң бозарып атқанша, кірпігі айқаспады. Шынымен қорқып қалыпты.
Ертеңгі шайда көзінің алды қаракөлеңке-леніп, өңі қашып отырды. «Жолдан шаршағаннан жай күйі болмай отырған шығар…» деген оймен ешкім үндемеді. Көп сөйлейтін Жұмабике де өзгеріпті, басылып кеткендей…
Әбдірахым «Қайтеді енді… жер үйде жұмыс көп қой… бір жағына шығатын мен де алыста жүрмін, әрі «осы үйге ие болады!» деп жүрген немересі мен келіннің қазасы жанына қатты батты…» деп ойлады.
Содан ол Астанаға ұшып кетті. Қарбалас жұмыспен арпалысып жүріп, қорыққаны да, шошығаны да ұмытылайын деді.
Бір шабаданмен келген қасындағы жігіттер бойдақтар сияқты «қағынып» шыға келді. Басы бос қыз қырқынды айналшықтап, біразы қызығына батып та жүр… «Сен де қарап жүрмей, біреуін қармағыңа түсірсеңші! Өздері-ақ көздерін аударып төңкеріп, сүйкенеді. Не істесең де кет әрі емес… Отбасыңның бар екенін біле тұра, қолыңды қақпайды.
Өстіп жүре берсек, ата-бабаның көп қатын алатын салт дәстүрін де жаңғыртып қалармыз. Заң закон шығару қолымызда тұр, заңдастырып жіберсек, Алматыдағылар қыңқ дей алмайды ғой!» деген өтірік шыны аралас қалжыңдағандарға: «Базардағы саудасын бір ізге салып, балаларға тапсырып, Жұмабике келем деп еді, келін де қайтыс болып кетті. Енді қиын болды…» деп, мұңайып, жағдайын айтатын. Сол үйде ұйықтап жатып, бастығырылғалы жүрегі бір жамандықты сезгендей суылдап, тоқтамайды.
Соның арасынша хабар келді.
Үлкен ұлы қайтыс болыпты. Өз бөлмесінде кір жаятын жіпке асылып қалыпты. «Қастандық болды ма…» деп тексертіп еді, ілік болатындай ешқандай айғақ табылмады. «Жетісін өткіземіз» деп, даярланып, төсек орынның жабындыларын қағып сілкіп жатқанда, көрпенің арасынан бір жапырақ қағаз сусып, еденге түсіпті.
«Қорқыныштан өмір сүру мүмкін болмады… Кешіріңдер!» деген сөздер жазылған, маржандай тізілген ұлының жазуын таныған Жұмабике талып қалды. Әбдірахым әйелі екеуі ұлдарының неден қорыққанын қанша тексерсе де, біле алмады… Сырттан келген жау жоқ, өмірге қатер төндіретіндей қауіп те байқалмады, бәрі тыныш болатын.
Тірі адам тірлігін істейді. Жұмабике де үйден ашқан дүкенінен келушілерге оны мұны сатып, кешке мұрттай ұшатын.
Өмірінің мәні, санасындағы тіршілік арқауы, бар тірлігі – тиынға тиын, ақшаға ақша қосу және оның қомақты бөлігін долларға айналдыру.
Көтерме саудадан алып келіп, кішкене қосып сатып, пайда түсіру – бар өмірінің мақсаты болып қалды. Табысы бір тиынға кемісе, қолына түсіп тұрған олжадан айрылғандай, әлдебір қымбатын жоғалтқандай, іші удай ашиды, ол күні жан дүниесі қоңқылдап, қабағы қатып, шытынап тұрады.
Бір сәт қолы босай қалса, баласы, келіні, немересі есіне түсіп, ботадай боздайтыны бар. Ондайда шелпек пісіріп, екі жүз теңге беріп, құран оқытады, қасиетім бар дегендерге үйді аластатады. Жан дүниесінің түкпірінде «Балам неден қорықты екен!?» деген ой маза бермейді. «Әбдірахым не істеп жүр екен? «Қанты» бар еді, барып жағдайын жасасам болар еді…» деген уайым да қылаң беріп қалатыны бар. Бірақ мынау түсіп жатқан көл-көсір табыс, мынау үй, мына базар өзін түп етектен шеңгелдеп ұстап жібермейтінін, мықтап байланып қалғанын, кете алмайтынын әлдебір түйсікпен сезетін…
Күн артынан күн өтіп, кейде тіпті аптаның қай күні екені де есіне түспей қалатын. Бірақ Жұмабикеге бәрібір, сауда жүріп, ақша түссе болды… Дүйсенбі күні ғана адам аяғы басылып, тып тыныш болған базарға қарап,бір тиын пайда түспей қалғанға көңілі қоңқылдап, іші ашығандай: «Е, бүгін бірінші күн екен ғой…» дейтін. Сол күні кедейленген халық іздегенін табатын«барахолка» қаңырап, демалатын.
Өстіп тапқан ақшаны бет жүзіне қарамай, аса бір ысырапшылдықпен, дарақы жомарттықпен аямай шашатын бір кезі бар. Ол − Әбдірахыммен бірге оқитын, жаңа заманның тұтқасын ұстағандай болып, әртүрлі жауапты қызметтер атқарып, ыздиып киініп, өстіп көктен түсе қалғандай болып жүретін курстастары әлдебір себептермен үйге келген кездерде ғана…
Өзін, үйін көрсеткісі келеді, оқығандарға көрсеткен бір қыры өзінше.
Әйтпесе әрбір тиын есептеулі, өзіне де қимай қалатын кездері көп болады. Қыста үстінде қабат қабат қытайдың синтепонды қаптаған арзан киімі, қолында солардың арзан қолғабы, аяғында да солардың арзан, жылы киімі, жазда резеңке сүйретпе, арзанқол көйлек көншек…
Тіпті, қымбат тондарын, гауһар тасты алтын жүзік, сырға, алқаларын тағып баратын, көрсететін жер жоқ… Мына сауданы тастаса, бар байлықтан айрылып қалатындай, түсетін тиын тебеннен қағылып қалатындай бір күй кешетін болды. Сөз де жоқ, теледидар көру де жоқ, бір нәрсені оқу да жоқ, туған туысқанның жай күйін сұрау да жоқ, есіл дерті – ақша, тиын тебен…
Әбдірахымның алыста жүргеніне де көндіккендей бір күйде…
Сөйтіп жүргенде, кіші ұлдың қайда жүргенін де байқамапты. Іздеп тапқанда білгені − оқуды тастапты. «Оның не?» десе, «Дипломы барлар да, жоқтар да қазір бірдей… Жұмыс жоқ! Несіне оқып, басымды қатырамын?! Қытайдың боқтығын сатсақ та өлмейтін сияқтымыз ғой…» деп қарап тұр.
Астанадағы әкесіне хабар берді. Ол келіп, сөйлесейін деп, екі күндей күткенімен, баласы үйге қонбады да, қарасын да көрсетпеді.
«Анда жүр екен, мына жерден көрдік!» деген жерлеріне барса, таба алмай, орнын сипап қалып отырды.
Сонымен баланың оқуды тастағаны аздай, нашақорлықпен айналысатыны да белгілі болды. Әбдірахым кеткен күні баласы сап ете түсті.
−Қайда жүрсің? Әкең іздеп таба алмай кетті. Сені нашақор дейді, рас па? – деген шешесінің жанайқайына:
−Ағам қайтыс болғалы, көзім ілінсе болды, біреу келіп, қылғындыратын болды. Айтатыны –«үй менікі, жай менікі, оны ешкімге бермеймін! Босат!» дейді көзі адырайып. Ояна кетсем, қара терге түсіп жатамын. Қасымда ешкім жоқ. Содан осы үйден қорқатын болдым, мама!
Кетейікші, бұрынғы үйімізге барайық! Әйтпесе, Астанаға, әкемнің қасына көшейік! Сатайықшы, мама, бұл үйді! Өзіңізге қараңызшы, қытайдың саудагер әйелдерінен айнымай қалдыңыз! «Сауда, сауда!» деп, үйде тамақ та пісірмейтін болдық. Әкем анда, басымыз да қосылмайтын болды…
Ал, мен қорықпас үшін, бәрін ұмыту үшін шөп тартатын болдым. Сіз ештемеден қорықпайсыз ба? – деді шешесіне қадала қарап.
−Несіне қорқамын! Күні бойы сауда жасап, бір тыным таппаймын. Орталықтағы үй айына екі мың доллар әкеп тұр. Ал, мына дүкеннен түскен табыс әкеңнің айлығынан үш есе көп.
Байлықтан қашамыз ба, сен қорқады екен деп! Баланың сөзін айтасың! Бәрі сенің қамың… Оқуыңды жалғастыр. Таста анау жаман қылықтарыңды! Шамаң келмесе, емдетейін! – деді зілденіп, баласына қарап.
Ол шешесінің тесірейген көзіне бір қарады да, қолын шарасыз күйде бір сермеп, қақпадан шығып кетті. «Қайт үйге, қайда кеттің?» деп айтайын деп, ұялы телефонына қанша қоңырау шалса да, бала жауап бермеді.
«Ойпырмай, өстіп жүріп, бір пәлеге ұшырамаса болды ғой!» деп, уайымдап, ары отырды, бері отырды. Бір уақытта қарнының ашқанын сезді. Базарға тамақ жасап апарып, сатып жүрген әйелден манты, қызылшадан жасаған салат алып жеп, артынан асықпай, қаймақтап шай ішті.
Дүкенінің есігін ашайын деп кілтті ала беріп еді, біреу қолын қағып жібергендей болды. «Ой, тоба ай!» деп, еңкейіп, кілтті іздеді. Желкесінен біреу басқандай болды. «Бисмилла, бұл не болды?» деп, сілкініп орнынан тұра беріп еді, басын оңдыртпай үстелдің бұрышына ұрып алды. Қатты соғылғаны соншалық, көзі қарауытып, басы зеңіді. Ауырсынып, алақанымен басып еді, шүйдесі кәдімгідей дүмпиіп ісіп қалыпты. «Қараптан қарап жүріп, жаралы болғанымды қарашы!» деп, ол үстелдің шетіне алақанын тигізіп, ұшықтағанның ырымын жасады.
Ақыры кілтті тапты. Жоқ іздеймін деп, тінтінектеп жүргенде қатты шаршап қалыпты. Ту сыртынан бөтен көз қадалып тұрғандай, жайсыз сезінді.
Соның арасынша сыртқы есіктің қоңырауы басылды. «Бұл кім?» деп шықса, бір топ Әбдірахымның курстастары тұр. Қайтыс болған баласына көңіл айтамыз деп, Астанадан әдейі келіпті.
Жылады, сықтады, жұбатқан, сабырға шақырған сөздерін тыңдады. Олардың «қоя ғой, әуре болма, дәм ауыз тиіп кетеміз!» дегеніне қарамай, құстың сүтінен басқасының бәрін дастарханға қойып күтті. Былқылдатып жылқының етін асты. Кетерлерінде көл көсір дәмнен «жас адам, алмаймыз!» дегендеріне қарамай, «жолда жеңдер, сауабы тисін балама!» деп зорлап, пакеттерге салып берді. «Қайырын берсін! Қалғандарыңа Алла Тағала жар болсын! Сабыр ет, өзіңді күт, мықты бол!» дегендей жұбату сөздерін айтып, олар аттанып кетті.
Базарда көз таныс болып қалған екі әйелді шақырып алып, азын аулақ ақшасын беріп, көлдей дастарханды жинатты, ыдыстарды жуғызды, әңгередей үйдің ішін айнадай қылып тазалаттырды. Олар кеткен соң, аса қадірлі, жоғары мәртебелі меймандар келгенде пайдаланылатын күміс қасықтарын, қымбат ыдыстарын жәшіктеріне салып, орындарына қойды. Төрге отырып, атшаптырым қонақ бөлменің өз қолымен алған қымбат жиһаздарына көңілі толып, біраз қарап отырды. Бұрыштағы сейфін ашып, алтын әшекейлерін, алқаларын, сырғаларын, білезіктерін көрді. Шешесінің орамалына бөлек орап қойған, аса қымбат гауһар тасты алтын білезігін, алқасын, сырғасын алып біраз сүйсіне қарап отырды. «Шіркін ай, қызым болса, осыларды берер едім!» деп өкінгендей бір күй кешті. Қымбат тонын, әлі бір кимеген қымбат етігін киіп көрді. Айнаның алдында көлбеңдеп, ары жүрді, бері жүрді. Жұпар аңқыған, қуыршақтай болып киінген Әбдірахымның курстастарының келіншектерін көрген соң, көңілі алабұртып, күйеуін ойлады. Саудаға кіргелі бірінші рет оны сағынғанын сезді, өз өзінен көңілі елегізіді. «Әлгі ұл қайда жүр екен?» деп мазасыздана бастады. Соның арасынша Астанадан Әбдірахым қоңырау шалды. Хал жағдайын, кіші ұл туралы сұрады. Жұмабике баласы екеуінің арасында болған әңгімені айтып берді.
−Қорқа ма екен? Неден, кімнен қорқады? Оларға не керек? Сұрамадың ба? – деді Әбдірахым дегбірі қашып.
−Жоқ, нақты ешкімді айтқан жоқ. Бұл үйге келіп, біреудің қоқан лоқы жасап, қорқытып жатқанын көрмедім. Себебі күні бойы үйдемін… Біреу көзі ілінсе болды, «Үй менікі!» деп айтады дейді.
−Келмейді, үйге қонбайды, қайда жүргенін білмеймін! Товар көп қой, содан алатын болуы керек. Әйтеуір ақша сұрамайды, − деді. – Айтпақшы, мен қолға түскеннің бәрін банкіге салып отырмын көк қағазға айналдырып. Үйде ақша ұстамаймын. Енді алтын әшекейлерімді де банкіге салып қояйын деп отырмын. Сол жер қауіпсіз сияқты, − деді.
−Мен жақында барып қалармын. Дәрігер іздеймін. Синтетикалық дәрілерді пайдаланбай, таза шөп тартса, тез айығады дейді білетіндер… Өзіммен бірге алып кетемін Астанаға. Осы жақта емдетеміз. Құдайға шүкір, сенің арқаңда қаражат жетеді ғой… Жарайсың, қат е е н! – деп қойды көтермелеп, мадақтап…(өзінше нағыз қазақ болғаны). –Кедейшіліктен құтылдық! Бәрі сенің арқаң!Ал, жақсы сау бол! Көріскенше! Өзің күтініп жүр! – деп трубканы қойды.
Ол сыртқы есікті тарс бекітіп, дүкеннің сигнализациясын қосып, демалмақшы болып, бөлмесіне келді. Шешініп жатуға шамасы келмей, төсегіне құлай кетті…
Ертесінде Жұмабикені кіші ұлы есіктің алдында асылып тұрған жерінен тауып алды.
***
Жерлеу рәсімі жүріп жатыр. Көршілер де бір қауым ел болып келіпті.Бір уақытта ақ сақалды бір шал орнынан тұрып:
−Уа, жұртым, бір ауыз сөзіме құлақ түрулеріңізді сұраймын! – деді.
Жұрт сілтідей тынып, қарияға қарап қалды.
−Біз Шығыс Түркістаннан келген ұйғыр жұрты боламыз. Жұбымыз жазылмай, осында келіп, қаланы жағалай орналасып, шетіне дегенім ғой, жай салған тұрғындар едік. Онда мына жер айдала-тын… Осы үйдің орнында екі-үш бейіт бар болатын. Бертінге шейін тұрды. Кейін жан жағынан үй салынғанымен,қорымнан алыс орналасатын… Өжеттен келіп, үлкен кісілер құран оқып кететін. Сөйлесе қалсақ: «Осы жерде жоңғарлармен ұрыста шейіт кеткен көп қазақтың, батырлардың сүйегі жатыр!» − деп айтар еді…
Байқасаңыздар − бұл үйдің айналасы кең. Бейіт болған соң, аруақтардың киесінен қорқып, ешкім жақындап үй сала алмаған.
Онда мына жер базар болып кеткен, сәбет өкіметі құлаған кез еді…
Бір күні бірнеше мәшинемен бір топ адам келді. Осы жерді көріп, ары жүрді, бері жүрді, ары өлшеді, бері өлшеді. Көзім көріп тұрған соң, «бейіт бар!» деп ескертейін деп қастарына бардым.
Аруақтардың мазасын алған тірі пендеге жақпайтынын, оның зауалы, зардабы бар екенін, әрі бақилықтағы олардың бар күнәсі кешіріліп, қалғаны бізге, фәни дүниедегілерге − өмір сүріп жүргендерге − аманат екенін, яғни, «Өлгенге – салауат, тіріге – аманат» деген Майқы заманынан келе жатқан ескі сөзді, ата баба сөзін, тірілердің атам заманнан келе жатқан «ережесін» айтайын, есіне салайын деп барғам…
Амандастым. Ақ бастысы телевизордан көріп қалатын кәттә шоң адам екен. Қасындағылары ұлдары екен. Өздері − төртеу. Барлығы сайдың тасындай тасындай, қарасаң көз тоймайтын жігіттер. Қастарында қоштаушылары тағы бар… Мәшинелері де күшті…
Айттым. Бірақ ана шоң кісі күліп:
−Ака, қазір өлгендерден емес, тірілерден қорқу керек! Өлгендер не істей алады!? Баратыны – қара жер! Барды – жатыр! Олардың сүйегін қопарып жатқан жоқпыз ғой… Жата берсін! Олар – астында, біз – үстінде!
«Өлдің, Мамай, құрыдың!» деген сөзді естіп пе едіңіз?Қорықпаңыз! Бірнәрсе болса, көресіз ғой, сол кезде маған айтарсыз! – деп, қарқылдап күліп, иығымнан қағып-қағып қойды.
Ішімнен «Астапыралла!» деп шошынып, кетіп қалдым.
Содан осы жерді екі үш күндей келіп, көріп, айналып жүрді.Бір күні дарылдаған трактордың даусынан оянсақ, бейіттерді жер бетінен сүріп, жермен жексен қылып, ат шаптырым жерді жып жылмағай қылып, тегістеп тастапты. Тіпті шетіне қазық қағып, қоршап қойыпты.
Біз жағамызды ұстадық. Бірақ ештеме айтпадық, олар біреуді тыңдай қоятын адамдар емес еді.
Алдымен жерді ауыр техникамен бірнеше күн тоқпақтағанын айтсақ, өзіміз де шошып кетеміз. Қара жер ауырсынып, ыңыранғандай болды… Бұрын салынған біздің үйлеріміздің сылақтары түсіп кетті, ал, ішінде жер сілкінгендей, жиһаздарымыз қозғалып тұратын.
Содан айналасы екі үш айдың ішінде осы зәулім үйді тұрғызды, сыртын биік қылып қоршады. Үй иелері көшіп келіп, кіріп те алды.
Содан үш төрт ай өтті ме, өтпеді ме, үйден шаң-шұң дауыстар шыға бастады. Ақыры ұлдар осы үйге таласып, бірін-бірі балталап тастады. Қан судай ақты. Әкелері көп жыл жаны ауыратындардың ауруханасында жатып, бертінде қайтыс болды. Шешелері балаларының артынан көп ұзамай, жүрегі ұстап, бақилық болып кетті. Содан бұл үй екі үш жылдай бос тұрды.
Туыстары сатып еді, оны алған адамдар үйдің бейіттің үстіне салынғанын естіп, қашқандай болып, арзан бағаға беріп, көшіп кетті.
Содан бері бұл үй қолдан қолға өтіп, үш төрт рет сатылды. Ешкім тұрақтамады.
Осы үйдегі қайғылы оқиғалар екі дүние арасында ешқандай байланыс болмауы керек екенін, жолдары түйіспеуі керек екенін, әрі тірілерді қалай құрметтесек, аруақтарға да сондай құрмет көрсетіп, мазасын алмауымыз керек екенін көрсетеді.
«Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген осы екен…Бәріміз де ризығымыз біткен күні бақилыққа кетеміз. Фәни дүниеге қонақпыз.
Бұл үйде ең ұзақ тұрған көршілеріміз осы кісілер еді, жай күйі мынау болды. Жұмабике сондай бір еңбекқор адам еді, жаны жанатта, иманы жолдас болсын! Аумин! −деп, орнына отырды.
***
Әбдірахым үйді сата алмады. Амалы құрып, есігін құлыптап қойды.
Әйелінің жылын берген соң, жылмаңдап жиі кездесе беретін, сыңқылдап көп күлетін, ақырын сөйлейтін Саяш деген бір пысық келіншекке үйленді. Кіші ұлын алып келіп емдеткісі келген. Бірақ ол: «Алматыға барып келейін», − деп кетіп еді, сол күйі хабарсыз кетті.
Бір үйлі жаннан жалғыз өзі қалғаны Әбдірахымның жанына қатты батты. Оның үстіне қабағы салыңқы, әлденеге ренжулі Жұмабике сол базарда жүрген киімімен, кір қожалақ болып, шаршаулы кейіпте көзі ілінсе болды, қарсы алдында тұрады. Күнде түсіне кіреді. Баласы, өзі туралы, ана қызыл шатырлы үй туралы өте маңызды бірнәрсе айтқысы келетін сияқты… Бірақ қасында жатқан Саяштан қаймыға ма, сөзін айта алмай,бұдан көзін алмайды. Оның сұп суық жанары өңменінен өтіп, жүрегіне қанжардай қадалып, жеп бара жатқан сияқты болады.
Бұл болса, жатқан жерінен тұрып, оның не айтқысы келетінін тыңдағысы ақ келеді, бірақ қозғала алмайды. Саяш көзін ашып, бұған бақырайып қарап жатқан секілді болады.
Сөйтіп жатып, шошып оянады. Қара терге түсіп, жан жағына қараса, расында да, Саяштың бақырайып, өзіне төніп, қарап отырғанын көреді.
−Не болды, сонша қорылдап? Жұлқыласам, тұрмай қойдың ғой. Көзің ашық жатыр, өзің қозғалмайсың, қорқытып жібердің ғой, − деп, жаңа алған жары бұртаңдап, жібек халатын иығына іле салып,шашы жайылып, бөксесін бұлтылдатып, жуынатын бөлмеге былқ сылқ етіп кетіп бара жатады…
Қанша бірге тұрса да, екеуінің арасында бір бөтендік бар сияқты, қабысып кеткен ештеме жоқ. Сәл нәрсе болса, екеуі бір біріне секемденіп, жаңа көргендей, үдірейе қарайды…
Сөйтіп жүргенде, жүрегі сыр бере бастады. Қанша емделсе де, болмады, ақыры ажал алып тынды.
***
Әбдірахым мен Жұмабикенің артында қалған мол байлық туралы көп айтылды. Арманда кеткен екеуіне жаны ашыған жолдастары артында қалған жалғыз баласын, жалғыз тұяғын іздеп көрді.
Бәрі нәтижесіз болды…
Курстастары көп жыл өткен соң, «Барахолканың» қасындағы Әбдірахымының қызыл шатырлы үйіне әр түрлі жыбырлаған кеңселер орналасқанын көрді. Астанадағы, Алматыдағы үйлерін де Саяштың сатып жібергенін естіді.
Осы байлықтың жалғыз мұрагері − кіші ұлдың қайда, не істеп жүргенін; не өлі, не тірі екенін әлі ешкім білмейді.

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.