Көк пен жердің арасы

Дәмхана. Тамағымды ішіп болып ыдыстарды сәл әрі ысырдым да, қағаз-қаламды қолға алдым. Әлдене шимайлап отырғам. Көрші үстелден кішкене қара қыз орындықтың оң жағынан бір, сол жағынан бір қарап көңілімді бөлді. Әрекетін балалығына балап жымидым да, жұмысымды жалғастыра бердім. Ол жаныма жүгіріп келді. Қолымдағы ойыншыққа көбірек келетін қаламсапты қызықтаған түріне қарап:
– Сәлем! Жазу жазғың келе ме? – дедім. Ол үнсіз басын изеді. Жалма-жан дәптердің жаңа бетін ашып бердім. Ол «апа», «әже», «ата» деп жаза бастады. Бір кезде қаламсаптың басындағы сияны кетіре алатын өшіргішіне қарап:
– Мәссаған, мына жағы өшіреді екен! – деп таңғалды.
– Жасың нешеде сенің?
– 5 жарымдамын. Наурыздың екісінде алтыға толам, – деді, таңдайы тақ етіп.
– Тү, кіп-кішкентай екенсің ғой!
– Жоқ, мен үлкенмін, менің бөпем кішкентай.
– Солай ма! Түрің бар болсын! Онда сенің арманың да үлкен шығар, өскенде кім боласың?
– Ғарышкер боламын!
– Ал, керек болса! Әпкелерің жүр, міне, түк өндірде алмай. Қазақ қыздарынан бір ғарышкерді шығарып, сен бір дүр сілкіндірші, – дедім. Сөзімді түсінбесе де мәз болып:
– Мен ғарышкер болып айға барам. Онда атам бар, – деді. Енді мен түсінбей қалдым да:
– Атам бар? Оны саған кім айтты? – дедім.
– Иә, атам айға кетіп қалған. Анам айтты. Айға тек ғарышкерлер бара алады. Мен ғарышкер болам!
– Сен атаңды жақсы көресің бе?
– Иә, мен оны жақсы көрем! Ол – күшті адам, – деді өзгеше үнмен. Тіл байлаулы, көңіл ғана сөйлеп тұр:
– Аңсарыңды арманыңа айналдырған анаңнан айналайын! Келмеске кеткенімен де ұрпағын келешегіне қадамдатқан атаң не деген асқар еді, – деп іштей күбірледім. Сол сәт сәбиін салған арбасын сүйретіп:
– Қызы–ы–м, кеттік! – деді анасы анадайдан. Арманы үлкен кішкентай қара қыз:
– Сау болыңыз! – деп жымиды да, беруімді өтінген қағазын өзімен бірге алып анасына жүгірді. Мен:
– Арманыңды ұмытпа, жарай ма! – деп дауыстадым. Ол өжеттікпен басын изей қол бұлғады.
Мен келешек қазақтың ғарышкер қызын көрдім. Айға жет, арманың аласармасын, алып жүректі қаршадай қыз!
Ал, сіз осы бір бармақтай балақай сынды аңсаңырыңыздан арман, сағынышыңыздан сенім, бүгініңізден болашақ жасай аласыз ба?…

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Мөлдір дауыс

    Шағын әңгімеде қаншама сыр, мағына айтылған?! Өте ұнады.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.