ШЕБЕР

Алаш қалам қайраткері Абдолла Байтасұлының аудармашылық қыры

Гүлсезім Теміртас

Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің 4 курс студенті

ХХ ғасырда Алаш ағартушылары оқулық жазу, ғылыми әдебиеттерді қазақ тіліне аудару жұмыстарына ерекше ден қойды. Себебі халықты ағарту үшін керек басты құрал – оқулықтар тапшы еді. «Алаш оқулықтары – бұл салыстырмалы түрде өте кең ұғым. Бұған Алаш тұсындағы оқу құралдары да, Алаш қайраткерлері жазған оқу құралдары да кіреді. 1920-1921 ж. А.Байтұрсынұлы Халық ағарту комиссары болып тұрғанда оқулық жазу ісі біршама жүйеленеді. Авторлар жоқ кезде «білікті оқығандарға жаздырту» деген ұғым шықты. Ахмет Байтұрсынұлының, Қошке Кемеңгерұлының – лингвистика, тарих, әдебиеттану, методика; Міржақып Дулатұлының, Әлімхан Ермекұлының, Сұлтанбек Қожанұлының – математика; Жүсіпбек Аймауытұлының – психология; Мағжан Жұмабайұлының – педагогика; Телжан Шонанұлының – тарих, тіл; Мұхтар Әуезұлының – әдебиет; Жұмағали Тілеуліұлының – медицина ғылымына байланысты оқу құралдары жарық көрді. Әлихан Бөкейхан бастаған енді бір топ ғалым орыс тіліндегі дүниелік ғылымдарды танытатын оқулықтарды, ғылыми еңбектерді қазақ тіліне аудара бастады»[1, 47]. Аударма саласында өнімді еңбек еткен қайраткерлердің бірі – Абдолла Байтасұлы.
Абдолла Байтасұлы – сан қырлы шығармашылық тұлға. Ол ХХ ғасырда ғұмыр кешкен, Алаштың рухани, мәдени, әдеби өміріне белсенді атсалысқан зерделі әдебиетші, қарымды журналист, шебер аудармашы, парасатты сыншы, ұлағатты ұстаз, зерттеуші.
Аудармашылық қабілеті оның ерекше дарындылығын танытады. Қазақ тілі мен орыс тілін еркін меңгергендіктен, сонымен қатар білікті тілші болғандықтан А.Байтасұлы аудармамен еркін айналысқан. Ол Вагнерден «Жануарлар туралы әңгімелер» (Ташкент, 1924, 126 бет), профессор Гейкіден «Физикалық география» (Ташкент, 1924, 204 бет) , Г.И.Ивановтың «Бастауыш жағрафия», В.Семейкиннің «Күн қуатының құрылысы» туралы еңбектерін қазақшаға тәржімалады.
Осы кітаптарға сын жазып, лайықты бағасын берген алаш көсемі Әлихан Бөкейхан еді. Әлихан Бөкейханның өзі де көркем мәтін, ғылыми мәтін мен ғылыми-көпшлік мәтіндерді аударып, аударма бойынша мол мұра қалдырған. «Қаламы жүйрік оқымысты балаларға арналған оқулық әдебиеттерді де, саяси әдебиеттерді де, ғылыми еңбектер мен публицистикалық әдебиеттерді де аударды. Оның аудармаларынан да «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген өмірлік мақсатының айқын көрініс беріп тұрғанын көруге болады»[2, 100].
Өзі де білікті қаламгер Әлихан Бөкейхан орыс тілінен аударылған кітаптарға сын айтқан. Мәселен, Абдолла Байтасұлының аудармасына айтқан сыны: «Абдолла жолдас орыс кітабын қазақшалауға шебер, кітаптың қазақшасы хат білетін қазаққа түсінікті. Бұл кітап мектепте, мұғалімде болған оң. Мұны оқып алған мұғалім балаларға сабақ берсе, құрал болады. Орыс тілін білмейтін жастар бұл кітапты оқымаса болмайды»,- деп жоғары дәрежеде бағасын бере кетеді. Сонымен бірге Қыр баласы кемшіліктерді де атап өтуді жөн көреді: «Абдолла жолдастың ақсаған жерлері мынадай: Абдолла «шар, шар» деп келеді (28-34 беттер) бұл доп қой! «Мысал үшін» дейді(27 бет) – бұл орыстың «для примера ғой! Бұл қаламның тас басып, тасырқағанына куә! Мұнан жазушы қазақ құтылуы керек. «Яғни», «яки», «егер» дейді. Бұлар жазылған бет толып жатыр. Мұнда тізіп те керек емес. Қазақ «яғни», «яки», «егер» деп сөйлей ме? Бұ да сөзге олақтылықты, қаламның шабандығының, қамшы тілегені ғой. Жазушы қазаққа бұл құрал емес» [3, 189-190].
«Байқап отырғанымыздай, ғасыр басында зиялылардың аудармаға қойған негізгі шарттары – қазақ түсінігіне жеңіл, тұрмысына, болмысына үйлескен болуы, ана тіліміздің табиғатына сәйкес келмейтін оралымдарды, стандарт тіркестерді қолданбау т.с.с болған»[4, 637].
Абдолла Байтасұлының аударма саласындағы мұрасын ұлт көсемі Әлихан Бөкейханнан кейін бірде бір зерттеуші қарастырмаған. Сондықтан алдағы уақытта А.Байтасұлының аудармаларынан тілімізге қажетті көптеген терминдерді, ғылыми атауларды жүйелеп сөздік қорымызға қосу жұмысы тілші ғалымдардың алдына қойылған міндет. Бұл тілімізде қаптап кеткен шетел сөздерінен арылтуға, сөздік қорымыздың байюына мүмкіндік берер еді.

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1. Алаш қозғалысы. Энциклопедиялық анықтамалық. Құраст.: Е.Тілешев, Д.Қамзабекұлы. – Алматы: Сардар, 2014. – 528 б.
2. «Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және Тәуелсіздік құндылығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Астана, 2016. – 432 б.
3. Омашев Н. Жиырмасыншы жылдар журналистикасы.Т.2. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2014. – 320 б.
4. Жұбаева О. ХХ ғасыр басындағы қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Қазығұрт, 2013. – 664 б.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.