ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ДАМУ МЕН ЖЕТІСТІКТІҢ ТЫҢ СЕРПІНІ

Айнагүл
Қайыпбаева,

ҚазМемҚызПУ, Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты.

 

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты тарихи Жолдауына куә болдық. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған кезекті 2017 жылдың 30 қаңтардағы Жолдауы – еліміздің жеткен жетістіктері мен халықаралық саяси-экономикалық аренадағы орны және жаңа жаһандық дәуірде атқарылуы тиіс маңызды мәселелердің орнын айқындауға арналды. Аталған Жолдау өз уақытында жарияланған және тың бастамалар мен серпілістерге толы болды деп есептейміз. Өйткені бүгінгі күні әлемдегі саяси-экономикалық әрі әлеуметтік жағдай, еліміздің даму мүмкіншіліктері соны талап етіп отыр. Осы турасында Елбасы өзінің Жолдауында: «Болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді» деп нақты көрсеткен болатын. Неге десеңіз, бүкіл әлем жұртшылығы экономикалық, саяси дағдарыстың қиындықтарынан шығудың тетіктерін қарастыруда. Дағдарыс салқыны біздің елімізді де айналып өтпейтіндігі айқын. Осыдан шығудың жолы бар ма? Алдағы уақыттағы жолымыз қандай? Міне, Қазақстан жұртшылығын толғандырған сұрақтар легі осындай еді. Жолдауда осы сұрақтарға жан-жақты жауап беріліп, оның қайсысын қалай тойтарудың бағыты тиянақты қарастырылып, Елбасы ұсынысымен таяу жылдардағы жаһандық сынақтарды Қазақстанда еңсерудің нақты бағыттарын айқындап, іс-шаралар жоспарының көрсетілуі халықтың рухын көтеріп, сенімін тұрақтандырды.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Осы Жолдау арқылы еліміздің әр азаматына жаңа жағдайдағы даму бағытымыз жөніндегі өз көзқарасымды жеткізгім келді» деген болатын. Осы орайда, Елбасы Қазақстанды Үшінші жаңғырту жөніндегі міндеттер қойды. Сонымен қатар, елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін экономикалық өсімнің жаңа моделін құру қажеттігіне тоқталды. Әсіресе Жолдаудағы «Еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру керек», «Басымдығы бар салалардағы бәсекеге қабілетті экспорттық өндірісті дамытуды көздейтін индустрияландыруды жалғастыру керек», «Экономикалық өсімнің тұрақтылығы үшін елдің тау-кен металлургиясы мен мұнай-газ кешендері өзінің стратегиялық маңызын сақтауға тиіс», «Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек», «Жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту – маңызды басымдықтардың бірі», «Урбанизация үдерісі құрылыс секторын дамыту қажеттігін алға тартып отыр. Ол отандық экономиканың толыққанды драйверіне айналуға тиіс» атты міндеттері жан-жақты ашылып, дамудың жаңа бағдары нақтыланған. Дәл осы болашақтың бағдарына айналған бағыттар Қазақстан дамуына жаңа серпін береді.
Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Жолдау барысында «Қазақстан – жас, көп ұлтты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет! Біз тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық даму жолынан өттік. Алдағы 25 жылда бұдан да биік белестер күтіп тұр. Мемлекет құру жолында теңдессіз, мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басып отырмыз. Алдымызда қандай қиындықтар кездессе де, оларды еңсере алатынымызға сенімдімін. Біздің басты күшіміз – бірлікте. Қазақстанды кейінгі ұрпақ үшін бұдан да өсіп-өркендеген елге айналдырамыз!» деген сөзі еліміздің барлық азаматы мен өскелең ұрпағы үшін өз бойындағы сеніміне тың күш пен жаңаша серпін беруде.
Бүкіл әлем мойындап, алдағы дамуын қуатты 30 іргелі елдің қатарында болжап отырған еліміздің бүгінгі таңдағы саяси-экономикалық және әлеуметтік салада қалыптасқан жағдайына алдағы уақыттағы даму жоспарының болуы өте маңызды. Сондықтан бұл жайт Елбасы Жолдауының өте орынды әрі дер уақытында жарияланғандығының тағы бір дәлелі деп айтуға толық негіз бар. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірігіп, тізе қосып еңбек еткен жағдайда ғана табыстарға жететініміз анық. Халық даналығы «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» дейді. Тарихи мазмұны жоғары әрі терең философиялық мәні бар дәл осы мәтел бүгінгі қалыптасқан жағдайда біздің Елбасы ұсынған сара және айқын, сенімді әрі тұрақтылығы анық сезілетін жолмен жүруге шақырып тұр.
Президентіміз өз Жолдауында алда тұрған бағдарламалық міндеттермен ғана таныстырып қоймай, осындай күрделі кезеңде халқымызды “Мәңгілік ел” мұратына жету жолында ынтымақ пен бірлікке, ұйымшылдыққа шақырып үндеу тастағандай болды. Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдық даму жолынан өткендігіміз, тарихымыздың мақтануға тұратыны, болашағымыздың жарқын болуы жолындағы іс-шаралар легі Елбасы айтуында ерекше естілді.
Қорытындылай келе, Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауын биік белестерге жетелейтін басты бағдар деп бағалаймыз. Президент Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің болашағы мен егемендігінің баяндылығы мәселесі қозғалған бұл жолғы халыққа үндеуінің тарихи маңыздылығы мен жүктелген салмағын сезініп, осыған сай әрекет ете отырып, қолдау көрсету баршамыздың міндетіміз деп санаймыз. Бірлігі бекем, даму қарқыны алға арындаған Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университет ұжымы Елбасы ұсынған нұрлы болашақ жолында абыройлы міндеттерді жұмыла көтереріне, мақсатымызға жетуге өз үлестерін қосатындығына кәміл сенеміз.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.