МЕН УАҚЫТТЫҢ БЕЙКҮНӘ ШАҚАЛАҒЫ

Әсел ОСПАН

1978 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің түлегі.

 

Жырың əдемі

Еліттің еркем, сырыңа мені,
Ғажайып неткен, жырың əдемі.
Тоңазып қалған жүрегім-керім,
Отыңа балқып жылына бердім.

Жылына бердім, жырың əдемі,
Жұмсақтау ғана жығыла бердім.
Жетім ойдан шаршаған жүрек,
Құшаққа қайта тығыла бердім.

Жырың əдемі, сырың əдемі,
Бөлесін күйің нұрына мені.
Қиял жайып қанатын көкке,
Өзіңе қарай бұрыла берді.
Өйткені, жырың əдемі….

Ағатай деуші ем…

Ағатай деуші ең, күтпей бір
менен пенделік,
Ағатай деуші ең, ағаңа мені тең көріп.
Сол ағаң сенің сергелдең болып жүр бүгін,
Сезімнің ақ жал толқындарына тербеліп.
Е.Жақыпбек.

Ағатай деуші ем, көңілімменен адалдық,
Ағатай деуші ем, өңіңнен
көрмей қаталдық.
Ағаның ғана аппақ жүрегінен ағылар,
Шуаққа тұнған, мейірім толы хат алдық.

Ағалап барсам алдыңа еркін, ерке едім,
Оқумен өлең жылжитын уақыт ерте күн.
Өлеңді сүйген мендегі іңкəр жүрекке,
Қалғаны керек, бітпестей тəтті ертегім.

Аңқаулау маған көзінің тастап қиығын,
Асқақтатып-ақ əкетуші ең көңіл биігін.
Ағалап келген мендегі ыстық ықылас,
Ойнақтап жүріп от басып кетті ме киігім?..

Ағатай деуден арылғым келмей
көптен мен,
Үркіп-ақ ала жөнелді көңіл жоқ деуден.
Адасып қонған бақыттың құсы сірə, бұл,
Күзінде жетіп, келмеген бағзы көктемнен.
Ағатай деуші ем, ағалап барып алдыңа,

Мейіріммен қараушы ең аңқау қалпыма.
Сеземін бəрін, сезбесін неге жүрегім,
Есігін ашып сезімнің келдім алдыңа.
Жүректі тыңдап, демедім не дер ар мына…

Өзге өмір

Бір күнім
өтпестей мүлде көрініп,
Қабырғам
қақырап жатты сөгіліп.
Тірлігім
мұңлықтың күйі сұрасаң,
Жанып-ақ кеткем,
бүршігім күлге бөгіліп.
Сырлымын
жұмбағы көптеу
өзіме-өзім бір түрлімін,
Ерке едім
еркелік қалмай
миықтан батты ерте күн.
Уақыттарымды
парақтай шашып,
əлсіздеу отқа өртедім,
Тұңғиыққа
қамалған ойдың,
құрсауға толы шерменін.
Сұраққа алып,
жанымды жанши
рахаттана бір тергедім,
Жауабын таппай,
теріме бөктім
айналып түскендей жерге күн.
Өзекті жанға
үйір-ақ екен,
адасып жүрген кезбе мұң,
Сен оның бірін де сезбедің….
Мекендеп алып əлемімді,
əлде бір малғұн сұм иелеп,
Барамын не боп,
өзгерген мен бе,
өзгерген əлде дүние ме?
Астамдық жасап,
жатыр ма менің
сыртымнан ғана ойран сап,
Шаңқай түсімді де кетпекші,
қара түндердей күйелеп.
Жатсындым бəрін,
жатырқап қалған көздерім,
Бүк түсе бердім
саясын тауып көрпенің.
Таңдайдың дəмі
темірдей кермек сезіліп,
Менің емес, Өмірі дерсің өзгенің…..

Қар астындағы гүл

Қар астында үсисің бүрсең қағып,
Көк көйлегің көрінбей күлтең налып.
Қыз қылықты көктемнің қылығын-ай,
Ақ жаулықты мезгілсіз кидің нағып.

Сызы батты білемін, ызғарлығы,
Елеп жатқан көз салып, кім бар мұны.
Тамырларын сұп-суық сүйіп жатқан,
Əлде қыстың көктемге құштарлығы.

Ғазал жүрек бірге үсік шалынғандай,
Дегбірімнен күй кетті сабыр қалмай.
Табиғатты оятқан сұлу көктем,
Қойсаң етті, қыс қарын қабыл алмай.

Қар астында үсіген көк шынарым,
Қара жердің қашанда боп тұрағы.
Үсік шалып бауларда, далаларда,
Естіртпеді, сап тиылған құстың əні.

Қар астында үсисің бүрсең қағып,
Қыс суығы жалмапты бүлдеңді алып.
Сенің тоңған жаныңды қайтсем екен,
Жапсам ба екен, үстіңе күртемді алып.

Қар астында үсіген нəзік гүлім,
Кеткендейсің біртүрлі азып бүгін.
Жылытар ем, жылынсаң жүрегіммен,
Білем сенің алдыңда жазықтымын…

Балқаш

Күмбірлетсе кеудемді күй сіңдіріп,
Тағдырым ғой, бұл дағы сый сынды үміт.
Сол аппақ түн жанымды тебіренткен,
Қайран Балқаш, өзіңе сүйсіндіріп.

Ай жылжиды бетке алып құбыланы,
Нұр төгеді нəп-нəзік шұғылалы.
Салқын жаздың тымырсық аппақ түні,
Жағалауға жетіп ап тынығады.

Толқынында кестелі ой барады ауып,
Жарқылынан ай-жұлдыз пана тауып.
Сарқылмайтын жалғыз-ақ үміт дара,
Тартылмасын жалғыз-ақ жағалауың.

Балқаш түні, сарыны жағалаудың,
Құдіретіңе қайран қап қарамау сын.
Түн ұйқымды ұрлатқан тəтті сезім,
Білмейді алалауды…

Құлазу ма, кім білсін жылай ма анық,
Құлақ тосам үніңе құлай қалып.
Кеудемдегі ала қаз тыпырлаған,
Жүрмісің шыр айналып…

Кім сүймейді, қыз жанын гүлдей нəзік,
Нəзіктікке қарайды үзбей жазып.
Буырқанып жағаңды соққанменен,
Сыйқырыңнан жүрегім іздейді азық.

Жалғасады жерде қай сапар əлі,
Армандарым қай жаққа апарады.
Көз түбінде толқыған ақ айдындай,
Мен уақыттың бейкүнə шақалағы.

Сезім

Кəусарым ба едің
мөлдіреп аққан бұлақтан,
Жырыңмен енші
жаныма мəңгі тұрақтап.
Жапырақ жүрек
сыбдырын қағар сиқырлы,
Беймезгіл тағдыр,
мен сені солай ұнатқам.

Күнің ем ғой
жарқырайтұғын аспанда,
Жұлдызым едің
айың боп сыңар қоссам ба.
Ғажайып күйдің
бұралып мың бір биіне,
Шығыңдай тұнсам
гүліңе нəркес ақ таңда.

Көліме біткен
құрағым болшы жайқалар,
Бетіне судың
сəулесін төгіп ай қонар.
Тыңдатып түнге
əнімді салсам нəзіктеу,
Бақыттан басым
сірə да тағы айналар.

Жүрегім менің,
нəзіктеу ғана үн қатқын,
Өзіме мəлім
біреулер үшін жұмбақпын.
Сергелден қуып,
сезіммен кетсем кешіргін,
Сезімсіз өмір
қиындау маған, қымбаттым…

Хафиз

,,Ей, Сахи дос, құй шарапты,
көтерейік көңілді,
Оңай деген махаббаттың қасіреті
ауыр көрінді»
М.Хафиз.
Махаббаттың ғазалдарын
дəл Хафиздей жырлаған кім?!
Шығар жолын бал-шараптан
тапты жолын шырғалаңның.
Шаһнабадтай хас сұлуға
тең келетін жан таппай,
Сұлулықтың гүлзарларын
бəйітімен суғарған мың.
Хафиз-əуен, Хафиз-мұң,
шерге толы бір жүрек,
Бал-шарапсыз жанын қояр
жер таппайды тілгілеп.
Сырлы тостақ сырлас болып,
диуанадай емдейді,
Ғашық жүрек жетсем дейді
ғашығына түн тілеп.
Сүмбіл шашты жел тараса
одан тағы қызғанды,
Өзгелермен ішпеші деп,
достаспа деп сызданды.
Өзгелерге қатпашы үн деп,
көрмесін деп көзі де,
Өртеші деп тек өзімді
болшы деді құштар шын.
Наркескендей қос жанар
кірпік қақса шынайы,
Хафиз түгіл Шираздың
көркемделер шырайы.
Сенің адал көңіліңе
тартқан сыйы Тəңірдің,
Шайырлығы оңынан
аттатқызбай нұр-айын.
Сүмбіл шаштың болыпсың-ау
құл, тұтқыны əй, Хафиз,
Ғашық болсаң бал-шараптан
дəл Хафиздей шайқап іш….

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.