БАРДЫ БАР, ЖОҚТЫ ЖОҚ ДЕСЕК…

Мәлік Қайдаров

ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Станоктық живопись маманы

 

Соңғы жылдары елге әне барамын, міне барамын деп жолым түспей қойған. Содан биыл бір реті келді де, желтоқсан мен қаңтардың қақап тұрған суығына қарамастан елге екі барып келдім. Сонымен сәті түскен күні өзім туып-өскен Қызылқұм мен Қарақұмның ортасында жатқан, Қызылорда облысының Жалағаш ауданына қарасты Далдабай ауылына да келіп жеттім. Далдабай Жалтынов ағамыз ұзақ уақыт басқарған, Кеңес үкіметі кезінде қаракөл қойын өсірген, талайды тонды, қаракөл жағалы жасаған ел бұл. Сыныптастарым қуана қарсы алып, қаладан күтіп алған.
…Бұл жерге алғашында кәрістер жер аударылып келіпті, соңынан соғыс басталғанда Ақтөбеден біршама елді көшіріп әкелгенге ұқсайды. Жергілікті халқы да бар. Менің бала күнімде аппақ үйлері сән түзеген, тіршілігі қайнап жататын ауыл еді. Жайсаң ағалар, жарқылдаған жеңгейлер, абыз қарттарым, абзал әжелерім отырушы еді-ау жиын-тойларда. Қайран туған жер, сенен үлкен арман арқалап, аттанып, ұзақ жолға түсіп кеткеніме де биыл 38 жыл болыпты-ау. Енді, міне, менің қатарластарым осы ауылдың үлкен азаматтары. Былайша айтқанда, бұл бір адамның ғұмыры емес пе? Осы уақыттың ішінде қызығы мен шыжығы жетіп артылатын өмір сүріп, қызығы мен қиындығы қатар өрілген алыс сапарлар мен жат елдердің топырағын армансыз-ақ шиырлап келіппін. Өмір-ай дейтіні осы екен-ау.
Мынау жатқан төбелер мен бозаң белдер балалық бал күндерден бір белгідей. Көктемі әдемі болатын. Сәуір туа дала құлпырып кететін. Сарғалдағы мен қызғалдағы құмдауыт төбелерді сәнге бөлеп, біздің ауылдың гүлін теруге көрші ауылдан да келушілер болатын. Бір төбеден екінші төбеге жүгіріп шыққанда мүлде басқа көрініске тап болатынбыз. Сол даланы бір көруді көктем сайын армандайтынмын. Балығы тайдай тулаған көлдер, күзде піскен мәуеге малшынған жиде тоғайлары – енді менің қиялымда ғана қалғандай…
Сонау аласапыран басталған өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының ортасында, Мәскеуде оқып жүргенімде отбасымды алып, елге жыл сайын келіп жүрдім. Үш күн сапар шеккізетін ұлан-ғайыр қазақ даласын көктей өткен «Қазақстан» пойызы қазақ жеріне кіргеннен бастап, терезеге еміне қарайсың. Сонда деймін-ау, аптап ыстықта, пойыз жолдың бойында жалаң-аяқ, жалаң бас өріп жүрген жас-кәріні көріп, алып-ұшқан көңіл басылып-ақ қалатын. Қолындағы табиғи құнды заттарын болмашы тиынға да өткізе алмай сапырылысқан ақжаулықты аналар мен қарындастарымды, жасөспірім бала-шағаны, қандастарымды көріп, жүрегім езілетін…
Сағынышымды баса алмай, әдейі пойызбен жүретінмін.
Енді, міне, сол тәуелсіздігімізге де табаны күректей 25 жыл болыпты. Озық елу елдің қатарына кіру де, ойымыда бар. «Қазға еріп, қарғаның шаты айырылғандай» болмасақ неғылсын. Талайды көрген бұл халық өзін жұбатып күн кешуде, ақырын сабырмен күтуде.
Әкемнің көзін көрген бірді-екілі ел ақсақалдары құрақ ұшып, аман – саулық сұрап жатыр. Қариялар да азайып қалыпты. Ауыл шетіндегі төбедегі қорым біраз жерді алып, ұлғайып бара жатыр екен. Онда менің ата-анам, талай қимастарым жатыр-ау. Біздің қатарластар ауылдың үлкендері болып қалғандай.
Кезінде қаракөл дайындайтын дүркіреген шаруашылық осы Жалағаш ауылы, қазір Далдабай атында. Оның орналасқан жері де, табиғаты да ерекше. Ауылдың оңтүстігінде алты алаштың анасы, талай тарихтың куәсі болған Сырдария еркелей ағып, айнала өтеді. Арқа бетінде шығыстан батысқа күнде ағылатын Алматы мен Мәскеуді жалғаған пойыз, шойын жол. Сол тұста көпір бар, ол біздің ауылды Қараөзекке жалғайды. Сол жолмен Қараөзекке жетсең, әрі қарай талай тарихтың бесігі болған қайран Қарақұм бас-талады. Міне, менің туған жерім де осындай көркем жер.
Осы жерден талай атқамінер, елге тұтқа ағалар, білім-ғылым, өнер майталмандары шыққан. Билік басындағылар өзімнен кейін шөп шықпасын дейтіндей қайырымсыз болардай не көрінді екен? Баяғы бала күнгі ғажап көріністен түк қалмағандай. Ескі мектептің орны ендігі жоқ. Дәл біз өсіп-өнген туған үйдің орнында Алла-тағала аспаннан тастай салғандай ебедейсіз екі қабатты жаңа мектеп үйі бой көтерген. Құрдастарымнан сұрастырып білдім, бұл мектепті де жоспарға кіріп кеткен соң амалсыз салыпты. Жетпіске жетер-жетпес түтіні бар ауыл. Мәдениет үйінде, баяғы өзім кино қойған клубта қара құлып тұр. Бұрынғыдай кіріп-шығып жатқан жан жоқ.
Жаңа мектепті ішінен көріп, танысқым келген. Алматыдан ала шыққан «Үркер» жорналының екі-үш нөмірі бар еді, соны беріп, мектеп ұжымымен танысу ойымда болды. Мектеп ішінде бірді-екілі мұғалім, оқушылардан басқа көзге көрінер ешкім жоқ болып шықты. Түскі ас ішуге үйлеріне кетті деген соң күтуге тура келді. Содан аттай бір сағат күттім. Директор болмаса оқу ісінің меңгерушісін көргім келді. Ол да жоқ болып шықты. Хан сарайындай тамаша мектептің іші құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Тек мектептің шаруашылық басшысы Әбдіжәми ағай жүр екен, көптен көрмеген аға құрақ ұшып, аман-саулық сұрады. Бөлмесіне ертіп барды. Осында күтейін деп шештім. Сөз арасында ағайдан мектептегі үйірмелер жайын сұрадым. Оны жүргізетін маман қайда деп мұңайды. Қандай өкінішті жағдай.
Су тасып жүрген баланы көзім шалды. Сөйтсем, мектеп асханасында су жоқ екен. Ауыз суды даладан таситын болып шықты. Анасы ауырып, бала-шағасы көмектесіп жүрген беті екен. Жылу жүйесі бар екен, сол жерден неге ауыз су мәселесін де шешіп алмасқа? Біз ұңғыл-шұңғылын тексермедік, бірақ сырт көзге-ақ мектеп асханасының жағдайы да сын көтермей тұрған сияқты. Жиырма бірінші ғасырда біздің ауылдарымыз темір жолдан таяқ тастам жерде осындай күй кешуде. Ал түкпірдегі ауылдарда не болып жатыр десеңізші?
Жұмыс күні қаңыраған иесіз мектептен оның директоры Раманқұлов Советке жолыға алмай сыныптастарым Дербісәлиев Орынтай мен Қожабекті, Арубайды ертіп үйге бет алдық. Жолда олардан ауыл балалары сабақтан соң немен айналысады деп сұрадым. Сабақтан кейін көшеде ойнап, өмірлерін босқа өткізіп жатыр деп ауыр күрсінді олар. Бейнелеу өнері мен ұлттық бұйымдарды жасауды үйрететін ұстаздар жетіспеушілігінен ауыл балалары осылай көшеде өсіп келеді. Біз балалардың болашағын ойлап, ауыр күрсіндік.
Бұл мақаланы жарқын болашақ туралы толғанып аяқтауға болар еді. Бірақ менің ішкі дүнием өтірік айтқанды сүймейді. Сол жақсылықты неге бүгін жасамаймыз? Неге барды бар, жоқты жоқ демейміз. Мені осы мәселе мазалайды, ауылға барған сайын ауылымның жағдайы жанымды қинайды. Ол жақта да болашақ бар емес пе? Жастар басылымы – «Үркер»-дің бетінде осылайша ой бөліскім келді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Отен Ахмет дауыс

    Жүрегің сыздап отырып жазыпсың, інім. Тебіренбей оқу мүмкін емес. Мен Қорқыт стансасында туғам, Қармақшылықпын. Маған таныс жәйіттер, суреттер. “Бар мен жоқ”, яғни шындық осы. Қалғанының көбі теледидар бетіндегі жаппай шоу-поу, виртуалды өмір. Бар кезінде көп ақша желге ұшып кетті, әттең…

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.