ЖЕЗКИІК. ЖЫҢҒЫЛ және ЖАУЫЗДЫҚ

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

1957 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бөген ауданы, «Шалдар» кеңшарында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін сырттай бітірген.
С. Олжабай еңбек жолын Созақ аудандық «Молшылық үшін» газетінде әдеби қызметкер болып бастап, редактордың орынбасары қызметіне дейін көтерілді. 1993 жылы «Оңтүстік Қазақстан» газетіне қызметке ауысты. С. Олжабай «Шымкент келбеті» қалалық газетінің Бас редакторы қызметінде болды. Қазір газеттің бас редакторының орынбасары қызметінде.

 

(Қаз-қалпында)

Мойынқұм момақан қалпынан танбай шағыр-шағыр болып жосылып жатыр. Сәукелелі сексеуілдер сонадайдан сүйкімімен қарсы алып, сол қалпында шығарып салады. Көз сүрінер жердің барлығы ақ қырау. Машинаның бірқалыпты сарыны ұйқы шақыратындай. Кейде айқыш-ұйқыш жерге келгенде шоқырақтап, қаңғып кеткен ойды қайырады.
…Ұлы Нұрадан еңіске көз салсаңыз, алдыңыздан ұлан-байтақ жазық көрінеді. Кәріқұлақ қариялар кезінде осы жерді теңіз толқыны сабалап тұрған деседі. Ана бір жылы Ұлытау сапарында ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевтың еңбектерін оқығаным бар. Ұлы ғалымның еңбектеріне сүйенсек, осы маңай есте жоқ ескі замандарда су астында болған. Су бірте-бірте жерге сіңіп, теңіз тартылғанда су бетінде алғашқы болып Ұлытау шыңдары қылтиып көрінген. Содан да, бұл тау Ұлытау болып аталады. Осы таудың бір сүйемі Тәңіртауы аталады. Оған көтерілерде Гүлсара атты кәусар бұлақтан су ішесіз. Жолсоқты болып, шөліркеп келген адамға мөлдір де салқын су шипадай сезіледі.
Нұраға оралайық. Осы аймақта «Таңбалы тас» деп аталатын жер бар. Шатқалдарға бағзы бабаларымыз түрлі таңба қалдырған. Үш жүздің таңбасы қалған шатқалды қаншама ғасыр бойы соққан жел әбден мүжіген. Бабалардың қолымен салынған таңбалар әр жерде шашылып жатыр.
Қастерлі орынды қадірлей алмағанымызға іш өртеніп, көңіл жүдеп келе жатқанда алдыңыздан баялышты жазық дала кезігеді. Бір кездері сексеуілді отын ретінде пайдалануға рұқсат берілмей қалған кезде жұрт жаппай баялыш шапты. Бір түп баялыш бір шелек көміріңізді әп-сәтте тұтандырады. Бойы аласа болғанымен қызуы қатты.
Үрпиген сәби болсақ та,
Ұшатын самғап ой алыс.
Сөнбейтін шоғы бір таңға,
Болғанмен ақ қыс, салқын күз.
Баялыш сенің арқаңда,
Оттылау болдық, бәлкім, біз, – деп Жүрсін Ерман жырлаған баялышыңыз осы.
Иә, нәсілі бұта болса да, баялышта тектілік бар. Кешегі сұрапыл заманда әжелеріміз осы баялышты тау-тау етіп үйіп, қыста балаларын үсітпей, аман алып қалған. Сондықтан баялыш көрсек, бойымыз қызады.
Дінінің қаттылығынан да шығар-ау, біз мінген екі «Джип» көлігінің бірінің доңғалағынан от шықты. Зәре-құтымыз қалмады. Сөйтсек, автокөлік доңғалағына баялыш оралған екен ғой.
Сайын даланың шөбі де, онда жайылып жүрген аңы да текті. Бетбақдала мен Арқаның кез келген шөбі дәрі. Тек олардың тілін білу керек. Менің білетінім жусан, торғайоты, изен, ебелек, мия, жыңғыл мен сексеуіл. Күні кеше әжелеріміз жыңғылдан бояу алып, тон бояғанын бүгінгі жастар білмейді. Сексеуіл отын ғана емес, оның күлін сақарға қосып, кәдімгі сабын жасайды. Сексеуіл күлінен теміреткіге қарсы дәрі алады. Мияны бүгінде көпшілік жақсы біледі. Айтпақшы, шайшөп деген де бар екен-ау. Бала кезімізде отынға баратынбыз. Шешелеріміз дастарханның немесе орамалдың бір бұрышына түйіп жіберген шайы тез таусылып қалатын. Осындайда үлкендер талай рет шайшөп теріп әкеліп демдеуші еді. Ал, енді құмда өсетін жуа мен сарымсақ, жаужұмырдың қадірін ауыл ақсақалдары айтсын. Ашаршылық жылдары жаужұмыр қазып жеп, аман қалған бабаларымыздың ұрпақтары арамызда жүр. Жаужұмыр жөнінде әңгіме бастасаңыз, бір таңды ұйқысыз өткеретініңізге бәс тіге аламыз. Шыбықты ат қылып мініп жүргенде жуаны біз де талай жедік. Айранға қосып жеп алсаңыз, кешке дейін тамақ іздемейсіз.
Ал, енді жүгірген аңы мен ұшқан құсы… Япыр-ай, не деп кеттім? Бүгінде өзі Арқа мен Мойынқұмда, Бетбақдалада, Тақырда, Нұра бойында, Текей, Дегерез, Үшкөкше маңында жүгірген аң кездестірдіңіз бе? Мына Нұра табанынан, Текей, Дегерез, Үшкөкшедегі ұңғымадан шөлін қандырған киіктер, ақбөкендер үйір-үйірімен жүйткіп жүрмейтін бе еді? Екеу-екеу болып шағылдардан қарақұйрық жалт ететін. Дала еркелері мұндай сұлу болар ма? Төрт аяқтысы тағылығын жасаған шығар-ау, екі аяқтылар да қыр соңына түсіп алған жоқ па? Ақбөкеннің мүйіздері өзіне сор болып жабысты. Жанары мұңлы, мүйізі құнды ақбөкенді сол мүйізі үшін броконьерлер үйір-үйірімен қырып тастады. «Қытайлар ақбөкен мүйізінің келісін пәлен теңгеден алады екен. Одан қымбат дәрі жасайтын көрінеді» деген әңгіме шыққан соң еріккеннің барлығы итін жетелеп, мылтығын асынып құм ішін, сайын даланы кезіп кетті. Түнде автокөліктің өткір жарығымен ақбөкендерді тұсап, пырдай қылып атып, мүйіздерін қағып алып, жырдай қылып айтып жүргендерді көрдік.
Ақбөкендер Шу өзенін жағалап биыл да Мойынқұмға сұғына енді. Бірнеше жыл көрінбей кетіп, ойда-жоқта қайта оралған киіктерді көрген жергілікті жұрт мұны жақсылыққа балап отыр. Бірақ өте сирек деседі. Мейлі де, мейірімді адамдардан пана іздеп келді ғой. Үркітпейікші оларды.
Жезкиікті үркіткендер онсыз да жетіп артылады. Қасекеңдер тыныш жатады дейсіз бе? Алайда соңғы кезде қасқыр екеш қасқыр да қалмай барады. Түлкітұмақ кигендер көбейді. Қоянның қуырдағына мелдектеп тойғандар кекірік ататын болған. Осылай дала тағылары безіп кетті. Тым болмаса алдымыздан бір қарсақ қиып өтсе деп тілеп келеміз.
Осы кезде жүргізуші жігіт Ербол айқай салды.
– Кетті, кетті!
– Не кетті? – дейміз шошына.
Құм ішіне тереңдей енгенбіз. Осындайда машинаның бір тетігі бұзылса, өлдім деген осы болады. Жүргізушілердің сөздік қоры да қызық. Машинаның бір бөлшегі бұзылса «кетті» дейді. Біз осы «кеттіні» ойлаппыз. Сөйтсек, жүргізуші оң қолын терезеден шығарып, шошайтып:
– Әне, әне! – дейді.
Жалт қарадық. Міне, керемет! Бір үйір киік шағылдың күнес бетіндегі шөптесінде жайылып жүр. Текесі болар, біреуі шағыл төбесіне шығып, жан-жағына жіті қарап, кең танауымен иіс аңдиды. Түз тағысы таяу болса ата жөнелуге дайын. Тасжолмен сырғып өтіп жатқан темірлерден қауіп жоқ екенін олар да біледі-ау шамасы. Бірақ сол «темірден» түскен қолдарында оқ шашар таяғы бар екі аяқтылар қауіпті. Сондықтан машина дауысының ырғағын да киіктер зерттеп алған тәрізді.
Бір дөңестен аса бере киіктердің топтанып, шағыл асып бара жатқанын көзіміз шалып қалды. Қанша дегенмен темір көліктегілерге бүгінде сеніп болмайды. «Құтырғаннан құтылған». Ақбөкеннің сезім мүшелері керемет дамыған деседі. Арам ойлы адамдардың көзіне көп түсе бермейтіні осыдан шығар. Дегенмен, оның табиғи жаратылысы ерекше екенін білеміз. Әсіресе, тыныс алу органы жақсы дамыған. Соңынан қуғын түскенде ұзап барып бір сәт тыныстап алса болды құстай ұшады. Талай қасқырдың қапыда қалатыны сондықтан. Өкініштісі сол, ақбөкенге деген аңсар басылмай тұр, Адам-қасқырлар оларды өкпесі өшпейтін «темір тұлпарлармен» қуады. Ал, киік темірден жаралмаған. Жез қанат, күміс бауыр киіктердің жайрап қалатыны осы кез.
Бөкендердің мәрт те сертшіл болатынын аңшылар жақсы біледі. Егер оны қуып келе жатқаныңызда тұяғы сүрініп кетіп, құлап түссе, көздері мөлдіреп жата береді. Тіптен, алқымына қанжар тақағанда да тұяқ серіппейді. Тағы бір қасиеті әрі серті соңына түскен қуғыншының қалайда алдын кесіп өтуі тиіс. Бүгінгінің адамдарында осы сертшіл қасиет жоқ. Таңертең берген сертінен түс қайта айнып қалатындар қаншама?!
Табиғат-Ананың тоз-тозын шығарған Адам-қасқыр да осы айуандығының сазайын түбінде бір тартады-ау деген үрей бойыңды тоңазытады. «Жығылғанға жұдырық жұмсамайды» демеуші ме еді халқымыз. Бейкүнә бөбекті аямаған Адамдар дала еркесін аяйды ма?
Жүрегім зырқ етті. Жезкиіктер жота асып кетіпті. Шағылдар жалаңаштанып қалғандай.
Көңілім әлденеге алабұртып, жан сарайым жетімсіреп келе жатты…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.