Досың бар ма?

Ақгүл ҚАБДЫҒАЛИ

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің студенті.

 

Өмірге келген әр пенде ес біліп,есейген соң мұң-шерін шағатын, қуанышына ортақтасатын сырлас іздері анық. Достық – ұлы сезімнің бірі. Адамдар бір-біріне қалтқысыз сеніп, жығылғанда демеп, құласа көтеріп, өмірдің сан түрлі қиындығында жаныңнан табылып, қайғы мен мұңды тік тұрып бөлісетін, тек қиындықтар да ғана емес, өмірдің жарқын сәттерінде де жәрдемдесетін өлшеусіз қамқорлық пен жауапкершіліктің,адами құндылықтардың басын біріктіретін қасиет.Дос табу оңай, ал оны сақтау одан да қиын. Достыққа кіршіксіз адалдықпен қарап, шынайы бағалау қажет. Ел арасында достық туралы:
Бір дос бар мұрныңнан қан кеткенше,
Бір дос бар астыңнан тақ кеткенше,
Бір дос бар басыңнан бақ кеткенше,
Бір дос бар қораңнан мал кеткенше,
Бір дос бар кеудеңнен жан кеткенше – деген орынды,мағаналы сөз бар.
Сатқындық, екіжүзділік,қызғаншақтық және өтірік айту достық ұғымына қарсы, достыққа кедергі болатын керіағар ұғым. Өзгенің қуаныш-бақытын көтере алмайтын жандардың досы аз, тіпті болмауы мүмкін. Достықты шынайы бағалаған адам ешқашан жалғыз қалмайды.
Үлкендерден достық жайында естіген өсиет-әңгімелерге кезек берейін. Қар жауған қыстың бір күні, Арман қолына күрек алып, есік алдын тазалауға кіріседі. Көрші үй жаққа қарап еді, үйге барар жол күрелген. Ертеңіне қайта қар жауады. Арман көршісінен қалыспайын деп, бұл жолы әдеттегіден жарты сағатқа ерте тұрады. Далаға шығып қараса, көрші үйдің есік алды баяғыдай тап-таза. Үшінші күні қар тағы жауады. Арман ауласын күреуге шықса, көршісінің ауласы тағы да мұнтаздай. «Сен есік алдындағы қарды қалай ғана тазалап үлгересің? Үнемі тап-таза болып тұрады», – деп сұрайды бір күні көршісінен. Көршісі оған: «Ауламды қардан ешқашан тазалаған емеспін. Келіп-кететін достарымның көптігінен болса керек», – деген екен.
Шынайы достықты сынайтын естіген әңгімелерімнің тағы бірін айта кетейін. Әкесі баласына достарының шынайы дос еместіктерін қанша айтып жүрсе де, баласы онымен келіспей «Сіз оларды білмейсіз – олар менің шын достарым» деп үнемі қарсылық көрсетеді. Бір күні әкесі: «Олай болса достарыңды сынап көрелік. Бір қойды сойып, оны бөлшекте-дағы, қан-қан күйінше етті бір қапқа салып кел» – дейді. Бозбала айтқанды жасайды. «Енді, – дейді әкесі – осы қапты алып достарыңа бар да біреуді өлтіргеніңді айтып, жерлеуге көмек сұра. Достарыңның саған адал, адал емес екенін болғанын, болмағанын сонда көресің», – дейді. Баласы ана досына барады, көмектеспейді. Мына досына барады, көмектеспейді. Көңілі түсіп әкесінің алдына келеді. «Айтқаныңыз рас екен. Шын дос емес екен олар маған. Ешбірі көмектескісі келмеді», – дейді ол мұңая. Әкесі: Пәлен жерде ескі досым тұрады, сәлемімді жеткіз, достарыңнан сұрағанды одан да сұра» дейді. Бозбала айтылған жерге барып, әкесінің досына жолығады. Әкесінің сәлемін жеткізеді. Әкесінің досы дереу оны үйге кіргізіп, өзі үйдің артқы бақшасынан бір ор қазады. Қапты сол орға көміп, үстінен қызғалдақтарды егіп тастайды. Бозбала үйге қайтып келіп әкесіне досының көмектескенін, қапты бақшасына көміп, үстінен қызғалдақ еккенін айтып береді. Бұл жолы әкесі: «Енді сол досыма қайтып бар да, ел-жұрттың алдында балағатта оны», – дейді. Баласы таң қалады, бірақ әкесінің айтқанын орындайды. Қайтып барып әкесінің досына түрлі жаман сөз айтып, ел-жұрттың алдында бүлік шығарады. Сонда ол кісі: «Әкеңе сәлем айт. Мен бір боғауыз сөз үшін қызғалдақтары бар бақшамды қопаратын адам емеспін», – деп жауап қатқан екен дейді.
Шынымен, достық алдымен сенімнен бастау алады. Ал сынған сенім қайта орнына келмейді!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.