Құл қылған құмар ойын

Күнделікті дүкендерде, сауда орталықтарында, тағы да басқа мекемелерде, ойын автоматтарының маңайында үймелеп тұрған адамдарды жиі көреміз.Бұл – біріне бизнес болса, біріне құмарлығын қанағаттандыратын іс болып есептелетіні хақ. Біздің кейіпкеріміз Арман Нұрланұлы да (аты өзгертілген) бір кездері осы ойынның жетегінде кеткен еді.
Ең алғаш рет Арман ойын автоматтарынан ұтыс алуды көздейтін.Ол кезде азын-аулақ тиын-тебенін жұмсап қалтасы қағылатын. Алайда оның азғантай құмарлығының өршігені жаңа жұмысқа орналасқаннан кейін байқалады. Оның басты себебі – ортасының түгелімен құмар ойындарға әуес болуында. Содан отбасын, балаларын ұмытқан ол- санадан қағылып, отырса да, тұрса да казино жайлы ойлайтынды шығарды. Қолына ақша түсе қалса, құмарлығын басып қайтатын болып жүрді.
Бір күні оның жалақысы да, отбасымен болашаққа жинап жүрген ақшасы да таусылды. Сол кезде Арман әйелінің қалтасында тұрған жұмыс кассасының қаражатын қолды қылып, кейін әйеліне айтпай банктық шотынан жалақысын шешіп алып, құмар ойындарға салды. Отбасында ақшаға байланысты жанжалдар туып, айрандай ұйып отырған шаңырақтың берекесі қашады.
Бірде өзінің кіші қызын ауру деп, таныстарынан операцияны сылтауратып, ақша сұрап тағы да автоматтарға ұтыс береді. Енді қарызға ақша сұрау да әдетке айнала бастады. Қарыз бергендер де әйелінен қайтарымын сұрап үйінің есігін қағып тұратын болды. Арман үйіне көп келмейді, түнделетіп ойынханаларда отыра беретінді шығарды.
Жұбайы бірнеше мәрте мүмкіндік бергенімен, Арман бір басқан орнын қайта баса берді. Сөйтіп Арманның әйелі балаларын алып, ата-анасының үйіне көшіп кетеді.
Арман жалғыз қалып, өмір сүру жолында арпалысады, алайда құмарлығын баса алмайды. Біраз ай өткеннен кейін балаларына келсе, өзгесі тұрмақ, тіпті өзін қатты жақсы көретін қызы да оған жоламай қояды. Балаларының бұл ісі Арманға қатты әсер етіп, ол өз нәпсісімен күресіп, өмірінің жаңа парақтарын ашып, күнә жасағанын түсінеді. Арманды отбасы кешірген, дегенмен Алла бұл ісін кешіреді ме? «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген мақалдың Арманға қаншалықты әсері бар екен?
Мемлекетімізде адам бойында пайда болатын бұл дертке байланысты заң да қалыптасқан.Құмар ойындар жайында қарастырылған арнайы заңнама 17 баптан тұрады. Заңның 15-бап 1-тармағы бойынша жиырма бір жасқа дейінгі азаматтардың құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуына тыйым салынады.Мемлекетімізде казино, ойын автоматтары залы, букмекер кеңсесі, тотализатор сынды ойын бизнесі саласындағы қызметтің түрлері жүзеге асырылады. Электронды және интернет казино қызметіне , өзге мүлік түріне ұтыс беруге жол берілетін казино қызметін қоспағанда, ақшадан басқа өзге мүлік түріне мөлшерлемелер қабылдауды және ұтыс беруді көздейтін құмар ойындарды, бәс тігуді ұйымдастырып, өткізуге , ойын мекемелерінен тыс жерде бәс тігуге және мөлшерлемелерді қабылдауға тыйым салынады. Казино мен ойын автоматтары залдары Алматы облысы Қапшағай су қоймасының жағалауында және Ақмола облысының Щучье ауданында жергілікті атқарушы органдар айқындайтын аумақтар шегінде орналастырылуы қажет. Аталған аумақтарды қоспағанда казино мен ойын автоматтары залдарын Қазақстан Рес-публикасы аумағында орналастыруға қатаң түрде тыйым салынған(11-бап). Ойын бизнесі саласындағы қызметті лицензиялау осы Заңға және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылып, лицензиялық алымның мөлшері, оны есептеу мен төлеудің тәртібі Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сүйене отырып айқындалады.Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасын бұзу ҚР-ның заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады. Дегенмен, бұл заңға бағынып жатқандар шамалы тәрізді. Кез келген дүкеннің алдында, үлкен сауда үйлерінде автоматтар жетерлік. Бұларды тексеріп, қарап жатқандар да жоқ.
Психологиялық тұрғыдан қараған мамандар, бұл дертке «лудомания» деген ат қойған. Оған көбінесе жастар ұшырайды. Лудомания жасөспірімдердің психологиясына, рухани дамуына, сапалы білім алуына кері әсерін тигізеді. Осы ойындарға құмар болған адам түрлі қылмысқа барып, сол ойындарды ойнау үшін қарызға да кіріп жатады. Бала түгілі, қазіргі уақытта, үлкен адам да тәуелді болып жатыр.Әйелдер арасында да жиған тергендерін ойынға құйып жіберетіндер көптеп кездеседі.Олар құмар ойынға қалай тәуелді болып қалғанын білмей қалады. Бұл олардың мінез-құлқына кері әсер тигізеді. Адамды құмар ойынға жетелейтін бірнеше факторлар бар. Біріншіден өз-өзіне деген сенімсіздік, төмен бағалау. Шынайы өмірден гөрі виртуалды өмірге жақын болу, эмоцияны басқара алмау. Екіншіден, өзіне-өзі көңілі толмаушылық, жалғыздық, ешбір еңбексіз бірден байып кету ниеті, психикалық ауруға деген бейімділігі және басқа да тәуелділіктер. Жапон ғалымдарының зерттеулері бойынша ойынға тәуелділік «бақыт гармонының» жетіспеуінен де болатын көрінеді. Тағы бірқатар зерттеулер психикалық ауытқуы бар балалар тәуелді болатынын айтады.
«Тәуелді адамның ішкі проблемасына, жасырын комплекстеріне, конфликтілік ситуацияларына, сенімге және адамның терең, ішкі балалық шақтағы психологиялық жарақаттарын емдеумен қатар жүреді. Сонымен қатар әлеуметтік қолдау да маңызды орын алады.Яғни, достары мен жақын туыстарының қолдауы, эмоционалдық жылы қарым –қатынас, сүйікті ісімен айналысу, еңбекке және спортқа бейімдеу, ең негізгісі – өзінің емделуге деген жоғары мотивациясы мен сенімділігі қажет»,- дейді психолог-ғалым Бақыт Дастанқызы. Бұл дертке шалдыққан адамдардың өз еркімен емделуге келетіндері бірен-саран ғана. Алайда бар екен. Дегенмен оларға бірден айығып кету қиындық тудыратын болуы керек.

Дана РУСЛАНҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Ғазиза дауыс

    Құмар ойын байды да, кедейді, де, жас пен кәріні де құл қылады. Одан бойды аулақ ұстауға тырысу керек. Өйткені ол да наша секілді тәуелді етеді.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.