ӨРКЕН ЖАЙЫП КЕЛЕДІ ӨМІР АҒАШЫ

Қалау
СӘЛЕМЕТБАЙҰЛЫ

1983 жылы 23 қыркүйекте Шығыс Түркістанда дүниеге келген. Бүгінде Алматы қаласында тұрады. «Үркер» журналында өлеңдері алғаш жарияланып отыр.

Күте-күте сағынғанда жыршы ұлын,
Кәрілікке қойыпты айтып бір сырын.
Маужырайды аспан төсеп кеудесін
Жылуына апам жаққан шырпының.

Жан жарыңды тірілтуге құлшынып,
Қара дөңнен мың түстің бе, мың шығып?
Төбедегі қабір емес, жерошақ,
Ертең қайта тұтанатын тіршілік…

Қайысқанда, сірә, кәрі қабырғаң,
Кім бар екен дәл қасыңнан табылған?!
Өркен жайып келеді өмір ағашы
Топырақта жатқан сол бір тамырдан…

Алыс жаққа еліктіріп от елік,
Мұзда жаттым дәптерімді төсеніп.
Туған жерге тастап қайтып кетіп ем,
Жасыл тоным – жастық шақты көтеріп!

Дауысымнан оқыр болсам жырымды,
Танисың ба сонау жылғы құлынды?!
Сенің ернің – көбелегі Алланың,
Маңдайымнан соратын бар мұңымды!

***

Есіме түсіре алман ешкімімді,
Даңғаза тірілігімнің өшті ме үні?
Ақ айдыннан аққу-қаз көтерілер,
Арқалап көтермекке кешкі күнді…

Жайылса жүрегіме мұң кілемі,
Періште –Ой келерін білдіреді.
Көкжиектің көгілжім шәрбатына,
Жақындап келе жатыр түннің ерні…

Қия алар жалғыз күннің жарығын кім,
Көзіме шуақ құйып тағы күлдім.
Көзі тоймас көлеңкем көлбеп жатыр,
Орыны өлшеп қазылар қабірімнің…

Кім білсін оятты ма құстың үні ,
Аспанға пәк рухтың шықты бірі…
Жапырақ – жалған тағы күтіп жатыр,
Қысқа түн қонақ болар шық – ғұмырды…

Толқыған әппақ айдын ақ көбікті
(Гүл ашты …)
Жағадағы тасқа егіпті …
Білмеспіз түн болмаса,
Күлім көз күн
Аспанға сан мың тамшы жас төгіпті….

***
Әрі жат, секілді әрі таныс өлім,
Сен неткен жақын әрі алыс едің?!
Есіл күн түсіме енсін
Шарабыма
Туған жер топырағын сап ішемін!

Жерінен кеткендердің бәрі мұңлы,
Тек топырақ басады сарығымды.
Анам берген ақ шытқа түйіп алып,
Алып жүрмін өзімнің қабірімді!

Тағдыр мені туған жер – тақтан алып,
Ертіспен ағызды ғой жатқан ағып.
Сен жылытасың сергелдең ақын жанын,
Түнеген шақтарында баққа барып…

Туған жер топырағы,
Жанымды емде,
Тербеші әніңмен де,
Мәніңмен де.
Мен сені шеңгеліме қысып жатам,
Өлгенімде қия алмай Тәңірге де!..
***
Еңкейер шыбық табылған
Сүймек боп жерің әр тасын.
Жатады таулар ауырған
Бастырып бұлтқа арқасын.

Жазады сағым басқа ешкім
түсінбес жырын астарлап.
Жағаға келген ақ толқын,
Көтеріп қайтар бас бармақ.
Аясына айна-бастаудың
Кетердей сыйып ғарышың.
Шырмауық өрлер жас талдың
Жанының сипап ағысын.

Артықтай мынау алапта,
Барады адам жолда ағып.
Арқасын сүйеп ағашқа
Көлеңке отыр ойланып…

Мақпал түн мастығы

Ұраны болған емес ұлылықтың,
Мен оны көп ойланып бүгін ұқтым.
Көшеде тұрдым ұзақ қыс түніне
Деміммен жырын жазып жылылықтың.

Мастанам маңдай терге қарап мен де,
Сол болар шаттық дейтін шарап кейде.
Жанымның жаңа жылын ұқтырғаны-ай,
Ән салып жүрек ұрған сағат – кеуде…

Түсінбес деп жауласып жанашырмен,
Былдырлап жүріппін ғой бала тілмен.
Көрдім мен Ай боп жүзген арманымды,
Жарымның жанарындай қара түннен.

Көп өтпей көктем келер осыны ойлап,
Жатыр ғой көңілімнің құсы тойлап.
Сұлу су кестелейді кең өлкемді
Тағылған саусағына көпір – оймақ…

Пәк дүние, сәбидей бастырылған
Жабықпа!
Басым кетпес жастығыңнан.
Жұлдыздың нұры сіңген ақ қарын жеп,
Айығам мақпал түннің мастығынан…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.