Айна дегеніміз әйнек емес пе?..

Жарас Сәрсек,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

(Тәртіп сақшылары жөнінде бірер сөз)

… Ол енді өмірде жоқ. Кеудесінде жаны бар пендені түбі бір жұтып тынатын қара жер дейтін кәрі әулие қайратты қайран жасты өзіне шақырып алды… Біржола.
Қыршын кеткен қайран бауырым-ай!.. «Құдайға қу жаным садақа еді ғой, ботам – боздағым» деп еңкілдеген қарт әкең де, құлынымдап аңыраған аяулы анаң да енді сені бәрібір тірілте алмайды. «Өлгендер қайтып келмейді».
Бір талып, бір ес жиған жесірің – жеңгем екі ұлыңды тас қылып құшақтаған күйі үш күн тоқтаусыз жылады. Оның әппақ жүзі айғыздалып:
Жер түбінен келгенде,
Жесір қалам деп пе едім?!.
Қос құлының қорғансыз,
Жетім қалар деп пе едім?!.
Енді кімге еркелеп,
Енді кімге сенем мен?!
Айрылдым ба ертерек,
Айырылдым ба сенен мен?!. – деп, көпшілікті күңіренткенде, ақ таяққа сүйеніп, ағыл-тегіл мен де жыладым.
Алматыдан сүйегіңді ауылға әкелгенде жүзіңді көрмекке үңілгенімді қайтейін!.. Иттер-ай, әбден қорлапты ғой! Бет мүшеңнің қайда қалғанын таба алмадық қой, бауырым!..
Сен бұзақының емес, бұзақыны бұғаулайтын тәртіп сақшыларының (милицияның) қолынан қаза таптың. Мен соған қиналамын. Бұл масқара ғой, масқара…
Сол бір қайғылы оқиғаны қалқан етіп, бүкіл Қазақстан мілисасын ғайбаттаудан аулақпын. Әрбірден соң қолындағысын (куәлігін) құдайдың мандатындай сезініп, өздерін тым асқақ ұстайтын айбынды топқа қарсы азу білеп, аттандай шапқаным әбестік те болар. Біздікі бүтінді бүлдіріп, қисайғанды қирату емес. Көңіл қалдырар көлденең әрекеттерден арылсақ деген ниет қой баяғы.
Жасыратын несі бар, бүгінгі таңда тәртіп сақшылары жөнінде есі дұрыс әңгіме аракідік болмаса, көп айтыла бермейді. Қарғыстың қалыңдығындай қара бояулы сөздердің оларды меншіктеп алғаны қашан. Халық тәртіп сақшыларын көрсе, құбыжық көргендей тіксінеді. Қорыққаннан болмаса, қорғанышы ретінде құрметтемесі анық. Неліктен бұлай? Бас қатырар ешкім жоқ.
Біз оларды қоғамымыздың айнасы дейміз. Айна болуға тиісті олар. Алайда…
Кезінде мілиса қатарына ары мен намысы бар, еңбек майданында ысылған, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан үлгілі деген азаматтар арнайы жолдамамен қабылданатын еді ғой. Онда да денсаулығы дұрыс болса. Бойы да, ойы да талапқа сай тәртіппен қатаң түрде ескерілетін. Ал қазір қалай? Осы шарттар орындалып жатыр ма? «Иә» деп бас шұлғи салсақ, құлап жатқан бір маскүнемге шамасы жетпей, көптің бірін көмекке шақыратын, бойы бір қарыс Қаңбақ шалдың немерелеріндей қайратсыз мілисалар қайдан шығып жатыр? Немесе омырауы елтаңбамыз бейнеленген оқалы түймемен түймеленетін ерекше киімді шалбарға түспеген қырмен, жағаға жабысқан кірмен қадірін қашырып жүрген салақ сақшылар көктен түскен жоқ шығар. Әрбірден соң еліміздің символдық белгісімен кім көрінгеннің омырауын түймелеп жүргеніміз ұят-ақ.
Қазіргі таңда оқуға түсе алмай жолы кесілген, жұмыс таба алмай ақтабан болған ауыл балалалырының көпшілігі мілисадан пана табады. Онжылдықты 11-12 жыл оқып әзер тауысқан қайдағы бір есерсоқ, әпербақан ауылдастарымның мілиса боп әкіреңдеп жүргенін көргенде, әділетсіздіктің қайдан бас-тау алып жатқанын аңдағандай боламын. Содан болар маған кейде тәртіп сақшылары кілең бір парықсыздардан, қатігездерден, мәдениеті төмен, білімсіз біреулерден жасақталатындай әсер қалдырады. Өмірінде бірде-бір көркем шығарма оқымаған адам қалай ғана мілиса болады? Бұл да түсініксіз. Ондай адам кімді, неден қорғауы мүмкін?..
Абай мерейтойының қарсаңында тележурналист «Достық» даңғылының бойындағы сабылысқан жұртқа «Абайды кім деп түсінесіз?» деген сұрақ қойғаны бар. Кенет микрафон мілисаға ұсынылды. Үн жоқ. Сәлден соң «Кешіріңіз мен Алматынікі емеспін, Талдықорғаннан келіп едім» деп қарап тұр. Демек, оның ойынша, Абай Алматының атақты шенеуніктерінің бірі болғаны ғой. Екінші мілиса оған қарағанда «мықтырақ» екен, «Абай тақпақ жазған адам ғой» деп қойып қалды.
Қарамағындағы 40 шақты қазақ мілисаның бірде-бірі өзіне орынбасар болуға жарамағанын айтып әлдебір танысымның налығаны әлі күнге есімнен кетпейді. Оның айтысында әлгі 40 сақшының ішінде екі сөздің басын құрап жаза алатын бір адам табылмаған көрінеді. Сол танысым әлгілердің он жылдықты қалай тауысып, қалай мілисаға «өтіп» кеткеніне қайран қалады. Амалы құрыған ол ақырында ұлты басқа (орыс) біреуді көмекші етіп алыпты. Бұдан шығатын қорытынды: мілиса болу – ешқандай қиял-армансыз-ақ, ешқандай кедергі-бөгетсіз-ақ қол жеткізетін қызмет. Бүйте берсек, бұл саптан ақсақ-тоқсақтарды да таяу уақыттарда көріп қалуымыз ғажап емес сияқты. Өйткені «медициналық тексеруден мен емес, менің сиырым өтті» дегендерді талай көргенмін. Олардың біразымен араласып та жүрмін.
Бірде кешкісін екі жасар кішкентай қызыммен есік алдында серуендеп жүргенмін. Бізден 60-70 қадам жерде екі мілиса әңгімелесіп тұрған. Шамасы мені жаңа байқаса керек, «Ей, бері кел-ей, бері» деп айғай салды. Мені ме, басқаны шақырды ма деп, жан-жағыма қараймын. Осыны сезгендей әлгі ұзын бойлысы қайта айқайлады. Боқтық сөздерді араластыра айқайлады. Намыстанып қалдым да, «келсең келге» салып орнымнан қозғала қоймадым. Әлгілер талтаңдай басып жаныма келді. Ауыздарынан арақтың иісі мүңкіп тұр. Омырау-лары ағытылып, шалбарларының ауы тізеге жетіп қалыпты. Езулерінде темекі. Оның өзі сілекейленіп жартысына дейін суланып кетіпті.
– Сіріңке бар ма? – деді бірі.
– Жоқ.
– Зәжи-и-гальк ше?
– Жоқ.
– Сен итте не бар өзі? – деп екеуі екі жақтап ауыздарына келгенін айта бастады.
– Ей, күшік, – дедім тапал бойлысына жақындап. – Сен менің кім екенімді білесің бе? – деп жалған дәуге айналып, жалған сөйлеуге мәжбүр болдым. – Ай қалпағыңды теріс айналдырып, жай қалпақ қып жіберемін. Ертең еңіреп алдыма келесің. Ойнаған екенсің тергеушімен…
Екеуі көздері жыпылықтап, қыбыжықтай бастады.
– Манадан бері солай демейсіз бе, кешіріңіз…
Ұзап бара жатқан екі «тәкаппардың» артынан қарап тұрып күлкім келді. Өтірік айтып оларды жеңбегенде, сойқан оқиғаның болары анық-тын. Осыны ойлап, жаным жабырқады. Өкініштісі – мұндайлар аз емес.
Осының бәрі мілиса қатарына адам іріктеу, қабылдау шарттарының сақталмайтындығынан ба деймін. Денсаулығы мықты екен деп, ұрда-жық есерсоқты ерекше киіммен қаптап қойып азғындық, айуандық жолға итермелейтініміз өкінішті-ақ.
Әр қызметтің өзіндік борышы бар. Ол борыш кімнің болмасын, өзінің жеке басының шаруасынан (пендешілігінен) бір саты болса да жоғары тұруға тиіс. Әрбірден соң, қызыл куәлік мілиса қызметкерлеріне тегін жүріп-тұру үшін немесе үкімет тарапынан одан да басқа біршама жеңілдіктерді пайдалану үшін берілмейді, егер өздері сол құрметке лайықты болмаса. Біз әлі күнге соны түсінбейміз…
Көңіл қалдырарлық тағы бір жайт бар. Бұл реніш көше тәртібін қадағалайтын сақшыларға қатысты. Кейде олардың тірлігіне күлкің келеді. Олар әдетте «іш пыстырар» қалыпты тіршілікті аса көп ұната қоймайды. Бұл оларға қызық емес. Бір жерден ши, шу шықса екен деп мысық тілеумен жүретіндей сезіледі маған. Байқамай сүрініп кетсең, тышқан көрген мысықтай табанда жетіп келеді. Бір жерін мертіктіріп алды-ау, көмектесейін демейді ғой, шіркіндер. Бірден ауыздарын танауыңа тақап, өз шаруаларына кірісіп жатқаны. Күдікті ештеңе байқалмаса, өкінген кейіппен бұрылып жөндеріне кетеді. Демеп, тұрғызып жіберуге ақылы жетпеген соң, арттарынан кіжініп сен қаласың. Өйтпей ше, адамдық па солардікі…
Аз да болса ашынып айтқан тәртіп сақшыларына қатысты әңгімемізді осымен тәмамдасақ па дейміз. Көрген, білгенімізді сол қалпында жеткізуге тырыстық. Халық нағыз тәртіп сақшысын көргісі келеді, қорланбас үшін қорғаныш іздейді…

«Парасат» журналы, 1997 ж.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Зәуреш дауыс

    Иә, расында да ойланарлықтай екен

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.