КІМ БОЛСА ДА КҮНДЕМЕУДІ ҮЙРЕНДІМ

Сәнді АҚЫЛАЕВА

1972 жылы туған. Астана қаласында мұғалім боп қызмет атқарады. Өлеңдері журналымызда алғаш рет жарияланып отыр.

Не дейсің?

Не дейсің енді күз маған,
Жүректі қайтем сыздаған?
Сертімді қайтем бұзбаған,
Самалың болып желпиді
Айналып сол бір ізгі арман.

Не дейсің енді күз ғаріп,
Лақтыршы мұңды құзға нық.
Сырымды айтып өзіңе
Отырам сосын қызғанып.
Өзіме өзім сыймадым,
Жүз қайтып келем жүз барып.

Не дейсің енді күз мұңдас,
Жапырақ жүрек сізге үндес.
Мұңнан да мүмкін із қалмас,
Жаңбырға барып қосылды
Жанардан жасқап үзген жас…
Не дейсің?

Құстар қайтып барады
Құстар көкте қайтып барады
Қоштасудың айтып хабарын.
Мұңға батқан күз келбетінде
Қамықпай ма қайтіп қалады?

Құстар көкте ұшып барады
Қоңыр күздің түсіп қабағы.
Қимай- қимай туған өлкесін
Кезек- кезек ұшып қонады.

Құстар көкте қалқып барады,
Үмітімді артып барады.
Қош айтысып туған жерімен
Оңтүстікке тартып барады.

Құстар көкте қайтып барады,
Қайтсем көңлім бай- құт болады?
Көктем жаққа көгорай белге
Менен сәлем айтып бара ма?

Құстар, құстар қайтып келеді,
Көктемде әнін айтып келеді.
Қайран жүрек көктемге шейін
Сағынышқа қайтіп көнеді?

Түс

Қалықтап көкте ұшып жүрмін,
Ақша бұлттарды саялап.
Ақ арманымды құшып жүрмін ,
Бір өзім ғана аялап.

Мәңгілік сөнбес жарық шашуда,
Үр қыздар келіп билеп жүр.
Жарқырап жанып қалыптасуды
Жұлдыздар келіп үйретті.

Таңырқап қалдым тоқталғанымда,
Күмістей сұлу айға кеп.
Шығарып салды бақтарға мына
Ертіп жіберді майда жел.

Жаңғырған ойым айға қона тұр,
Шуақты күнге бас ұрам.
Жаңбырдан кейін пайда болатын
Кепмпірқосаққа жасырам.

Оралып көктен оянғанымда,
Басып тұрғаным жер екен.
Бір ұшып бару ай арманыңа
Түсің де болса неге тең?!!

Қалқып тұрсам да қорықпас едім,
Қиялым көкте құсқа тән.
Жұлдыз бен айға жолықпас едім,
Түсімде бір сәт ұшпасам.

Жасырдым

Мен оны
Қайтқан құстың қанаттарына,
Ақша бұлттардың қабақтарына,
Жаңбырдан кейін керілетұғын,
Кемпірқосақтың балақтарына
Жасырдым.

Мен оны
Күміс күйлердің күмбіріне,
Бұлбұлдар әнінің дүлдүліне,
Алыста жайқалып жатқан,
Даланың әсем қыр гүліне
Жасырдым.

Мен оны
Ғазал жырлардың ұйқастарына,
Адал достардың қимас жанына,
Жұлдыз, ай шуағын шашқан,
Тамыздың тұнық түнгі аспанына
Жасырдым.

Мен оны
Тұлпардың шапқан тұяқтарына,
Аралдың қамыс – қияқтарына,
Намысы буған батырдың,
Құламас биік ұятты- арына
Жасырдым.

Мен оны
Есті баланың санасына,
Мөлдір бұлақтың сағасына,
Мыңды өткізіп бір рет туатын,
Асылдың айнымас бағасына
Жасырдым.
Мен оны
Сәбидің сыңғыр күлкісіне,
Шебердің әсем үлгісіне,
Қарасаң көзің сүрініп кетер,
Арудың әппақ сүлгісіне
Жасырдым.
Таба аласыз ба?

Сәлем хат

Сізге ертең жолығамын,
Тағдырымның соры қалың.
Қамбаңызға құйып кетем
Бар мұңымды орып алып.

Қайта- қайта шақырасың,
Сыбағамды жатыр асып.
Тоқырауын толқытқан мұң
Ерке Есілге шашырасын.

Сенің жұмақ тас қамалың,
Кездесулер басталады.
Сенсең сенен өзге ешкімге,
Бұл сырымды ашпағанмын.

Сен де мені қалайсың ба,
Тағдырыңа балайсың ба?
Мына өмірден өткенімде
Торқалыққа жарайсың ба?

Болшы күнім, қалшы айым боп,
Мен қалайын ханшайым боп.
Ақындардың басын қосқан
Алатау мен Кеңсайың жоқ.

Саған қарап күбірледім,
Тәтті ғұмыр кешпейді ақын.
Мен бе?
Сенің түбіңдемін
Шам жарығы түспей жатыр.
ҒАШЫҒЫМ – А С Т А Н А!

ЖОЛ

Тағдырдың жолы мендегі,
Төселіп алған сынаққа.
Адастырмашы сен мені,
Апарып салшы,
Апарып салшы қыратқа.

Екі атта мейлің , бір атта,
Туымды менің құлатпа.
Бақыттың жолы мендегі
Жауап бермейді,
Жауап бермейді сұраққа.

Арманның жолы тербейді,
Тірейді сансыз сұраққа.
Бақытым менің көнбейді,
Сен енді мені,
Сен енді мені жылатпа.

Жалғанның жолы жер десем,
Шуағын шашып тұрақта.
Бақытым менің келмесе
Ертіп апаршы,
Ертіп апаршы жұмаққа.

Жолдарымдағы жіңішке,
Апара жатқан қыратқа.
Алтынға балап күміске
Қимаймын сені,
Қимаймын сені бірақ та…

Үйрендім

Жақсылықты асыруды үйрендім,
Жамандықты жасыруды үйрендім.
Жауласқанға ат құлағын кесісіп,
Жақсыларға қосылуды үйрендім.

Анда- санда ашығуды үйрендім,
Ашудан соң басылуды үйрендім.
Қабағымнан қар жаудырып лезде,
Күндей болып ашылуды үйрендім.
Жылағанды жұбатқанды үйрендім,
Орынымда тұрақтауды үйрендім.
Дүниенің шешпесем де жұмбағын
Жауабы жоқ сұрақтарды үйрендім.

Бақта гүлді өсіруді үйрендім,
Отты отпен өшіруді үйрендім.
Қарсы шыққан досым түгіл дұшпанды
Бір-ақ сәтте кешіруді үйрендім.

Алғанымды қайтаруды үйрендім,
Арызымды айта алуды үйрендім.
Дүниені шыр айналып ойыммен
Өлеңге кеп жай табуды үйрендім.

Жақсыларды сағынуды үйрендім,
Тағдырыма бағынуды үйрендім.
Жақын түгіл алысыма іс түссе,
Жаным жасып қамығуды үйрендім.

Кей сәттерде үндемеуді үйрендім,
Кім болса да күндемеуді үйрендім.
Азды көпті адамдарды таныдым,
Біліп тұрып «кім?» демеуді үйрендім.

Бас қосуды , қоштасуды үйрендім,
Тағы біраз басқа сырды үйрендім.
Сен бердің деп, мен бердім деп
санаспай,
Абысынға ас қосуды үйрендім.

Кейбір кезде құбылуды үйрендім,
Көпшілікпен жұмылуды үйрендім.
Кертартпаның кердеңіне келіспей
Кері қарай бұрылуды үйрендім.

Қарды қалап жандыруды үйрендім,
Барды үнемдеп қалдыруды үйрендім
Керек болса жұмыртқадан жүн қырқып,
Жоқ нәрсені бар қылуды үйрендім.
Әлі үйренем….

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Мағжан дауыс

    Ешкімді күндемей-ақ қойыңыз

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.