Қоңыр кеште кездестірген қоңырым (Асыл жарым Абдолланың рухымен сырласу)

1

Мен сені жайдары жаздың сары күзге ауысар соңғы кешінде кездестіріп едім. Бәрі де көз алдымда, күні кеше ғана болғандай…     


1977 жылдың жазында дайындық бөлімін аяқтап студент атанған біздер сол кездегі аты әйгілі «ҚазМУ» қалашығының құрылысына жұмысқа қалғанбыз. Қалашықтың қақ ортасындағы ағаштар қоршаған алаңқайда палаткалар құрылып, студенттік құрылыс отрядының көпшілігі сол палаткаларда жатты. Ал біздер — 20-шақты қыздан құрылған «Құрдастар» отряды жатақханаларды әктеу, сырлау жұмысына бөліндік те, № 5-ші журналистика факультетінің жатақханасының 2-ші қабатына орналастық. Қызығы мол студенттік өмірдің толқынына ілесіп, күндер зулап өтіп жатты. Күнде кешкісін сағат 9-да палатка маңындағы үлкен алаңқайда барлық бөліміне сап түзеп тұрып 15 минуттық жиналыс өткіземіз. Сосын түнгі 11-ге дейін боспыз. Қыдыруға, киноға баруа рұқсат. Палаткада жататындар көбінесе киноға барады. Ал біздер аса алысқа ұзай қоймайтынбыз. Себебі, түнгі сағат 11-де жатақхана есігі жабылатын. Сондықтан да жиналыстан соң есік алдында неше түрлі ойындар ойнайтынбыз. Әсіресе, «Үшінші артық» ойыны мен волейболды көбірек ойнаушы едік.     Бір күні жатақханада жасы үлкендеу бір жігіт пайда болды. Ол үнемі вахтадағы кезекші апайлармен сөйлесіп отыратын еді. Күнде-күнде көрген соң көзтаныс болды да, әрлі-берлі өткенде сәлемдесіп өтетінбіз. Аты Қалдыбай. Өзі журналистика факультетінің 2 курс студенті екен. Кейіннен жақсы таныс болып араласып кеттік. Тамыз айының аяғына таман жатақханаға қыз-жігіттер ағылып келе бастады. Қалдыбай ағайдың айтуынша бұлар журналистика факультетінің ауыл шаруашылығы жұмысына баратын студенттері екен. Бір күні түс ауа менің заң факультетінде оқитын немере ағайым Керімбай және оның достары — Шапағат, Жарылқасын, Сейсенбайлар келді. Олар Нарынқол ауданында құрылыс отрядында болған еді. Содан қайтып келе жатқан беттері көрінеді. Қалталары толы ақша. Өздері көңілді. Бізді киноға апармақшы екен. Жексенбі болатын. Бәрі жиналып сыртқа шығып кетті де, мен әдеттегідей ең соңында қалып, есік-терезені жаптым да жүгіре басып далаға шықтым. Тура есік алдындағы тасқа қайратты қара шашы толқындала иығына түскен қоңқақ мұрынды қара жігіт қолына иегін сүйеп тұр екен. Әлдекімді күтіп тұрған жанға ұқсайды. Үстінде жеңі шолақ, сия түстес «футболка». Екеуміздің көзіміз түйісе кетті. Жүрегім «дір» ете түсті. Мен көзімді тайдырып әкеттім де, әудем жерде күтіп тұрғандарға қарай жүгіре басып кете бардым… Біз кинодан қайтқанда Алматы аспанын жаз бен күздің босағасында тұрған соңғы қоңыр кеш қымтап алған еді. Келсек жатақхана алды абыр-сабыр екен. Кіріп-шығып жатқан  адам саны күндегіден де көп. Таныс емес қыз-жігіттер мол. Бәрі «Үшінші артық» деген ойынның қызығына кіріп кетіпті. Біз де қарап тұрмай ойынға қосыла кеттік. Алғашында байқамаппын, қарасам, бағана есік алдында кездестірген қара жігіт те ойнап жүр екен. Біздің көрші бөлмеде химия факультетіне түскен Күлпара деген қыз бар еді. Байқаймын, екеуі бір-бірінен айрылар емес. Қай кезде танысып үлгергендері белгісіз. Әйтеуір ойын барысында бір-бірінен ажырамайды. Айналып жүгіріп барып бірінің алдына бірі тұрады. Олардың бұл жүрістері сол жерде жүргендердің барлығының да назарын өздеріне аударғаны анық еді. Сәлден соң ойын аяқталып ішке кіруге бет алдық. Есік алдында Қалдыбай ағай мен жаңағы қара жігіт тұр екен. Қалдыбай ағайдың қолында шәйнек бар. Есіме бөлмеде суық су жоқ екені түсіп: «Ағай, суға барғалы тұрсыз ба?», — дедім (сол бір күндерде жатақханаға суық су келмей, суды әл-Фараби даңғылының бойындағы құбырдан алып жүретінбіз). «Иә, су керек болса жүріңдер. Қазір Күлпара да шығады», — деді Қалдыбай ағай. «Қазір». Мен тез-тез басып бөлмеге қарай келе жатыр едім, алдымнан тапырақтай жүгіріп шәйнек ұстаған Күлпара шықты. «Күлпара, тоқтай тұр, мен де барамын», — дедім оған. «Тез шық», — деген Күлпараның дауысы ұзын дәліздің ашылып-жабылған есігімен бірдей шықты. Сәлден соң шәйнегімді көтеріп сыртқа шықсам, үшеуі күтіп тұр екен. Төртеуміз Әл-Фараби даңғылына алып шығатын жатақхана артындағы асфальт жолға түстік. Әлі күнге неге солай болғанына таңқаламын. Әйтеуір жолға шығысымен екі-екіден бөлініп қалдық. Алда — Қалдыбай ағай мен Күлпара. Артта — мен және белгісіз жігіт. Үнсіз келе жаттық. Жаздың қап-қара мақпал түні. Төбеде шашылған асыл тас-тардай жұлдыздар жымыңдайды. Қарсы алдымызда Алатау. Тым-тым жақын тұрғандай ма, қалай?! Көк аспанда, мың сан теңгеліктердің арасында толған ай толықси жүзіп бара жатты.  «Есіміңіз кім?», — деді бір кезде белгісіз жігіт. «Сағым», — дедім мен қуланып. «Сағым?! Кәдімгі сағым ба?!». «Иә, иә, кәдімгі сағым». «Менің есімім — Абдолла, журфакта 2 курста оқимын. Қызылорда облысынанмын»,- деді ол сәл үнсіздіктен кейін. Сөйтті де «Өзіңіз туралы айтпайсыз ба?» дегендей бетіме қарады. «Мен матфакта 1 курста оқимын. Ауылым тура мына таудың артында», — дедім Алатауды нұсқап. «Қалай?».  Ол түсінбей қалды. «Иә, айналып барғанда осы тұсқа келеді», — дедім мен ауылыма деген сағыныш сезімі жүрегімді тербеп. 
Мен мектепте оқып жүргенде әдебиетші болсам деп армандайтынмын. Әдеби кітаптарды көп оқитынмын.  «Абай жолын» алғаш рет 6-сыныпта оқып жүргенде тауып оқыдым. Кейін «Ботакөз», «Қазақ солдаты», «Кездеспей кеткен бір бейне» және т.б. кітаптар бірінен соң бірі оқылып жатты. Орта мектепті бітірер емтиханында «Маған ұнаған әдеби бейне» деген еркін тақырыпқа Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар»  романындағы Ербол бейнесі туралы жазып, мұғалімдерге «Ерболдың қарындасы» атанғаным да есімде. Менің ой-өрісімнің кеңеюіне, әдебиетке біртабан жақын болуыма үлкен үлес қосқан менің аяулы ұстазым қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, 1978 жылы Москвада өткен мұғалімдердің Бүкілодақтық V-ші съезінің делегаты болған, халық ағарту саласының үздік маманы Тұрсынхан Шәлдибекова жайлы мақтана айттым. Сен де мектепте жүргенде әдебиетті жақсы көргеніңді айттың. Мен сияқты көркем әдебиетті оқуды сен де тым ерте бастапсың. Оған себеп болған өзіңнің сынып жетекшің болған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Зинабдин Шермағанбетов екен. Тіпті мынадай сәйкестікті айтсаңшы! Зинабдин ағай да сол V-ші съездің делегаты болыпты. Осыдан кейін екеуміздің әңгімеміз жарасып кетті. Біресе оқыған кітаптарымыз туралы пікір таластырамыз. Біресе сол кітаптарға, әдеби бейнелерге ой-пікірімізді білдіреміз. Сөйтіп отырып таң атуға таяу қалғанын да байқамаппыз. Жаздың қысқа таңы сібірлеп атып келе жатқанда кетуге ыңғай білдірдім. Сен де өзіңнің ертеңгі күні ауыл шаруашылығы жұмысына кететініңді, маған хат жазып тұрғың келетінін айттың. «Фамилияңыз қалай? Мен Бас  поштаға хат саламын, барып аларсыз», — дедің.  «Рысбаева»,- дедім мен онша мән беріңкіремей. «Өтірік айтатын шығар»,- деді ішкі ойым. «Жақсы, кетерде тағы жолығармын», — дедің қоштасар сәтте қолымды алып…

4


 Хат жолдарынан

Жаныммен құлап,

Қалдың-ау ұнап,

Кез болып маған бейуақта…

 ИССЫКТАН СӘЛЕМ!

    Сәлем бердім, аса құрметтім! Хал-жағдайың, көңіл-күйің, денсаулығың жақсы ма, Сәулеш? Сәулеш, әзірге айтар әңгіме жоқ болып тұр. Дегенмен, өзіңнен айрылысқан сәттен бастап басқаша бір күй кештім. Тіпті бұлай болар деп ойламаған едім. «Алғашқы» деп басталар махаббат алыста қалса да сенің кездесуің мен үшін зор бақыт. Сенімен таныс болғаныма өте қуаныштымын! Өзіңмен өткізген алғашқы да соңғы кеш мені басқаша өмір соқпағына салғандай ма, қалай?! Әйтеуір алабөтен бір сезімнен арыла алмай қойдым…             Сәулеш, міне бүгін Еңбекшіқазақ ауданының «Иссык» совхозының № 4-бөлімшесіне келдік. Жатақханаға орналастық. Бір ай жүзім теретін болдық. Ертең жұмысты бастаймыз. Қазір ғана жиналыс болды. Жұмыс жағдайы ғой баяғы. Уақыт көңілді өтуде. Қыз-жігіттер көп-ақ. Басқа не айтам, Сәулешім? Осы хат барысымен хат саларсың. Сенімім зор. Маған айтар сөздерің бар болса, ашық айт. Ауылыңа қайта қалсаң міндетті түрде хат сал.     Сәулеш, сен мен жайында ойландың ба? Әлде сағыныса алар досқа жарамаған жерім болды ма? Әйтеуір сен менің есімнен шықпай-ақ қойдың. Сәулем, мен сені жақсы көргендіктен бәрін айтып отырмын.
Сенен келген хат біздің қыздарға үлкен жаңалық болды. Мен үлкен толқу үстінде жүрдім. «Бұл әлде іңкәрлік пе? Жоқ әлде махаббат па?!» деген ән жолдары дәл маған арналғандай. Сенің бейнең күндіз-түні көз алдымнан кетпейді. Бір шешімге келе алмағандықтан хатқа жауап та жазылмады. Бір жағы қыз намысы тағы бар. Бір көргеннен ұнатып қалдым деу әбестік көрінді. Ұнатпадым ғой десем есімнен кетпейсің. Не керек осылай әрі-сәрі күйде жүргенде 4-5 күн өтіп те кетті. Ақыры, хатты жауапсыз қалдыруды жөнсіз деп санап, барынша сыпайылық сақтап хат жаздым. Ол кезде көшенің әр жерінде поштаның жәшігі тұратын. Жазылған хатты Күлпара салуға алып кеткен. Сөйтсем, Әл-Фараби көшесінің бойындағы пошта жәшігіне тастап кетіпті. Арада бір жеті уақыт өткенде Бас поштаның жанынан өтіп бара жатып кіре салдым. Сенен тағы да хат келіпті… 
***            
Мен сені осылай жаздың күзге ауысар соңғы қоңыр кешінде кездестіріп едім, Абдолла. Егер екеуміз сол күні таныспасақ, онда біз бір-бірімізді мүлде көрмей, білмей кетер де едік. Өйткені, екеуміздің жатақханаларымыз екі жақта болды ғой. Бұйрық деген осы шығар, бәлкім?! Екеумізді әсем Алматы махаббат бесігінде тербете алды. Біздің махаббат, қызық мол жылдарымыз Меңтай мен Ерболдың махаббаттарына куә болған Никольск базарының маңындағы № 1-ші жатақханада қалды. Мен Меңтай жатқан бөлмеде жаттым. Біз шынайы ғашық  жандар  едік. Олардан айырмашылығымыз — біз қосылып арманымызға жеттік. ҚазМУ қалашығы мен № 1-ші жатақхананың арасын трамвай жолы жалғап жатты. Жазғы демалысымызда алыс кетсек, арамызды сағыныш пен сезімге, сырға толы үшбу хаттар жалғап тұратын. Осылайша қиындық пен қызыққа толы студенттік жылдарымызды асыл сезім, аяулы махаббатымызбен өрнектеген біздер араға екі жыл салып барып күз айында бас қостық. Алланың бермеген бағын тартып ала алмайсың ғой. Бірақ менің бағым жанды. Тағдыр менің жанымды да, еркелігімді де түсінетін сен сияқты азаматқа кез етті. «Үйлену оңай болғанмен үй болу қиын» деген. Екеуміз үй болып кетудің көп машақатын көрдік. Отбасылық өмірдің қызығын да, қиындығын да, тұрмыстың тауқыметін де бірге тарттық. Пәтер алғанға дейінгі көрген қиыншылығымыздың өзі бір тау-төбе. Етектен тартсақ басқа жетпейтін, ауыздан жырсақ үстімізге артылмайтын тарыққан күндерді де басымыздан өткіздік. Өмір бізден үлкен төзімділік пен шыдамдылықты талап етті. Біз соның  бәріне шыдадық. Біздің арамызда шынайы сезім бар еді. Сол сезім мен адал махаббатымыз бізді оттан да, судан да қорғап алып шығып, мамыражай өмірге — үлкен бақытты отбасылық өмірге жеткізді. Бірақ біз небәрі 24 жылға ғана бірге өмір кештік. Балалар енді ғана өсіп келе жатқан кезде сен өмірден өттің. Бұл мен үшін қай жағымнан болсын үлкен соққы еді. Бар ауыртпалық пен бар бейнеттен арылып, енді жаймашуақ өмір кешеміз бе деген сәтте мен сенен айрылып қалдым. Орның ойсырап қалды. Жалпақ далада жалғыз қалғандай күй кештім. Жабырқаған жарым көңілімді бірде балаларыммен жұбатсам, енді бірде жұмысыммен алдандырып жүріп күн кештім. Қазір де солай. Көңіл құрғырдың кейде өзіме ырық бермей, оған ие бола алмай кететін кездерім де болады. Ондай кездерде көңілімнің жайлауынан ел көшіп, жұртта жалғыз қалғандай болып жандүнием құлазып қалады. Екеуміз дүние жинамадық, Абдолла. Қоңыр тірлікті ғана қанағат тұтып, қоңырқай ғана өмір сүрдік. Біреуден ілгері, біреуден кейін болып тұрмыс кештік. Бірақ біз жарлы емес, бай едік, бақытты едік. Байлығымыз — балаларымыз, адал достарымыз, ағайын-туыстарымыз болатын. Бақытымыз — балаларымызға мәнді тәрбие бергеніміз, ағайын-туыс пен жора-жолдастарымыздың арасындағы абыройымыз болды. Қай ата-ана болмасын ұрпағының келешегінің жақсы, болашағының бақытты болғандарын армандайды ғой. Біз де балаларымыздың алдындағы парыздарымызды өтеуге тырыстық. Табанымыздан тозып, маңдай теріміз тамшылап жүріп өсіріп, оқытып алға жетелеп едік. Сөйткен балаларымыз бүгінде еңбегімізді еш қылмай үмітімізді ақтап келеді. Құдайға шүкір, балаларымыздың бәрі қазақылықты бойына сіңірген, адамгершілігі жоғары, тәлімді, тәрбиелі, білімді жандар болып өсті. 
***        
Бірде сен Фариза Оңғарсынова апамыздың таңдамалы шығармаларының 1-ші томының 1-ші бетіне былай деп жазып, туған күніме сыйға тартып едің:    Ақ Сәуле! Туған күніңмен! Өзіңе арнаған ҚОҢЫРАТ жырымды қабыл ал!                
Өлең жаздым өзіңе орташалау,
Дұрыс болмас алтынға жорта санау.
Күміс те емес, мысқа да теңгермедім,
… Қола-тірлік өмірді кем көрмегін! 
Мезгілің күз. «Қыркүйек», «Қарашасы»,
Ортасында «Қазан» тұр арашашы. 
Сегізінде жұлдыздың сен туыпсың, 
Күз — тірліктің кішкентай тамашасы!
Өзің барда мосымның оты жалын,
От-жалынның білемін тоты барын. 
Шүпірлеген қазаным «үш аяқтан», 
Түспесе екен деп тілеп отырамын!     
Фаризаға да кейде қосыламын…            

                                                  1988 жылғы 8 қазан. 

Сен 28 жыл бұрын осылай деп жазып едің. Ал  сен өмірден өткелі бері 13 жыл болды. Біршама уақыт.    Міне, тағы да қоңыр күз орнады. Қоңыр күз көңілге қоңыр күй сыйлағандай. Қазір мен өзің бар кездегідей қоңырқай тірлік кешіп жүріп жатырмын. Қанағат етемін. Ең бастысы, сенің «үш аяқты» ошағыңдағы қазаның әлі оттан түскен жоқ. Отың маздап жанып жатыр. Тек өзің ғана жоқсың, Абдолла. «Ішіне жанарыңның сақта мені, Өзгелер көлеңкесін түсірмесін»,- деп Мұқағали ағамыздың өлеңімен жазып берген суретің  сарғайғаны болмаса сол қалпында сақтаулы тұр. Мен сені әлі күнге жанарымның ішінде сақтап, ешкімнің көлеңкесін түсірмей келе жатырмын, Абдолла!… Өзіңе арнаған мөлтек сырымды тағы да ақын өлеңімен аяқтасам деймін.  
Сезім екен сақтағаны сол көздің, 
Қиялға еріп бір әлемді мен кездім.     
Күннің әлсіз сәулесіне жылынып, 
Көз ішінде керіледі кербез — мұң.

Сәуле Рысбаева
Алматы қаласы.





Пікірлер: 1

  1. Эльдар Хамидуллин:

    Жақсы жазылған мақала екен.

Пікір қосу