ЖҰРТҚА ЖАТ БОП, АТ МІНІП, ҰРТТА-МАЛТА, МҰРТ ТА ШЫҒЫП КЕЛЕДІ ТҮБІТТЕНІП…

Абай Ораз Амангелдіұлы

Абай ОРАЗ 

1994 жылы дүниеге келген. Республикалық, облыстық мүшәйралардың жеңімпазы.
Республикалық «Үш бәйтеректің» 120 жылдығына арналған «Жарты жаңқам қалғанша…» атты мүшәйраның Бас жүлдегері. Республикалық М.Жұмабаевтың 120 жылдығына арналған мүшәйрада «Мағжан Жұмабайұлы» атындағы сыйлықтың  жүлдегері. Республикалық Ф. Оңғарсынова атындағы мүшәйраның І орын иегері.

КӨЗДЕРІҢЕ ҒАШЫҚПЫН
               (А.Д.- ға)

І. Күзгі бояу. Эллегия.
Көз алдымда
Шықтай боп таңда басылған,
Бір ару жылап тұрады.
…Көздердің әр қарасынан
Жауапсыз сұрақ туады. 

Жанардың да
Күздей боп солары бар,
бірдей дөп біздікіндей.
Анау қыздың жанары дәл –
мен ғашық қыздыкіндей.

Ар алдында
Кінәлінің самғамайтынын,
білетін әлем көп еді.
Көздердің алдамайтынын, 
Еш Ақын дәлелдемеді.

Топ алдында
Күз-сұрғылт соқпаққа түстім,
жол табам ба екен?
Өртену үшін аптап та құштым.
Кім көрер қалқадан бөтен?!
Адасса көзіңнен көзім, 
Сөздерді күстаналайсың.
Жиіркенем өзімнен-өзім
Сондықтан тік қарағайсың.

Бұл сүрлеу сұрапыл екен:
тамшылар тайғанамасын.
Ұлықбек 
Ұлы ақын екен – 
Абайды қайда қоясың?!

ІІ. Сурет туралы сөз

Дәл сол қыздың суреті тұрған анау,
Мүмкін емес күніне бір қарамау.
Маған қарап тұрады қос қарашық,
Алаңдап-ақ жүрегім күнде жамау.

Жанға рақат жартыкеш — осы маған,
Сөйлесімен, күлемін, жекіп алам.
Қырсықпаса бола ма қыз атаулы,
Ынтықпасам боламын несіне адам.

Балауыз шамдай болып сығырайған,
Баяғыдан махаббат жыры – майдан.
Көздеріңе көміліп қаламын-ау,
Болып жүріп осыған түбі қайран!

ҚАРАША ТУҒАНДА

Әжем шашы секілді түскен аппақ,
Тереземнің алдына шық қонақтап.
Қара суды жағалап қаз кеткенде,
Өлең жазам күйдіріп іштегі аптап.

Қарындас жұрт қалбаңдар қарашада,
Қазан-ошақ жанында бала-шаға.
Етек жиып елеңдеп ертеңшіл ел,
Қауқылдасып жатады оңашада.

Қиқар-қаңтар тоз-тоз қып түмен елді
кеткенде апам бір аунап түрегелді.
Жанашырым мен келсем жан ұшырып,
-Қарашығым! –  деуші еді күрең өңді.

Күпілі елдің айтқанын көп екшедік,
Мұқым ердің ішінен бөлектеніп.
Тарығып өскен жоқпыз, 
                                     таң бозында – 
«Жарығым!» деген дауыс қорек болып.

Қалмаса егер кеудемнен үміт сөніп,
Күлік мінем алшайған, ұлық болып.
Жұртқа жат боп, ат мініп, ұртта — малта,
Мұрт та шығып келеді түбіттеніп.

Тұл тірліктен талғажау тоят тауып,
Тоқмейілсіп жүр едік, ой ақтарып.
Түзде түтін түтеткен түндік керіп,
Біз де кеткен екенбіз саяқтанып.

Күз келгенде қаз даусы құмық шығып,
Қызығымды барады  ұмыттырып.
Қараша айы –
                         қартайтар мезгіл екен,
Шығатұғын батпандап, күліп кіріп.

ЖЫЛҚЫШЫНЫҢ  БАЛАСЫ

Күйзелем болмаған соң жарам жеңіл,
Сондықтан қамығады шабан көңіл.
Мен едім шардараны шаңға көмген,
Шабдар тай тақымдаған шабандоз ұл.

Сүрініп боз жусанға боз даланың,
Естимін құлынымның боздағы әнін.
Талай жұрт тамда отырып тіксінеді,
Түсінбей бұ тірлігін бозбаланың.

Бозарса құланиек құла қырда,
Желиді жарау аттай күн адырға.
Арда емген арғымақтың суат жақтан,
Дүбірі ойнақ салды құлағымда.
Өтімді тілгендей боп түн самалы,
Өңешті қамыққан жыр тұмшалады.
Құзғындар қалықтаса құла дүзде,
Жылқылар иесіне мұң шағады.

Қомдаса қос қанатын бала қыран,
Шал-уақыт күй төгеді шанағынан.
Ағады еріксізден бұла жасым,
Жеткенде қарақшыға қара құнан.

Жыққанда жорға-жалған сан жылаппын,
Қарманып қара ағашты қарғымақпын.
Қамыға өмірменен күресемін,
Жалына жармасқандай арғымақтың.

Тісімді батыра алмай боз қоғамға,
Ботадай зарығамын боз далаңда.
Қамшымды басар едім әлі талай,
«Тебінгі тер шірімей» тозбағанда.

Тай міндім.
Шабандозбын. 
Жылқышымын.
Түйгендей торығамын жылқы сырын.
Жырыңды жатқа оқышы жылқы жайлы,
Баласы жолыққанда жылқышының.

ТОПЫРАҚ
 (Хикая)

Біздің елде өсек гу-гу еседі.
-    Рас? Өтірік?
Жақсылық болар е, тегі!
-    Алшағырдың  елге кепті баласы.
-    Түгелбай ма?
Шау тартыпты деседі.

Бірнеше күн біздің жұртта дамыл жоқ,
-    Түкең келді! Сүйінші бер,Сабырбек!
-    Қайтсін енді? 
-    Туған жер ғой! Топырақ!
Келген екен дұғалары қабыл боп!
Кісінесіп айыр қырдан кіл қасқа,
Шаң бұрқ етті ашылғанда зіл қақпа.
Қазан қайнап, бәйбішелер бәйек боп,
Ұры көсеу дамыл-дамыл кірді отқа.

Үш шомбал ұл отын етіп бұтақты,
Үйге әкелді толтырып ап құшақты.
Төбел үйдің түтетіп көк түтінін,
Алшағырдың өшкен отын тұтатты.

Маңдайына осы күнді жазғанға,
Түгесіліп, табаны һәм тозғанда.
Күбірлейді көзін сүртіп жеңімен,
Көктемдегі қиқулаған  қаздарға.

-    Осы күні қайтқан еді шешеміз,-
деп сұрланды.
Азап көрдік неше біз?  
Темекісін ұзақ тұрды сорғыштап,
Кеше түні қас қарайып көкеміз.

Бүкшиді ағам шөгіп жатқан үлектей,
-    Тұнжыраған мен емеспін, түнек қой!
Туған жердің топырағы бұйырып,
Түгекеміз елден кетті жыл өтпей.

Біздер рас, сөйлейміз ғой кейде өктем.
-    Мен не істейін, ойхой, көктем, 
ой, көктем!
Жоқтау айтып таң азаннан кер байлап,
Далақтап жүр Үртай кемпір көйлекшең.

Адам жетті қырқы өткен күн кеденнен,
Хабар көпті құлазытты дегенмен.
Басқа ештеңе айта алмады бас шұлғып,
-    Топырағы торқа болсын! — дегеннен.

                                                                         ҚҰНАНБАЙ                                                                      

Сағақ қырат, сайғақ қыр тұмандайды,
Ақеділ күн тұманда бұлаңдайды.
Еске сала береді ескі үйдегі,
Құтпан айғыр үйірі Құнанбайды.

Отқа түсіп, жеп өстім оқтау кімнен,
От-көңілге аңсауық тоқтам кімнен?
Мені жыққан ақсақ тай айнымайды,
Ақ саңлақтан оспадар Оспан мінген.

Ақыраптың ақыры қараша екен,
Қарашада қақсады-ау қара шекем.
Ақжелеңмен аяңдап ақберен ел,
Қазан ұрмай, қар жаумай тараса екен.

Ескек желді емселеп шаршап аңсар,
Сол шақтарда алғау боп таң самал сәл.
Қарашаны – Құнанбай екен деймін,
Күлге шөккен кәрі атан қаусаған шал.

Қауіп қылам Құнанбай сөзі меңдеп – 
Алтын жаға қайтадан сөгілер деп.
Қоналқа іздеп қолатқа бара берем,
Қодар – Қамқа – Қара нар кезігер деп.

Төселгендей тоқым бұлт тораңғылға,
Гөй-гөй  көңіл батырды баяу мұңға. 
Өмірзая секілді өткен күндер,
Адастырып кеткендей таң алдында.

Кенезем де шөліркеп кеуіп тұр,әй!
Торықтым-ай!
Торышолақ!
Тобықтым-ай!
Нар көтермес жүк артқан Құнекеңді,
Қалай қидың біздерге сеніп, Құдай?!

КІБІСЕ ЖЫЛҒЫ ЖЫР

 Түндерде ұзақ кісінеп көңіл, 
 Кісі боп сол ұл – қысым етті өмір.
 Кібісе жылы нені меңзейді,
 Түсіме кірді түсі боп-боз ұл.

Сол түсті көрсем шошына берем,
Ашына берем – жасыма менен.
Қарагер түннің кеудесін үңгіп,
Жалғыз моланың басына келем.

Қылшанды қиып қылыш езуі,
Ішімде өлді ұлы сезімім.
Қасиетім бе, қасіретім бе - 
Кібісе жылы, кібісе жыры?

Желтоқсан желі азынағанда,
Азынағанда – жабыға алам ба?
Кесім айтар ем – кесіп айтар ем,
Қара жонымнан қарымағанда.

Үркектеу ғана құлан-ойларым,
Құрықтауға да шыдай алмадым.
Бір үйір бием іш тастап еді,
Қағынан жеріп құралайларым.

Шарасыздықтан құтыла алам ба,
Шақшадай басым шытынағанда.
Ақ жілік болған айғыр қамшылап,
Ақырған қымыз жұтып алам ба?

Өртеңге еремін – ертеңгі өлеңім,
Қайдасың, менің желкен керерім?
Келесі жылдан нені күтемін,
Құсым келмеді кеу-кеулеп едім.

Ана шошыған, бала шошыған,
Киесі қашып қарашасынан.
Кібісе жылы —  кісі өлімі ме,
Аллам-ай, бұл не аласапыран?!





Пікірлер: 1

  1. Жаннұр:

    Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы!

Пікір қосу