ШАТА БАЛА (Деректі әңгіме)

Бақыт МЕРЕКЕНОВА,
Қазақстан Жазушылар Одағының  мүшесі

Соғыстан соңғы жылдар. Бес жыл бойы еліміздің  қару ұстар ер-азаматтары  Ұлы Отан соғысына  кетіп, арыстай азаматтардың  көбінің  сүйегі  жат  жерде  қалған  ауыр жылдар. Ұлы  Жеңіс  күні  келіп  жеткесін  ғана  ел  еңсесін  тіктеп, майдан  кезінде  ат-арбашы  болып, қара  жұмысқа  жегілген балалар  қайта  мектепке  барып, жергілікті  ауыл  тұрғындарының  тұрмысы  жаңа ғана түзеле  бастаған. Әйткенмен,  соғыс  жандарын жаралаған, жесір  болып қара  жамылып қалған  жесір  аналар  мен  әкесінен  сұм  соғыстың  кесірінен  айырылған  жетім балалар тым  көп  болатын. Соғыстың  кесірінен  зардап  шеккен балалардың   бірі – Мейірбек  болатын. 

    Алғаш  рет   жанын жаралаған «шата бала» деген қорқынышты  сөзді  Мейірбек бір класта оқитын құрдас  досы  Несіпбектен естіді. Екеуі  мектептен келе жатып, бір асыққа таласып, ерегесіп қалған. Мейірбек тастай қатып, уысындағы  қызылмен боялған асықты жіліктің асығын оңайлықпен бере қоймаған. Өзінен  бойы ұзындау, мығымдау денелі Мейірбектен қызыққан асығын алуға күші жетпейтінін сезген Несіпбек бір уақытта ашуға булығып, сыныптас  досы  Мейірбекке қарап, айқайлап жіберген.
  – Сен шата баласың! Менің  анам мен көрші кемпір Қатыш апамен екеуі  сөйлесіп отырып, сені сыртыңнан дәл солай атағанын  өз құлағыммен  естідім. Шата бала! –  деп, түйеден түскендей қойып қалғаны. Алғашында мынадай  тосын сөзден сасқалақтап  қалған Мейірбек түсінбей қалды.
  –  Ия, онымен не  айтқың  келеді? Шата баласы  несі?! –  деп, келте танауы едірейіп, тана көздері  шарасынан шығып, онсыз да кірпікшешендей қатқыл шаштары одан сайын  ежірейген. Бірақ, жарғақ құлағы  жалтыраған құрдасы жауап  бергісі  келмеді ме, әйтеуір айтарын айтып болған соң, досы  Мейірбектен өшін алғандай,  кілт  теріс бұрылып, қара сөмкесін бұлғаңдатып, үйіне қарай  құстай ұшқан. Мейірбек бұл сөздің мағынасын бірден түсіне  қойған жоқ, бірақ ар жағындағы  ішкі  түйсігі бұл сөздің  тегін айтылмағанын  сезген.  Үш-төрт кітабы салынған, апасы тігіп берген  қара ала дорбасын бұрышқа лақтыра сала, бұл сөздің мән-жайын  апасынан тезірек білмек болған. Жақында сойылған ақ қойдың  жүнін  кірсабынмен бұрқыратып  жуып, дуалға жайып, жарқыраған күн сәулесіне кептіріп, жуылған  қойдың жүнін  алдымен тоқыма шидің  үстіне салып, қос жұмыр ағаш таяқтан жонып дайындалған қос сабаумен  кезек-кезек  көсіле сабап, ерінбей-жалықпай  жібектей қылып  түтіп, түтілген жүнді  қолына  будақтата жиып  алып, сыбызғылай тартып, қаннен-қаперсіз санына тақай үйреншікті  қолымен  ағаш  ұршықты  шебер зырылдатып,  жіп иіріп отырған  анасы, бірдеңеден құр қалғандай  жанына  ентелеп келген  Мейірбекке немқұрайды көз салып, жайбарақат тіл қатқан.
   -Қарның ашты ма, құлыным?  Қазір мына жүнді иіріп, бітіріп тастайын, тамақ дайын, қазір, айналайын,- анасы шудаланған жібектей   жүнді  ұршыққа  айналдыра иіріп, айта  бастағаны сол еді, осы арада Мейірбек анасының сөзін аяқтатпай килігіп, асыға-аптыға сұрақ қойған.
-Апа, мені бүгін Несіпбек «сен шата баласың» деді, ол не деген сөз?!-деп, тіке  сұрақ қойған. Анасының  көзі атыздай болды, тіл-ауызы байланып қалғандай бір-екі минут мешел баладай  мелшиіп қалды, зырылдатып иірген ұршығын кілт тиды. Әлден уақыттан кейін ғана өз-өзіне келгендей, Мейірбекке қарап, зілдене сөйледі.
 -Ол жүгермек Несіпбек не тантып жүр?! Көзіне көк шыбын үймелетейін, жүгермектің!  Бесіктен белі шықпай жатып, ондай сөзді қайдан біледі екен, қу шешек, жүгермек!
-Несіпбек ондай сөзді шешесі  көрші кемпір Қатыш  апамен  сөйлесіп отырған кезде естіпті, өзі солай деп айтты, апа. Ол жаман сөз бе, айтшы, апа!
-Е-е, қатындардың  өсегін тыңдап,  жетіскен екен, жетпегір, желкең үзілгір, жөргегінен шықпай жатып, қағынған неме! Мен қазір   Гүлжахан  шешесіне барып,  шашын жұлып қолына берейін. Қарашы-ей, бұлардың басынғанын! Балақтағы бит басқа шықты деген осы, арыстай азамат, осы колхоздың білдей  бастығы  болған марқұм Байділда Жұманов әкең  соғыста қайтыс болмаса, осындай сөз естір ме едік!? –деп, жыламсыраған анасы  жаулығының  ұшымен көзін сүртіп, ұршығы мен жүнін қалай болса солай, төрге қарай бар пәрменімен лақтыра салып, жүн түткен етегін қағып түрегеліп, қызыл ала гүлді көйлегінің кең  етегі желмен жарыса далбаңдап, Несіпбектің  үйіне қарай  тұра  жөнелді. Енді ғана Мейірбек анасының ашуға булыққанын  көріп, намысына тиетін сөз екеніне шынымен  көзі жетті.
-Ертең мен саған көрсетермін, «шата баланы!», сен өзің шата бала! -деп, жұдырығын түйіп, сырттай сыныптас досы Несіпбекке  кіжінді. Жайшылықта Мейірбектің  анасы  Қалиманың  мінезі жұмсақ, биязы болатын. Ал, осы жолы  ақыл-естен, салиқалы сабырдан айырылып, шатақ шығарып, Несіпбектің анасы  – өзінің ең жақын сырлас досы  Гүлжаханға суыт жөнелуі – бұл сөздің түп-төркіні жанға жара салар жамандық екенін Мейірбек бала болса да кішкентай жүрегі шиыршық атып, аттай тулап, іштей сезді. Сүт пісірім уақыттан соң анасы салы  суға  кетіп, жабырқап оралды. Мейірбек  анасының жылағанын, көз жасын ұлына көрсетпей  теріс айналғанын, қамыққан жүзін байқап қалды.  Мейірбек бала болса да анасының жабырқау, жүдеу жүзін көріп, жаңағы сөзді қайта жаңғыртып, жанын ауыртып, қайта сұрауды жөн көрмеді. Үйге берген тапсырмаларын мұқият орындап, төсекке жатқанда  да көзі ілініп ұйқтағанша «шата бала» деген жұмбақ  сөздің шешуін таппай қинала  ойланып жатып, ұйықтап қалыпты. Таңсәрімен анасы оятып, таңғы асын апыл-ғұпыл ішіп, шешесі кенептен тігіп берген  ала дорбасын  иығына асып  алып, мектепке жүгірді. Сыныпта бір партада отыратын  Несіпбек те жұмған аузын ашпай, түк білмегендей, ешқандай «шата бала» деген сөзді айтып, шатақ шығармағандай мүләйімси қалыпты. Сабақтан шыққан соң Несіпбектен кешегі айтқан сөзінің  мағынасын сұраған, ол әдетінше  иығын қиқаң еткізді.
-Білмеймін, кеше сенің  анаң мен менің  шешем  екеуі  қосыла жылады, сенің  анаң келе салып былай деді: «Сұм соғыстың  кесірінен байым өлім, бағым таймаса, сен менің ұлымды  «шата бала» деп айтар ма едің?! Қалайша мені жамандыққа қиып тілдедің, жиырма жасымда жесір қалдым. Менің  орныма өзіңді қойып көрші. Мен жар қызығын көрмедім, әйел болып, бала сүйгім келіп еді, енді сырлас  досым сенің өзің, мені сыртымнан  ғайбаттапсың. Соғыстың кесірінен жесір әйел атанып, жетім бала тудым, енді сен келіп, жалғыз ұлымды «шата бала» деп қорлапсың,-деп еңіреп жылады. Менің анам  сенің  шешеңмен бірге қосылып жылап, кешірім сұрады. Сенің мамаң  кеткен соң, шешемнен сұрап едім.
-Апа, «Шата бала» деген не сөз, айтшы,-дегенім сол, анам қатты ашуланып, егер ештеме  түсінбесең, неге  айтасың! Екінші рет сондай сөз айтсаң жоныңнан таспа тілем, желкең  үзілгір,  жетпегір!-деп айқайлады. Сондықтан ол не сөз екенін ұқпадым,-деді Несіпбек. Сабақтан  келе жатып, бір сыныпта, бір партада отыратын он жасар  екі бала бұл сөздің мән-мағынасын сол күйі біле алмады.   
Уақыт өте келе  Мейірбек бұл сөздің мағынасын жете ұқты. Әкесі  Байділда Жұмановтан Ұлы Отан соғысының бастапқы жылында-ақ 1941 жылы  қара қағаз келіпті. Ал, Мейірбектің туған жылы  1944 жыл. Аты-жөні Жұманов Мейірбек Байділда ұлы, демек аты-жөні бойынша туған әкесінің-ақ туған баласы. Кейінірек  есейе келе болған мән-жайды толық білді.  Әкесі Байділда Жұмановтан 1941 жылы қара қағаз келіп, жас келіншегі Қалима аңырап ауылда қалады. Ол кезде ауылда өңкей қыз-келіншектер мен кемпірлер. Еркек кіндіктіден бір аяғы ақсақ Омар ғана қалған болатын. «Арпа ішінде бір бидай» демекші, енді бұрынғы  ақсақ Омар,  «Омеке» болып, қыз-келіншектің арасында беделі өсіп сала берген. «Ит жоқта шошқа үредінің» керімен көздері қарайған қыз-келіншектер ақсақ Омардың бір ауыз жылы сөзіне мәз болады. Сондай қиын-қыстау кезде 1943 жылдың күзінде Омар Қалимаға сөз салып, екеуі  жақындасып қалады. Табиғат өз дегенін істеп, бес-алты айда Қалиманың іші томпайып шыға келеді. Жасы қырықтан асқан Омар үш баласын, әйелін тастап, жиырмадан жаңа асқан жас келіншек Қалимаға  үйленбек болады. Бірақ, біреудің  отбасын  бұзғысы келмеген Қалима Омарға  күйеуге  тиюден үзілді-кесілді  бас тартқан.  Марқұм күйеуінен қара қағаз  алып, көңілдері қамкөңіл ата, енесі келіндерінің  аяғы ауыр болып қалғанын жақсылыққа балайды. Өйткені, «Байділданың артында бір тұяқ қалмады-ау» деп екеуі де қатты өкініп жүрген болатын. Біреулер сыпсыңдап өсек айтып, енді біреулері жесір әйелді аяған болады.                                                                           
–Қайтсін-ай, жар қызығын көрмеді. Үйлі-баранды Омардан екіқабат болып қалыпты. Баласын жолдан тапқанын адамнан жасырғанмен құдайдан жасыра алмас. Марқұм күйеуінің көзіне шөп салды.
-Күйеуі соғыста қаза таппаса, өстіп ақсақ Омармен әуейі болушы ма еді, қайтсін байғұс! Обал-ай! Менің Қалимаға жаным ашиды, жас емес пе?!-дескен гу-гу  әңгіме. 
Біреуі Қалиманы жақтаса, енді біреуі  даттап әлек. Біреулері «мұндай  ойнастан бала таппақ болған бұзылған келінді ата-енесі төркініне қуып жіберуі керек, марқұм күйеуінің ақ төсегін адал сақтамай, «әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» демекші, жеңілтектік жасады» десе, екіншілері жұмсақтық танытып, «Қайтсін-ай, жесірліктің зардабын тым ерте татты, үріп ауызға салғандай үлбіреген жап-жас келіншек қашанғы етегіне намаз оқысын», «ерлі-зайыпты болып, жар қызығын көретін шақта сұм соғыстың кесірінен атпалдай азаматынан айырылды-ау! Қалима да ет пен сүйектен жаратылған адам баласы, оның да бала сүюге қақысы бар, күйеуінен айырылған соң амалсыз жолдан тайды, әйтпесе, Байділда тірі тұрса, Қалимадан бақытты әйел болар ма еді, қайтсін, байғұс-ай!?» деп, аяушылық танытатын. Ұлдары соғыста қайтыс болған  Байділданың кәрі әкесі Жұман мен  шешесі Айымхан көрегендік жасайды.
– Келіннің аяғы ауыр болғанын білдік, енді келінді сыртқа теппей,  бұл олжа баланы  марқұм ұлымыз  Байділданың атына жазайық, артынан ерген бір тұяғы болсын,-деген Байділданың кәрі-әке-шешесі келінін босандырып, соғыста шейіт болған марқұм ұлдары Байділданың аты-жөніне жазғызып, күнәсіз сәбидің дүниеге келгенін ел қатарлы қуаныш қылып, бүкіл ауыл тұрғындарын шақырып, шілдехана жасаған болатын. Бірақ, бұл болған  жайды сол кездегі ауылдың  негізгі тұрғындары – өсекке жаны құмар ауылдың қатын-қалаштары түгел білетін. Енді сан жылдан соң сол өсектің сыпсыңы сап тиылған. Өйткені, соғыста  сүйген жарларынан айырылған жесір  әйелдердің  ауыр  өміріне  сұм соғысты бастаған  фашистер кінәлі  еді.  Кейін  Мейірбек  жоғары оқу орнын бітіріп келгенде бұрынғы ауыл  тұрғындары  –  ескі  көз  көргендер  қуана қарсы алған.                               
–  Сенің  әкең Байділда Жұманов осы  совхоздың  директоры болған еді, құдайға шүкір, артынан  ерген ұлы бар, әкеңнің  атын  өшірмей, сен де үлкен азамат болдың, бүкіл ауылдың  орта мектебінің  директоры болдың, үйленіп адам болдың, соғыста шейіт болған, марқұм әкеңнің жасамаған жасын саған берсін,  көп жаса,  балам,-деп, көпті  көрген  ауыл  ақсақалдары  жас отау құрған Мейірбекке баталарын берген. Марқұм Байділданың  әкесі Жұман атасы мен  кәрі  әжесі Айымханның  қуанышында шек болмады. Олар  Мейірбектің  үйлену тойын жасап, осы  ауылдың  қызы  Мағрипаны  келін  қылып  түсірді. 
– Немерем  әкесі сияқты жоғары білімді азамат болып, елге оралды. Мейірбек  немерем  үйленіп, төбеміз көкке жеткендей  болды. «Ат тұяғын тай басар» деген, қыршынынан  кеткен марқұм ұлым  Байділдамның  қара  шаңырағының  түтіні  өшпейтін болды. Өлгенім  тіріліп, өшкеніміз жанды,- деп, атасы  мен  әжесі Мейірбек  немересін мақтан  тұтатын. «Орнында бар оңалар» деп, дана халқымыз  бекер айтпаған. Ауыз не айтпайды. Қара сөзден құралған қырық екі әріп бәрін ақтап алсам деп талпынып тұрғанын көрмейсің бе?!

 

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.