БАҚАНЫҢ БАҒЫН ҚЫЗҒАНБАЙ СҰҢҚАРДЫҢ СОРЫН ҰНАТТЫМ…

Еркебұлан ӘБДІРАХМАН

1994 жылы дүниеге келген. 2016 жылы Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық Қатынастар және Әлем Тілдері Университетінің «Халықаралық Журналистика» мамандығын бітірген. 2011 жылы «Өлеңім – Алламның сыйы», 2014 жылы «Ғұмырымның тамшысы» атты өлеңдер жинағы жарық көрген.

ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫНА

Сауық-сайран, бос бедел, жүлдеге еріп,
Ауып барад батысқа мүлдем ерік.
Қазағымның жастары жайлы бүгін,
Ойым менің барады күрделеніп.

Жанарынан қазақтың жасты ұрлаған,
Қайда менің кешегі қасқыр бабам?
Қайда біздің кешегі жастарымыз,
Кеңеске де кеудесін бастырмаған?

Жүрегі – от, намысы – өр-алдаспан,
КСРО-ның қаһарын солар басқан.
Төс қағамыз батырдың ұрпағы ек деп,
Ал өзіміз олардай бола алмастан.

Еліктегіш арылмай құр індеттен,
Қайран жастар, құрдымға құның кеткен.
Ұят болды-ау Қайрат пен Ләззаттардан,
Мәскеудің де тізесін дірілдеткен.

Бірақ та арзан бізге ұғым «ұят» деген,
Қарағашқа айналған сияқты емен.
Тілімізден тізгінсіз төгілуде,
Қазақша емес, шетелше «күй», әттеген.

Етіп жүрген әрдайым тәнін әйгі,
Әміре емес, әумесер әні ұнайды.
Майкл Джексон деп ұран салатындар,
Майқы биді кім десең, танымайды.

Әлихандар жүрсе де сағы сына,
Кеткен жоқ па сара жол нақ ұсына?!
Рухымызды талаттық азғындыққа,
Ақпараттың ағумен ағысына.

Жүре алмасақ қолға біз шырақ ұстап,
Бақыт құсы байқамай, жырақ ұшпақ.
Ғаламтормен ғаламға жақындаумен,
Қазақтықтан барамыз тым алыстап.

Сене берме, замандас, шамаңа құр,
Мейлі, сөккін айттың деп жаман ақыл.
Бұл күндері өзіме сезіледі,
Заулап келе жатқандай заман ақыр.

Ащы өлеңді төкпесін қалам қалай?
Қыздар тәні сұқ көзге таланғаны-ай!..
«Мода» қуған сылқымдар сылаң қағар,
Моладағы жағдайға алаңдамай.

Айыра алмай, жүзбенен нөлді егіз деп,
Ұсақталып, қиынға көнгеміз кеп.
Білім іздеп, ел қамын ойлар ұлдар, 
Шылым іздеп жүр және шөлмек іздеп.

Арбап алар батыстың «сүйкімі» не?
Күннен-күнге тартуда ұйқы ініне.
Бізді біреу «Маса» боп оятпаса,
Мағжан сенген жастардың сиқы, міне.

Оң-терісті жүрмесек саралап біз,
Жазылмайтын ешқашан жара-дақпыз.
Қалай біздер дәл осы түрімізбен,
Болашақтың бетіне қарамақпыз?

Іргеде тұр аңдумен жау да бізді,
Шалыс бассақ, бітірер саудамызды.
Тазалықты өзіңнен бастамасаң,
Сыпырмайды ешкім кеп ауламызды.

Мен тізбектей бергенмен наз-әнімді,
Емдемесім анық қой аза-мұңды.
Бүгін жуып, достар-ау, қою керек,
Ертеңгі күн ас ішер қазаныңды.

Табылды аңсау 

Жалаң әннің жаюда жорықтары у,
Сыр-сазың жүр сондайда болып дәру.
Ажарына Аралдың мұңы тұнған,
Алматыда маған да жолықты ару.

Мүмкін емес ән болып оралмауың,
«Аңсау» дейтін сарайға толар қауым.
Сен – бір ұлы мектепсің!
Сол мектептің
қасірет қой түлегі бола алмауым.

Сағынышым санамда жатыр аунап,
Тырналар да жүр көкте «Атыраулап».
Мәңгі жасар жырларың,
Өмір-отқа
жанып кетер ақын көп хаты лаулап.

Дей алмайсың ажалға кешеуілде,
«Қалғып кеттің қырықтың бесеуінде».
Түлкі өмірге бар еді түкіргенің,
Сол түлкінің тұр, әне, нешеуі інде.

Деп ойлап ем сен жоқта мұң тұнады,
Жоқ. Елге эстрада ұлты ұнады.
Әтештер де өздерін әнші санап,
Жұлдызсымақ жылтырлар жұлқынады.

Сол әтештер дәметіп жатыр дәннен,
Атақ-даңқтың сорпасын сапырды әнмен.
Бірі де «Еңбек сіңірген қайраткердің»,
Бард бола алмас қаншама бақырғанмен.

Ессіздерден қайтпайды ер меселі,
Бағалар жан аз қалды терді еселі.
Тек әйтеуір үзбестен әніңді айтар,
Саған тартқан Дендердің дербес елі.

Алаңдаймын, сен жаққа аласұрып,
Үрейленем, үндердің наласы үріп.
Сірә, «елеусіз бұрышта қала қоймас»,
Сырқатыңа ем болған «Қара сүлік».

Гитара, иә, сен үшін құт тұрағы,
Боп тұрсың-ау төбемде нық қырағы:
Әуеніңді естісем әнұрандай,
Жүрек дейтін патриот тік тұрады.

***
Жүректің қалсын кіршігі кетіп,
Сезінсең, Алла көп ырыс төкті.
Құдайға пенде ҚҰЛШЫЛЫҚ етіп
тұрғаннан көркем көрініс жоқ-ты.

Қаза етсем намаз, мазам да қашқан,
Құлшылық – көңіл бұлағым дер ем.
Жағымды әуенді АЗАНнан асқан,
Естісем, болсын құлағым керең.

Пайдасыз жиған ілімнен сұқтан,
Жанменен тәннің – ар-иман емі.
Ең ұлы сөз бар тілімнен шыққан,
Әрине, ол да КӘЛИМАм еді.

Ұқпадым көптің ұрандарын кей,
Жалған сөз тұрар тарап қашанда.
Әсер етпеді ҚҰРАН КӘРІМдей,
Қаншама кітап парақтасам да.

Жүргізбейтұғын зұлым әмірін,
Ғаламға білім таратқан дана.
Төге алатұғын құлына нұрын,
Ең әділ патша – ЖАРАТҚАН ғана.

***
Мені ұнатқандарды елемей мүлдем мен,
Сезем биік екендігін талғамым. 
Талайларға ғашық болып жүргенмен, 
Сен ғанасың – көрмей сүйіп қалғаным. 

Сенен іздеп жүрем жылу, ықты да,
Қарсы алдымда тұрар сенсіз күліп кім?
«Періштелер» пері болып шықты да,
Қарғаларға «ханшайым» деп жүріппін.

Енді сезім үшін қайғы жемей-ақ,
Ақ арыңның боп өтейін қорғаны.
«Күнім, айым», «күйем, сүйем» демей-ақ,
Күмісбек пен Айнұрды ұқсаң, болғаны.

Қу тірліктің қажытты үйдек-түйдегі,
Піспей, шала болды сенсіз нан, асым.
Келсеңші енді, мен түгілі үйдегі,
Балалар да сағынды ғой анасын.

ЖЫЛАМА, АЛМАТЫ АСПАНЫ!

Әр тіршілік иеге керек-ті бақ,
Таба алмадым мен бұған себепті нақ.
Күлімдеп-ақ тұр еді күн көктегі,
Жылай салды Алматы кенет, бірақ.

Құрғағанын жолдардың қаламайсың, 
Әр тамшыңа құшағын қала жайсын.
Біреу қатты сөйлесе, жылай салар,
Өзің де бір жас сәби баладайсың.

Нөсеріңнің білемін текті нәрі,
Пенделердің пана іздеп кетті бәрі.
Барлығына, әттең-ай… қолдан келсе,
Мен де пана болғым-ақ кеп тұрады.

Тамшы ішінде жүзумен жүр мұңдарым,
Үнсіз ғана бақылап тұрдым бәрін.
Алматының аспаны, жыламашы!
(…Жылап жүрген аз емес
тұрғындарың).

КӨЗ ЖАСЫМ ҒАНА  КҮНӘСІЗ

Кетсе де, мейлі, құт қашып,
Жалғыз емеспін мүлде мен.
Жалғыздығыммен жұптасып,
Сүремін өмір, гүлденем.

Санамда мұңдар домалап,
Мәңгіге мені дос етпек.
Өлеңіме де обал-ақ,
Мен жайлы жүр ғой өсектеп.

Ғайыптан, шуақ, төгіл бір,
Өңменнен өтті мына сыз.
Жүрегім – қара, көңіл – кір,
Көз жасым ғана күнәсіз.

Дегенмен, жасы жанардың,
Жууға жетпес күнәмді.
Түн сайын және таң алдын,
Тұмшалар ойлар тұманды.

Артымда қалар із қандай?
Мазалар осы сұрақ тым.
Бақаның бағын қызғанбай,
Сұңқардың сорын ұнаттым.

***
Түндер көп құлшылықсыз таң атырған,
Бекер ғой деп ренжуім «сорым қалың».
Пендемін ет-сүйектен жаратылған,
Ендеше, ұмытпайын өлім барын.

Айтқанмен бөлендім деп нұрға қанша,
Көңілге әр кез ауыр түсті уайым.
Бар боғын дүниенің жырлағанша,
Жұмаққа жеткізетін іс қылайын.

Қарасам дүниеге оятып үн,
Алланың сыйы – өмір, ауа мына.
Қабірде Мәңкүр-Нүңкір қоятұғын
сауалдың сай болайын жауабына.

Сынақты көп көрумен бес күндегі,
Жүреміз түнек емес, жарық тілеп.
Ол жақта еркелетпес ешкім мені,
Өлеңнен қолы тимей қалыпты деп.

Болмаймын босқа өмірден түңілгендей,
Тартқызбай әзәзілге етектен еш.
Тірлікте кеткен жаман түк үлгермей,
Құр өлең жұмақ жаққа жетектемес.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Гүлзира Құрмыш дауыс

    Мұңды екен

  2. Нурлан Айтмукашев дауыс

    Сұңқар-жырың самғай берсін биікке,бауырым!

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.