Ұстазым менің, ұстазым!..

(Ұстазым Серікқали Ғабдешұлы  Шарабасов туралы)

Мектеп кезінде, нақтырақ айтсам 10 сынып оқып жүргенде «Абай оқулары» деген жарысқа қатыстым. Аудандық кезеңнен сүрінбей өтіп, облыстыққа жолдама алдым. Міне, облыстық деңгейде өнер көрсеткелі тұрмын. Алдымда бізге төрелік ететін үш адам отыр. Солардың ішінен кең маңдайлы, ойлы жүзді, көп оқығандығы айтпай-ақ білінетін үлкен адам  көзіме жылы ұшырады. Ол кісінің көзіме жылы ұшырауының да өзіндік себебі бар. Мақалама арқау еткелі отырған тұлға мен туған өлкенің перзенті екен. Ол адамды теледидардан, әртүрлі тақырыптарға жазылған газет беттеріндегі мақалаларынан танитынмын. Бұл кісі – Ақжайық жұртшылығына етене таныс, республикаға белгілі ұлағатты ұстаз, әдебиетші-ғалым Серікқали Ғабдешұлы Шарабасов еді. Тура 2 жылдан кейін ол кісінің өзіме ұстаз әрі куратор болатынын ол кезде әрине білген жоқпын…

Біз де студент болғанбыз…

Уақыт қандай жүйрік десеңізші. Желдей ескен уақыт мектеппен де қоштастырды. Оқуға М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университетіне қабылдандым. Қыркүйектің алғашқы күні универді бетке алып тартып отырдым. Келсем бас ғимараттың алды қаумалаған адам. Ата-анасы бар, студенттері бар, әйтеуір толып жүр. Мерекелік шара аяқталысымен үлкен дәрісханаға жиналдық. Білім күнімен құттықтап филология факультетінің бірнеше ұстазы сөз сөйледі. 
-Шырақтарым! 
Ұзаққа созылған шарадан шаршап, жүзімді төмен салып отырғам. Осы бір сөзді естігенде жалт қарадым. Таныс дауыс. Таныс жүз. Түйсігім алдамапты. Баяғы өзіме «Абай оқуларында» қазылық еткен Серікқали Ғабдешұлы. Алдымда Зейнолла Қабдоловтың тікелей шәкірті, тұлғасы биік, ойы ұшқыр, талай шәкірттерді түлеткен ұлағатты ұстаз тұр. Қарсы алдымда М.Әуезовтің өзі тұрғандай күй кештім. Үстіне жасыл костюмін келістіріп киіпті. Галстугі де аса ұқыптылықпен байланған. Ол кісі ойлы көздерін студент жастарға қадап кішкене тұрды да, қолын сермеп сөйлеп кетті. 
-Барлықтарың бір-бір үйдің үкілеген үмітісіңдер. Ата-аналарыңның артқан сенімдерін ақтаңдар. Сендер үшін нағыз өмір енді басталды. Елдің болашағы үшін сапалы білім алыңдар. Әр сәттеріңді құр жібермеңдер, қарақтарым. Бақытты болыңдар, – деп қысқа қайырды. Ағай үнемі қысқа әрі тартымды сөйлейтін. Кафедра меңгерушісі Азамат Мамыров әр топты таныстырды. Кім қай топқа түскен, ол топқа кім куратор болып тағайындалады соның бәрін жіпке тізгендей етіп айтып берді. Барлығы демдерін іштеріне тартып алған. Қайсысының жүзіне қарасаң да «қай мұғалім куратор болар екен» деген сұрақты жазбай көруге болады.
-02101 топта оқитын студенттер мыналар, – деп Азамат Ыбырайұлы қолындағы қағаздан студенттердің тізімін оқи бастады. Бұл бақытты топтың ішінде менің де есімім аталды. 
-Сендердің кураторларың болып, арамыздағы ең үлкеніміз, бәріміздің ұстазымыз, профессор – Серікқали Ғабдешұлы Шарабасов тағайындалды, – деп бір тоқтады. Басқаны қайдам, өз басым Серікқали ағайдың біздің топқа куратор болып тағайындалғанына іштей қатты қуандым. Осы күннен бастап Серікқали ағай біздің топты өз қамқорлығына алды. Толық сабақ кестесі шыққанша 4-5 күн өтеді екен. Басқа топтың студенттері бұл күндері арқаны кеңге салып, өз еріктерімен жүрді. Ал, біз Орал шаһарының көптеген тарихи жерлері мен мәдени ошақтарын араладық. Ең алдымен қаламыздың көрікті жерінде орналасқан Жұбан Молдағалиев атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасына жиналдық. Жұбан ақынның өзі отырған жазу үстелін, шағын кітапханасын, тұтынған заттарын көрдік. Алған әсер мол. Ақын атамыздың жан-дүниесіне үңілгендей болдық. Бізді кітапхана директорының өзі құрақ ұшып қарсы алды. Серікқали ағайды қатты сыйлайды екен. Ағай өзінің ағасының үйіне келгендей өте еркін жүрді. Костьюмін шешіп тастап, Жұбан ақынға арналған шағын музейді таныстырды. 
– Қарақтарым, кітапхана киелі орда! Мұнда әркім іздегенін табады. Ал, сендер табан тіреп тұрған кітапхананың орны тіптен ерекше. Өйткені бұл жер ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің атымен аталады. Жұбан ақынның жәдігерлері де осы жерден орын алған. Бұл жер университеттен кейін ең көп келетін жерлерің болсын! 
Ұстазымыз ғибратқа толы әңгімесін осылай аяқтады. Содан кейін Жұбан ақынның мүсіні қойылған паркке бет түзедік… 
Алғашқы күні дұрыс танысып үлгермегендіктен, группаластарыммен жол бойында таныстым. Өзімнен басқа тағы бір ұл бар. Қалғанының бәрі қыз. Бірінің атын жаттасам, бірінікін ұмытып қалам. Кері сұрау ұят. Осылайша қызыққа толы студенттік шақтың алғашқы күндерін де бастап кеттік. 

Ерекше өтетін дәріс
Ағай дәріс оқыса,
Бәрі бірдей тыңдайды.
Айтатұғын нәрсесін,
Түсіндірмей тынбайды…
(Студенттер фольклорынан)

Ұстазымыздың әр дәрісі өте мағыналы өтеді. Ол кісі ешқашан сабаққа кешікпейді. Ағайдан бұрын кірген студентті де көп көрмейміз. Көбіне ең бірінші келіп алып, газет-журнал парақтап отырады. Сабаққа көп келмейтін, келген күнде де соңғы парда зытып кететін бірді-екілі студенттердің өзі Серікқали ағайдың дәрісіне қатысады. Өзге мұғалімдердей ол кісі студенттерді түгендеп жатпайды. Уақыт алмай бірден бастап кетеді. Тек өзіне тән дауысымен залдың бәрін лезде қаратады. Содан кейін өтуге тиіс тақырыптарды қысқаша шолып шығады. Басына қона қоюы қиын балалардың өзі ағай айтқанды қағып алады. Лекциясын жазуға қолайлы етіп, қысқа әрі ұғынықты қылып айтады. Бақдәулет есімді группаласым ағайымыздың аузынан шыққан тіркестерді теріп жазып отыратын. Дәрістегі ермегі сол. Ағай айтқан ерекше тіркестер мен қанатты сөздер, Бақдәулеттің қалың дәптеріне қонып жататын. Дәлізден бірімізді көре қалса «өй жаман перваштар» деп риясыз күліп, арқамыздан қағатын. Ұстазымыздың жылдағы айнымайтын дағдысы бар. Ат қою. Өзі сабақ беретін студенттердің барлығына дерлік ат қойып, айдар тағатын. Ағай айтты, бітті. Сол студент төрт жыл бойына солай аталып кетеді. Бізден бір курс жоғары оқитын Нұркен деген баланы «столба» дейтін. Группаластарым Әдеміні «бұжыр», Рысгүлді «Рыскүл», Айдананы «тырна», Әселді «бәйбіше», Самалды «ұзыншаш», Айымгүлді «шілпік», Мөлдірді «бастық», Зай-раны «семіз» деп атағаны есімде қалыпты. 
Ол кісі бір сабаққа берілетін 50 минуттың өзін өте шебер пайдаланады. Жарты сағатын жаңа сабаққа арнаса, он минутын өзінің өмірлік сабақтарына арнайды. Бұл он минутта дәрісханаға жиналған біздер ағайдың тағылымды ғұмырнамасын ұйып тыңдаймыз. Жас кезіндегі көрген қиындықтарына еріксіз бас шайқап, білім алуға деген құштарлығына сүйсінеміз. Осы бір бар жоғы он минутқа созылатын уақыттың ішінде ұстазымыз өзінің рухани әкесі – Зейнолла Қабдолов туралы да айтып үлгіретін. Әдебиеттегі ағасы Қадыр Мырза Әли туралы да көп естеліктер айтатын. Одан бөлек Ғабит Мүсірепов, Хамит Ерғалиев, Оралхан Бөкей, Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев сынды классиктермен болған кездесулерін де сөз қылатын. Қалған он минутын әзілге жаратады. Студенттермен керемет ойнайды. Олармен танысуы да қызық. Бір-бірлеп тұрғызады. Содан кейін қай жерден келгенін сұрайды. Ұстазымыздың перваштармен таныстығы төмендегіше өрбитін:
– Қай жақтан келдің?
– Атырау.
– Өй, мұнай сасыған жерден келіпсің ғой. Атырауда неге қалмадың, ә? 
– Ағай, біздің жақта оқу ақысы тым қымбат.
– Бұлар сөйтеді. Оралға білім алу үшін емес, оқудың ақшасы арзан болғаны үшін келеді. Өй, жеті атаң…
Келесі тағы біреуін тұрғызады. Оған  да осыған ұқсас сұрақтар қояды. 
– Сен қайдансың?
– Ақтау 
– Ойбай, сен де мұнайдың ортасынан келіпсің ғой. Ақтаудың ауасы ластанғасын Оралға тайып тұрдың ба?! 
-Жоқ, ағай.
-Сіздің жақтағы Светқали Нұржан, Сабыр Адай деген әулие ақындарды танимысың?
-Естуім бар. Дұрыс білмейді екем.
-Қайдан білесіңдер, оқымайсыңдар ғой. Қорықпа әлі-ақ жеті атаңды жаттағандай, жаттап шығасың. 
Осындай диалогтарды оқуға түскен жылдың алғашқы айында көп естідік. Ағайдың әңгімелерінен студенттерді кекету я болмаса кемсіту байқалмайтын. Олардың бәріне құдды бір мейірімді атасындай сөйлейтін. Студент жастар да ұстазымыздың сөздерін, әзілдеп айтқан әңгімелерін көңілдеріне алмайтын. Қайта «Серікқали ағай маған былай деп айтты, маған мынадай сұрақ қойды» деп келесі  күні  курстастарына мақтанып айтып жүретін. Бір есімде қалғаны ағайдың лекциясы үнемі соңғы парда болады. Оған жеткенше шыдамың да таусылып бітеді. Қашан Шарабасовтың лекциясына кіреміз деп тағатсыздана күтіп жүрген бір адам. Үзілісте, сабақ үстінде бәрінің айтатыны – кешегі Серікқали ағайдың дәрісі. Ұстазымыз өткізген әр сабақ кейінгілерге желдей есіп, аңыз боп тарайтын. Бізден кейін оқуға түскендер де Серікқали Ғабдешұлының сабақтарын асыға күтетін…

Біз көрген Шарабасов

Серікқали Ғабдешұлы Шарабасов табиғатынан ерекше жаратылған жан. Оның мейірімге толы жүрегі, үнемі жымиып тұратын жүзі, адам баласына деген айқара ашық тұратын құшағы кім-кімді де алалаған емес. Ағайдың жұдырықтай жүрегінен әрбір студентке орын табылатын. Өз шәкірттерін жақсылыққа, мейірімділікке, адалдыққа, еңбекқорлыққа, кішіпейілділікке, шыншылдыққа, білімге ұмтылуға, уақытты құр өткізбеуге үйрететін. Ол кісі сонысымен де мыңдаған шәкірттің жүрегінен үлкен орын алды. 
І курсқа түскен жылы ағайға қарап қатты таң қалатынбыз. Не деген ширақ қимылдайтын адам деп таңданатынбыз. Бас ғимараттың төртінші қабатына бізден бұрын мініп түсетін. Серікқали ағай табиғатқа өте жақын адам. Табиғаттың төл баласы десе де болатындай. Базары қайнаған тірліктен, қаланың күйбең тіршілігінен шаршағанда сырласары – Жайық. Жайыққа барып мұңын шағады. Жайыққа барып ішіндегі жан сырын ақтарады. Бір сөзбен айтқанда ару Жайықпен тілдеседі. Ағайдың арқасында көзі тірі классиктермен кездесу нәсіп болды. Қайда барса да жанынан бізді тастамайтын. Небір жақсы-жайсаңдармен жүздестік. Әңгімелерін тыңдап, рухани өсіп жетілдік. Біз бірінші курсқа түскен жыл университеттің 80 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді. Апта сайын бір шара. Он күн сайын үлкен конференция. Осылардың бәрінде біздің ағай жүреді. Ол кісі жүрген жерде группадағы он жеті студент қоса жүреді. Осылардың бәрінде бізді көрсін, танымал тұлғалардың тағылымды әңгімесін естіп, ой түйсін, үлгі тұтсын дейді екен ғой жарықтық. Оның бәрін кейін түсіндік. 
Ақын Қайрат Жұмағалиевтің 75 жылдық мерейтойы облысымызда кең көлемде аталып өтті. Университетте, кітапханаларда көптеген әдеби-сазды кездесулер болды. Группадағы 7 студент Қайрат ақынның жеті баласына арнап жазған бесік жырын жатқа оқыды. Ақын атамыз бізді тыңдап балаша қуанды. Ұстазымыз да риза болды. Көп уақыт өтпей Қайрат Жұмағалиевтің мерейтойы қаламыздағы «Қазақ драма театрында» өтті. Республикамыздың түкпір-түкпірінен әдебиеттің алыптары, қазақ елінің зиялылары жиналды. Алаштың абызы, ҚР халық жазушысы Әбіш Кекілбаевты осы кездесуде алғаш көрдік. Қайрат ақынды құттықтап сөз сөйледі. Жас кездеріндегі естеліктерімен бөлісті. Әбіштің прозасы қандай көркем болса, сөйлегені де сондай көркем екен. Қанша минут сөйлегені есімде жоқ, әйтеуір айтқандарын ауызымыздың суы құрып тыңдадық. Мерейтой біткеннен кейін Қайрат пен Әбіш аталарымызды ортаға алып естелік суретке түстік. Әрқайсымыз кітап алып келіп, Әбіш атаға қолтаңба қойдырып алдық. Көпшілігі қолтаңба қойдыруға  жазушының өз кітаптарын алып келіпті. Мен олай етпедім. Шәкерімнің «Ақиқат айнасы» деген шағын кітабын әкелдім. Өйткені, кітап дүкендерінде Әбіштің барлық кітаптары өтіп кеткен. Әбіш атамыз мен апарған кітаптың сыртын көрді де, ризашылығын бет-жүзімен танытты. Қолын қойып, «Бақытты бол, қарағым!» деп тілегін жазып берді. Өткен күннің бір белгісі ретінде ол кітап сөремнен орын алды. 
Ақ Жайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгерееваның да мерейлі 70 жасы республика көлемінде дүркіреп өтті. Бұны да бірінші болып біздің оқу орны атап өтті. Серікқали Ғабдешұлы ақын апасы туралы конференцияда баяндама жасады. Ақын өлеңдерінің мазмұны мен көркемдігіне қатысты тың пікірлер айтты. Театрда өткен қорытынды кешке «Қан мен тер» трилогиясының авторы, ҚР халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов арнайы келді. Атыраудан ат терлетіп белгілі қаламгер Рақымжан Отарбай келді. Екеуі де өз естеліктерімен бөлісіп, ақын апамызға жақсы тілектерін білдірді. Осылардың барлығына ұстазымыз бізді ілестіріп жүрді. Келмесімізге қоймады. Сабақ көп болғасын кейде ерінетінбіз. Ағай алды-артымызға қаратпай осындай шараларға айдап әкелетін. Бұл күнде солардың бәрін тамсанып айтамыз. Әдебиет алыптарын жақыннан көріп, әңгімесін тыңдау бізге шабыт сыйлап, бағыт-бағдарымызға бағдаршам болды. Ұстазымыз көп жылдар бұрын факультет жанынан «Қажым Жұмалиев» атындағы әдеби бірлестік құрыпты. Мақсаты филология факультетіндегі жазуға қабілетті, бойында таланты бар жас талаптарды жетілдіру, шығармашылығын әрі қарай дамыту. Серікқали Ғабдешұлының төккен тері, еткен еңбегі текке кетпепті. Әдеби бірлестік әдебиет әлеміне көптеген жас таланттарды үкілеп қосқан екен. Олардың алды Р.Отарбай, С.Адай, А.Шахин, З.Сисенғали, М.Бердәлиев, Б.Баймұханова, Е.Бимұханов, Ж.Болтанова, Н.Кәрімова, М.Қосымбаев, А.Ишанов, Ж.Мусина сынды облысқа, республикаға танылған таланттар. Жастардан: Э.Ихсанов, Т.Мықи, Ж.Мұрсалова, Ж.Ерманова, А.Ұябасова, А.Базарбай, Ж.Шынтаев сынды ақындар түлеп шықты. Талғат Мықидың «Қылшыққұм» атты кітабы университет қабырғасында, бірлестіктің сапында жүргенде жарық көрді. 
Ұстазым туралы бір қызық оқиғаны баяндай кетейін. 
…Қадыр орталығының жаңадан ашылған кезі. Кешқұрым ұстазым Серікқали Ғабдешұлы серуенге шығады. Қадыр атамыздың ескерткішінің жанына келеді. Келсе ескерткішке жақын жерде орыс қыз бен орыс жігіт шылпылдатып сүйісіп тұр екен. Ағайымыздың айтуы бойынша бір-біріне таскенедей жабысып алыпты. Ұстазымыз жөткірініп:
-Не стыдно, – деп қойып қалыпты. Сасатын әлгілер жоқ дейді. 
-Нет, нам не стыдно, – деп шаруаларын жалғастыра беріпті. 
Сонда Серікқали ағай, Қадыр атаның ескерткішін нұсқап:
-Ему стыдно, – депті. 
Әлгілер дереу тайып тұрыпты. Ұстазымның өз аузынан естіген әңгімем. Өмірінің соңғы уақыттарында әңгімелескенімізде айтып беріп еді… Ол кісі аяқ астынан тауып сөйлейтін еді ғой жарықтық. Сөз оған өзінен-өзі құйылып жататын…
***
Біз жоғарғы курсқа келгенімізде ұстаздардың ұстазы, әдебиетші-ғалым Серікқали аға дүниеден озды. Сол кездегі қимастық сезімді сөзбен жеткізу қиын. Әттең, Алланың ісіне шарамыз жоқ еді.

Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.