«Алашұлы» тобы: «ӘН – ҚАЗАҚТЫҢ БОЙТҰМАРЫ»

–    «Алашұлы» сахнада бой көрсеткелі қазақ өнерінде жаңаша серпіліс пайда болды. Халық әндеріңізбен жақсы таныс. Ал сол әндер қалай туындайды? 
–    Аллаға шүкір, репертуарымызда 20-ға жуық әніміз бар.  Барлығы рухани, елге, жерге арналған әндер. Көбін өзіміздің тобымыздың жүрегі – Ұшқын  Жамалбек бауырымыз жазады. Ойласа  келе  бұрыңғы жыршылардың да, Махамбет бабамыздың, Ақтан Керейұлының да жырларын жаздық. Әр әннің өзінің мотиві, сарыны бар, соларға оранжировка жасаймыз, өңдейміз. Өңдеу барысында мәтін авторларымен де ақылдасамыз. Сонымен қатар, ән жаздыратын кезде әннің шабар жерін бағамдаймыз. 


–    Жалпы, құрылғандарыңызға қанша уақыт болды? 
–    Ресми түрде құрылғанымызға 4 жыл болды. «А+» деген өзіміздің продюсерлік орталық бар. «Алашұлы» тобы – аталмыш орталықтың бір мүшесі. Продюсеріміз – Назгүл  Қарабалина.
–    Бейнебаян түсіру науқанға айналып кеткен сыңайлы. Сіздер қалай ойлайсыздар?
–    Қазір әнші де,  бейнебаян да көп. Саны да бар, сапасы да жоқ емес. Әр өнерпазда  өзіндік репертуар болады. Соның ішінде халық жүрегіне жақын әндеріне бейнебаян түсіреді. Олардың маңызы зор.  Біріншіден, экраннан өшпейді, орындаушының «Көзден кетпесе, көңілден де кетпесі» анық. Оның үстіне, бейнебаяндағы көркемдік кадрлар арқылы әннің де сөздерін есте сақтап қалады.   Екіншіден, оны басқа да қырларынан тануға мүмкіндік бұл. Әншінің болашаққа деген жос-пары бейнебаянда жатады. Онсыз болмайды.   Себебі, бейнебаянмен бүкіл әлем жұмыс жасап отыр. Шынтуайтына келгенде, ол – таза  PR ғой. Әншіні танытатын да, дамытатын да сол. Біз  әндеріміз бен бейнебаяндарымыздың халыққа рухани тұрғыдан , тәрбиелік жағынан  әсер ететін,  жақсы дүниелердің қатарынан болғанын қалаймыз.  
–    «Мейірім» атты әнге түсірген  бейнебаяндарыңыз көрермендерді бей-жай қалдырмады. Идея қалай пайда болды? 
–    Бейнебаян  дегеніміз – болашаққа жасап жатқан істеріміздің бір байрағы іспеттес. Біздегі басты мақсат : өскелең ұрпақты, жас ұл-қыздарымызды, кімді болса да жақсы жағына қарай тәрбиелеу. Үшеуміз де қазақ ұлтына қазақы дүние сыйлағымыз келеді. Мақсатымыз бір болғандықтан,  «Алаштың ұлы» деген атымызға лайық болу үшін еңбек етеміз.  Аталмыш бейнебаянымыздың ішінде  4-5 сюжет бар. Бұл барлығымыздың ойымызда жүрген. Әрбіріміз пікірлерімізді ортаға салып, идеяны пісіріп алып жасадық. Бірнеше кадр арқылы біз елдің қазіргі болып жатқан проблемасын көрсетуге тырыстық. Әлеуметтік желідегі халықтың пікірлерін оқыдық. Көздеріне жас алған қаншама көрермен ризашылығын білдіріп жатыр. Қуаныштымыз.
–    Бүгінде өнер бағаланбайды дегенді жиі есітіп жүрміз. Сіздер қалай ойлайсыздар?
–    Жалпы қай салада болмасын, маман өз саласын міндетті түрде белгілі бір өлшем деңгейіне көтеру керек. Әл-Фараби бабамыз айтады:  «Білімді тәрбиемен беру керек. Тәрбиесіз берілген  білім – адамзаттың  қас жауы».  Бұл бізге тікелей қатысты. Өнер адамдарын «халықтың алдында жүрген қаймағы» деп жатады. Сол атқа толығымен лайықты болып жүру – парыз.  Халыққа пайдалы дүние беруіміз керек. Өнерімізді, бар ынта-жігерімізді, жүрегімізді қосып ұсынсақ, халық бағалайды. Қазақ ешкімнің еңбегін елемей қоймайды. 
–    Өнер адамдарының мойнында өнермен қоса, отбасы да тұрады. Қайсысы қиын? 
–    Екеуі де жауапкершілікті талап етеді. Сахнада жарқырап жүріп, отбасындағы келеңсіз мәселені шеше алмасақ – біз үшін сын. Сахнаның құдіреті бар, әніңмен,  сәніңмен шығуың керек. Ал үйіңде әрбір қадамыңа қарап ұрпағың өседі. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген жақсы сөз бар. Сондықтан бізге қателесуге болмайды. 
–      Ән салу үшін не таныс керек, не ақша керек  деген түсініктің дұрыс емес екенін халық түсінді. Бірақ… Әлі де бұл тенденция  бар сияқты…
Ұшқын Жамалбек: Адамның ішінде өнері қайнап жатпаса, санасында ұялаған бір өнердің ұшқыны, ордасы болмаса,  халықты  ешкім  мойындата алмайды.  Өнер адамы бір қалыпқа сыймайды, бір орында отыра алмайды. Өзім сондаймын, ойыма бірнәрсе келсе, студияға асығып тұрамын. Іштегі дүниелер ән болып туындап шықпайынша тыным таппаймын. Мені сол ниет алға қарай жетелейді. Қазақ халқы біліп айтқан: «Тесік моншақ жерде қалмайды». Бір күні біреудің мойнына алқа  болып тағылады. Ән де қазақтың бойтұмары іспеттес. Ол үшін орындаушылар талпыну керек, алға қойған мақсатына жетуі керек. Өнер жолында ақша мен таныс емес, ниет пен талпыныс маңызды. Өнер алдамайды.  Арман орындалады.
–    Өмірлік ұстанымдарыңыз қандай?
Әзімбек Алашұлы:   Біздің Алашұлының ұстанымы: Барша Алаштың ұлы болу! Өнердің таза, мөлдір екенін және биік екенін тағы бір мәрте мойындатқымыз келеді. Көп сұхбаттарымызда айттық және тағы айтамыз: «Әр қазақ елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін деп еңбек етуі керек».  Қазір жасап жатқан жұмысымыз – ертеңгі    тарих. Сол тарихтың тізгінін ұстап, жақсылап жол көрсету – біздің еншімізде. Өмір қамшының сабындай ғана.  Сондықтан өнерімізге, қазаққа адал болып қалу үшін жұмыс жасаймыз.
–    Кітапты қаншалықты жиі қолға аласыздар?
Мақсат Алашұлы: «Бес ғасыр жырлайды» кітабының өзі том-том ғой. Соны қарап, қайталап жүреміз. Осы кітап біздің досымызға айналды.  Ал, соңғы оқығаным – Уиллиам  Гипсонның «Двое на качелях» туындысы. Кітапқа әуеспін. 
Әзімбек Алашұлы: Біз тек ән айтап қана қоймай, өнер академиясында сабақ береміз және Мақсат бауырымыз Ғ. Мүсірепов  атындағы балалар және жасөсіпірмдер театрында жұмыс жасайды. Бізге шетел драмматургиясынан да, қазақ драмматургиясынан да көп пьесалар ұсынылады. Солармен танысу барысында қаншама материалдарды қарауға тура келеді. Ақын-жазушыларымыздың кітаптарын да оқимыз. 
–    Айнаға қарағанда кімді көресіз?
Ұшқын Жамалбек: Айнаға қарамай-ақ өзіңді-өзің тани білу керек деп есептеймін.   Себебі, өмірдің өзі айна. Күліп қарасаң, күледі, жылап қарасаң, жылайды. Адам баласының  өзіне көңілі толмайды еш уақытта. Мен де сондаймын, өз-өзіме сын көзбен қараймын.  
Әзімбек Алашұлы: Қазақта жақсы сөз бар: «өткен іске өкінген өмір зая» деген.  Сонда да бір әттеген-ай дейтін сәттер болады. Солармен күресуші, бір жылдан екінші жылға нәтижемен бару үшін жанталасып жүрген адамды көремін. 
Мақсат Алашұлы: Әкенің ұлын көремін, ұлдың әкесін көремін. Алаштың ұлы деген атты алғаннан кейін, сол атқа лайық болу үшін талпынып жүрген адамды, өзінің мақсатына жету жолында жанталасқан адамды көремін. 
–    Әлеуметтік желілерге қанша уақыттарыңыз кетеді? Желілер туралы жалпы қандай ойдасыздар?
Әзімбек Алашұлы: Үшеуміз де инстаграмм желісінде отырамыз. Яғни, өзіміздің кішігірім жаңалықтарымызбен бөлісеміз, қайда жүргенімізді, қандай іс-шарада ән салғанымызды халық көре алады. Уақытымыз болғанда, астындағы пікірлерді оқып отырамыз.  Бірақ  уақытты өлтіріп алатынымызды мойындаймыз. 
Ұшқын Жамалбек:  Қаншама талантты замандастарымыз бар.  Сол бойына дарыған өнерді адамзаттың игілігіне, жақсылыққа жұмсамай жатқаны қоғамның азғындалуына, әлсіреуіне, адам баласының сана-сезімінің төмендеуіне әкеліп соғады. Бүгінгі күні әлеуметтік желілелер шыққалы бері кез келген адам өзінің ашық пікірін жеткізе алады. Яғни, бұл дегеніңіз – халық  қалаған адамын аспандатып, қаламағанын төменге түсіре алады деген сөз.
Мақсат Алашұлы:  Қазір елде жоқ нәрсе жасаймыз деп болмашы нәрсемен танылып кеткендер де  бар. Мен қызғанбаймын. Бірақ қандастарымның, бауырларымның алтындай уақытын сондай құнсыз дүниелерге жұмсап, өлтіріп жатқандығына налимын.  Жаным ашиды. Ал пікір жазушылар туралы сөзім жоқ.  Шындығына келгенде, желінің ар жағында сынға алып, жер жебіріне жеткізіп отырған адамды керемет білімді дей алмаймыз…   
–    Көздеріңізді сақтайсыздар ма?
Мақсат Алашұлы: Жігіттерге қатысты өте маңызды сұрақ. Орынды. Негізі бүкіл бәле көзден. Адамға тиісіп қана емес, қарап та қиянат жасауың мүмкін. Сол жағынан өзім де тырысып бағам. Өйткені қазіргі қоғамды керемет таза, рухани бай, мөлдір деп айта алмаймыз. Қолымнан келгенше өзімді шектеуге тырысамын. 
Ұшқын Жамалбек:  Қыздарға қарамаймын деп айта алмаймын. Өйткені өнер адамы болғаннан кейін сұлулыққа, әдемілікке құштармыз. Жаман оймен қарамаймыз, әрине. Барлығы адамның ниетіне байланысты болады. Бастысы жүрек жақсылыққа құштар. 
Әзімбек Алашұлы: Мүлдем қарамаймын (күледі). Ұшқын айтқандай, бір сұлу өтіп бара жатқанда көзің түседі. Қарындастарымыздың келбеттілігіне, сұлулығына қайран қаламын.   Іштей риза боламын. «Міне, біздің қазақтың қызы осындай болса керек» деп мақтанамын. Бұрымды, қылықты, жүректі,  иманды қыздарымыз көп болғай!
–    Сіздерді мазалайтын сауалдар қандай? Қандай арман бар?
Ұшқын Жамалбек: Арман  көп. Бәлкім мені түсіну үшін менімен араласу керек шығар, бәлкім дүниеге менің көзқарасыммен қарау керек шығар. Ойда жүрген өнер саласындағы мақсаттарыма жетуге асығамын. Қолдан келіп тұрған нәрселерге бойдағы жалқаулық жібермейді. Кейде уақыт жағынан ұтылып жатамыз. Соған қынжыламын.
Мақсат Алашұлы: Өте көп. Мына жалған дүниеде азаматтығыма сәйкес тірліктер істей алып жүрмін бе деп  өзіме сан рет сын айтам.  Не бітірдім? Алла Тағаламыздың ұлттың бағына бере салған құндылықтарын түсініп, бағалап, қолда ұстап қала алсақ екен деймін. Өмір – бір-ақ рет берілетін сый. Сол уақытымызды ұтымды пайдалансақ, өкініп қалмасақ деп армандаймын. 
–    Адам бойындағы қандай қасиетті жоғары бағалайсыздар?
–    Адам бойындағы адалдық, шыншылдық, еңбекқорлық, қарапайымдылық,  сөзінде тұру деген қасиеттерімен бағалы. Әке-шешесінің қадірін  білетін, солар үшін алып-ұшып тұратын адамдарды сыйлаймыз.
–    Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіздер…
–    Алда жоспар көп. 2016 жылы елімізді ән-сапармен аралауды қолға алып отырмыз. Сонымен қатар,  репертуарымыз 20-21 әннен құралып тұр. Бұл дегеніңіз бір емес, екі жинаққа сияды. Альбом шығару да жоспарда тұр. Тағы бір патриоттық ән жазып жатырмыз. Сәтті шығып жатса, бейнебаян түсіруіміз бек  мүмкін. 
–    Риясыз әңгімелеріңізге рахмет! «Алашұлының» үні қазақ өнерінің аспанында шарықтай берсін!


Сұхбаттасқан Гүлім Рысқұл, 
Салтанат Шырынхан

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. Омар дауыс

    «Алашұлы» тобының патриоттық негізде жазылған өлеңдері қазақ жастарының рухын көтеретіні сөзсіз.Шығармашылық табыстар тілеймін сіздерге.

  2. Перизат дауыс

    Бұрын естімеппін жақсы топ екен

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.