АЙНАКӨЛДІҢ АЙТЫЛМАҒАН СЫРЫ

Нұрлан ҚҰМАР

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетін және магистратураны үздік бітірген. 2003 жылғы «Денсаулық» журналының, ал 2012 жылы Тұңғыш Президент қоры, сондай-ақ «Алтын қалам» сыйлықтарының иегері. 2013 жылғы «Шабыт» фестивалінің лауреаты.

Қала баласы ауылға асығады. Ауыл баласы қалаға құмартады. Ал, Әмір жарқ-жұрқ еткен шуылдақ шаһарды ұнатпайды. Оның себебі көп, әрине. Ең бастысы, әкесінің қалада жүргенде қарақшылардың қолынан қаза тапқандығы. Бұл жәй – қаршадай ұлдың қабырғасын қақыратты. Ол кезде Әмір бірінші сыныпқа барғалы жүрген. Енді ше? Жылдар жылжып, қалақтай ұл қалқиып өсті. Сосын  өзін, айналасын терең тануға тырысты. Атасына, әжесіне, анасына өзінің керек екенін бірте-бірте ұғынды.   
Шілде айы туды да Ботбай қарияның ауласы балғын үнге, шат-думанға толды. Өйткені, үлкен қалаларда тұратын ұлдары балаларын жылда ауылға әкеліп тастауды дағдыға айналдырған еді. Атасы немерелерінің маңдайларынан иіскесе еш тоймайтын сыңайлы.  
– Шөпілдетіп сүйе бермеңдер-ші, микроб жұғады. – Бірінші сыныпты бітірген Олжас бетін қолымен сүрткіштеп әлек. 
 –Мені сағындыңдар ма? –Әжесі қаладан келген үш немересін кезек-кезек аймалады. 
 –Жоқ,-деді үшеуі бірден қосарланып.
 –Біз таза сүт, айран ішуге келдік. 
 –Құртты қашан дайындайсың, әже? 
 – Мен Айнакөлге шомылуға келдім. Сендерде су тегін. Бізде бәрі ақша. 
Ендігісі міне. Әжесі ала таңнан жер ошақта сүт қайнатып жүр. Маңдайынан аққан борша-борша терді көріп, Әмір сүлгі апарып берді. – Айналайын, ақылдым,-деп әжесі бетіне ернін тигізіп еді, жеткіншек отты жалынды сезді. – Қайдағы микроб? Титімдей болып алып Олжастың да таппайтыны жоқ. Әй, маубастар-ай. Баяғының батырлары құсап, қалың ұйқыға батуларың қалай? Күн болса тас төбеге көтерілді.
– Бір тәп-тәтті иіс мұрныма келіп, оятып жіберді. – Әмір қорадағы қызыл бұзау құсап танауын көкке шүйіреді. Терезесі қараңғыланған қоңыр салқын бөлмеден Мирас пен Олжас та далаға шықты.
– Әже, балқаймақ жасап қойдыңыз ба? – Ағалы-інілі балғындар қабаттасып тамаққа жақындады. 
–Ата, мен бір дәлеңке ботқаны жалғыз тауыстым. Өсемін бе? 
–Мен дәу кесе толы ірімшікті жеп қойдым. Кальций керек маған. 
Әмір пен Олжастың қимыл-әрекетін құр босқа жібермейтін кішкентай Олжас бөлмені дуылдатып жіберді. –Менің ішімде бәрі бар. Қараңдар-шы, қалай-қалай шұрылдайды? Араласып жатыр. Ата, ішімді сипашы, тура қарбыз секілді доп-домалақ. Ол түрегеліп, жүгіріп, бәрінің назарын өзіне аударып тынды. 
–Сендерді ертең Айнакөлге апарып келмесем бе? Атасы маңызды бір шаруаның шетін шығарды. 
–Алақай, алақай. Суға түсеміз,-деп қуанды немерелері. 
Әмір атасын аяп кетті. Қыс бойы қаншама ауырды, оны мына қалалық ұлдар қайдан білсін? Немерелер көп күледі, қария күрсінеді. Шөкімдей қарт пен өскелең балғындар Айнакөлдің екі жағасы секілді. Бірі – шөбі тапталған, сұрғылт өлке, бірі – жасыл құрағы тербелген көкорай. Сәлден соң бірі – ойға берілсе, бірі – ойынға кіріседі. –Қой, менікі не отырыс? Балық аулауға бармаймын ба? Бауырларыма балық жегізейін. Ол сапырылысқан көп ойларды әзер тежеп, достарына асықты.    

***
–Жүрсең-ші, тезірек. Әлде жарысамыз ба?
–Менің оң көзім тартты. Олжаға қарық болсақ қой, шіркін.
–Балықты көп ауласам, артығын сатар едім. 
«Шілікті» ауылының жасөспірімдері Медет, Әмір және Асқар жарыса сөйлесіп келеді. 
-Дүниеде «Айнакөлдей» әдемі көл жоқ,-дейді Медет аптығып. 
-Аңыз-әңгімелердің бәрі де осы бір тұйық көлді әулие мекен етіп сипаттайтынына таң қаламын. –Әмір емпеңдеп, аузын ашып ауаны қармады. 
-Суы кермек болса да, балығы бал татиды. Ондайда Асқар ыржиып күлуді ғана біледі. 
Алтыншы сыныпты бітірген үш ұл айнадай жалтыраған көлге жеткенде, қармақ салушылар бұларсыз да жеткілікті болып шықты. Қалтқыға бірі – нан, бірі –жыбырлаған жерқұрт, бірі – шикі ет іліп әлек. Су бетінде шымырлап, ұсақ иірімдер бүлкілдейді. Көлдің жағасында жеміс бұтақтары қылтияды. Құстың үні, арғы бетте шомылып жатқан балалардың шат дауысы естіліп тұр. 
Арқалары қызып, төбелері қайнап барады. Сонда да көздерін айдыннан аудармай, суға тесіліп қарап отырудың өз қызығы бар. «Алтын балықты» армандап, оған небір бұйрықты қалай орындатудың амалына Медет оймен саяхат жасаған тұста Асқардың айқайы естілді. 
–Қараңдар-шы, мына қара балық қалай-қалай қайқаңдайды? Әп, бәлем, енді сені босатсам ба? Қармақ жібін шіреніп тартып ол айналаны даңғазаға толтырды. 
–Ой, Алла-ай! –Әмір ақ бауыры жалтыраған алабұғаны биікке көтерді. Күн сәулесінің мың сан мөлдіреген моншағын қармағы ілестіріп алыпты. 
–Төрт сағат тапжылмай отырыппыз. Кәнекей, жиналыңдар, кетеміз. –Асқар бір кезде байбалам салды. Бір шелек балығын қызғыштай қорып, суға түсуден де бас тартты. Медетке бұйырғаны титімдей үш шабақ. Әмір әрқилы көлемдегі бес балығына көзін тойдыра алмайтын сияқты. 
Көлге ең жақын үй – Әмірдің қақпасына таянғанда Асқар ернін жалап-жалап алды.  –Өсімдік майының хош иісі қандай, шіркін! Апаң бауырсақ пісіріп жатқан болар. 
–Ендеше, жүріңдер, кәнекей. Бір-бір кесе шәй ішелік.  –Әмір достарына қиыла қарады. 
–Жоқ-ә, мына балықтарды жылдамдап ағама жеткізейін. –Асқар тайқып, табанын тез жалтыратуға ықыласты екенін бірден білдірді. 
–Мына үш шабақты көшеде ұстап жүрудің өзі біртүрлі ұят секілді. Сен қосып алшы. –Медет қолындағы жылтыр дорбаны Әмірге ұстатты. – Амандық  болса келесі жолы шәй іше жатармыз,-деді жымиып. 
Әмірдің апасы кешкісін бір табақ қуырылған балықты дастарқанға әкелді. Көрші-көлем келіп дәм татты. Сонда Әмірдің есіне дос-тары түсті. Асқар неткен өзімшіл. Өткен жолы да балықты көп ұстады емес пе? Өз жағдайын үнемі ойлап жүреді және ешкіммен санаспайды. Ал, Медеттің «келесі жолы» дегені-ақ таусылмайды екен. Өйткені, себеп те, сылтау да, үміті де соған сыйып кете береді. Жолы болмаған сәттерде өзін де, өзгені де сол сөзбен жұбатады. 
–Келесі жолы біздің көшеде де той болады. Келесі жолы жақсылық келеді. Келесі жолы сәттілік сені күтіп тұрады. Келесі жолы…
Ұйқыға жатқан кезде Әмірдің көз алдынан екі түрлі болмыс иелері, яғни достары көпке дейін кетпеді. –Келесі жолы Медеттің қармағына көп балық түссін-ші,-деп жүрегі елжірей соқты. 
***
Ауыл балаларының жаз бойғы ермегі – суға шомылу, күнге қақталу, ойын қуу, сосын балық аулау. Арада екі күн өткен соң үш дос Айнакөлге қарай ағылушылардың  қатарына  қайтадан қосылды. Асқар асығыс адымдап, өңмеңдеп, жолындағыларды басып озды. Медет  балықтарды піспекпен-ақ түйреп алуға ықыласты көрінеді. Әмір неден болса да тайынбауға бел буыпты. 
–Алдымен балық көзіме көрінсін-ші. Артынан жүзіп, қуып жүріп іш киіміммен болса да сүзіп, ұстап алармын,-деп айдарынан жел еседі. 
Алайда, күнұзаққа су жағалап жүрсе де ойлағандары орындалмады. «Қап, қармағым, қап» деп Асқар қанша айқайласа да, Тәңірге жалбарынса да ілмегіне ештеңе ілікпеді. Ажарлы Айнакөл қарақошқылданып, қабағын шытты, балығын ұсынбады. 
Шыдамсызданған Әмір тербелген толқынға қыр көрсетіп, суға секірді. Әрі-бері жүзіп, тереңдікке сүңгігенінде көлдің түбінде бірнеше ау-тор құрылғанына көз жеткізді.
–Достарым менің, көмекке келіңдер. Мына бір ауды тартып көрсек қайтеді. Иесін жақсы танимын. Әйтеуір үйге бос бармайық. –Осыдан кейін үшеуі жанталасып торды жұлқылады. Ауыр-ақ. Әмірдің ақсары өңі қызылкүреңденіп сала берді. Медеттің мойын тамырлары білеуленіп көз тартады. Асқар жіптің ұшын жағалауға қарай құлықсыз тартты. Олардың тыраштанған бейнелерін көріп жәрдемдесуге сол жерде суға шомылып жатқан бірнеше балалар қосыла кетті.  
Сөйтіп әзер дегенде ауыр еңбекпен тордан тартып алған балықтарды Әмір төртке бөлді. 
–Ауды алғаш көрген де, бастама көтерген де – менмін. Сондай-ақ алда-жалда қиындық туса жауап беретін де – менмін. Бірақ, ең жақсысын таңдап алсам, әділетсіз Әмір дерсіңдер. Маған балықтардың сүйкімсізі, мына сүйір тұмсық шортан да жетеді. Медет, өткенде маған берген үш шабағыңды ұмытқаным жоқ. Сондықтан саған тиесілісі – семіз сазан. Қалған балықтардың атын атап, түсін түстеп, жиналған балаларға түгелдей таратты. Достары іштей өкпелесе де, ешқайсысы қарсы дау айта қойған жоқ. 
–Әміржан, аманбысың? Түсің қашып кетіпті ғой. –Етегіне сүрініп, қабынып қарсы алған әжесі тұңғыш немересін бауырына басты. Кешікпей шортан аршылып, қазанда балық пісірілді. 
–Дәмді сорпа ішкізгеніңе рахмет. –Олжастың кіп-кішкентай мұрны пышылдап қоя берді. Әмірдің іші-бауырына кіріп барады. –Мен өскенде балықшы боламын. 
–Қу бала, қайдағыны айтпа! Кеше тәтті тоқаштарды жеп отырғанда, апама: – Ұн зауытында бастық болам дегенсің. Тетелес ағасы Хамит оны әбден мазақ қылды. 
–Олжасты қой. Сатқын неме. Күндіз балмұздақ әперген тәтеме уәдені үйіп төкті. –Мен ержеткен соң балмұздақ сататын дүкенде жұмыс істеймін,-дегенін ап-анық естідім. Мирас та інісінің жылпостығын ешкімнен жасырар емес. Үй іші ду-ду күлкі, бәрі мәз-мәйрам. Тек Әмір ғана езу тартпады. Оған себеп, өзін жақсы сезінбеуі еді.  
Түн ортасында Әмірдің анасы жер сырғығандай жағдайдан шошып оянды. Сөйтсе, қасында жататын Әмір ұйқылы-ояу қалыппен түрегеліп астындағы көрпесін тартып тұр. Көрпенің шетін жиырып жинап, екі қолымен тас қылып ұстаған ұлдың дауысы жеті түнде ап-анық естіледі. 
–Медет, қорықпа, бәрін алмаймыз. –Асқар, тартсаңшы! Бұл –Берік ағайдың құрған торы. Мен білем. Былтыр мал баққанда біздің баспақты жоғалтып жіберді. Күзде біздің шарбаққа кіріп, ошаққа құрған қазанды алып кеткен. Әкем тірі болса, қақпағын қайырар еді. Енді көрсін, ұрлатқанның қандай болатынын. 
Анасы ұлын айналып-толғанып, төсегіне әзер жатқызды. 
–Кешегі балық дәмді сорпа болып тамағымыздан өтіп кетті. Сөйте тұра түнімен тынышымызды алғаны несі? –Азандағы ауқат үстінде анасы тосыннан сөз бастады. 
–Апыр-ай, бұғанасы бекімеген балалар бір үйлі жанды балықпен асырап отыр. Бұған қуанайын ба, әлде… Әжесі екі ұшты ой тастап, алыстан орағытып мысал келтіргіш болып кетіпті. 
Алдындағы шәйін іше алмай, Әмірдің қолдары бей-берекет дірілдеді. Ақыры кесесін аударып тынды.
–Сонымен, Әмір ащы болса да, шындықты айт! Біреудің нәрсесіне қол сұғу – қылмыс қой. Сүзгінің түбінде көксеркелер қалып кетті ме? Түнімен соған өкініп, өкіріп шықтың ғой,-деді анасы қалжыраған қатқыл дауыспен. 
–Күні бойы көл жағалап, өзегіміз талды. Қармаққа да, піспекке де тым болмаса майшабақ та түспеді. Со-сын… Ауды тартқанда білектерім, алақаным, ішім бәрі-бәрі удай ашып ауырды. Асқар нағыз жанаяр. Қол ұшын ғана тигізді. Сосын оған жайын беріп қатырдым. –Әмір осылайша әңгімесін бастап, кеше болған оқиғаны бәз қалпында анасына айтып берді.  
Кешкісін тағы да Әмірдің ыстығы көтеріліп, кенеттен науқастанды. Ымырт кезінде барлық ішкен-жегенін құсып тастады. 
Біреудің су астына құрған торына, ақ адал еңбегіне қол салғанына өкінді. Қайта-қайта түсіне көл жазалаушы қария бейнесі болып еніп, әбден мазасын алды. 
Иә, адалдық жолы қашанда ауыр. Сол жолмен түзу және таза жүріп өту кім-кімге де сын екен ғой. Осыны жасөспірімнің зердесіне жеткізген табиғаттың оймақтай сыйы – Айнакөл болса сырын ішіне бүгіп,  ауыл шетінде жалтырап жатты…

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.