Талғат Сағынтаев, актер, «Серпер» сыйлығының лауреаты: «Актердің өмірі отыздан кейін басталады»

Ол шағын роль бұйырса да, бір қайнауын ішіне қалдырмай, әбден ширатып барып шығарады. Әсіресе, «Абай» қойылымында Нарымбет боп жарқ еткенде, ақынның айналасындағылардың ішінен бірбеткейлігімен, батылдығымен дараланып, біраз жұрт Талғаттың бойында бұғып келген талантын жаңа танығандай еріксіз мойын бұрды. Қазақты надандықтан көлегейлеген Абайдың арқасына Оразбайлар сілтеген қамшы бірінші болып Нарымбеттің қолымен тиіп еді. Абайдың зар-запыранын жүрегінен өткізіп, қасіретіне бірге қамыққан залдағы көрермен сол сәтте Нарымбетті жек көрді. Ендеше, Талғат – шындығы бар актер.

–Талғат, театрдағы ұзын бойлы, қапсағай денелі актерлердің қатарын толықтырасыз. Театр тілімен айтқанда, «фактурасы» келіскен сіз секілді артистердің сиреп бара жатқаны өкінішпен айтылып та жүр. Сіз сияқты тұлғасымен көз тартатын актерге батыр мен ханның рольдері неге бұйырмай жүр, тарихи туындылардан өзіңізді көргіңіз келе ме?
–Әрине, ондай мүмкіндік туып жатса, арман не? Қазақ тарихында хан да, батыр да, бек те көп. Өкінішке қарай, тарихи тақырыптағы спектакльдер аз, тіпті жоқтың қасы десек, ауызды қу шөппен сүрткеніміз емес. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын жаңадан бітіріп, театрға алып-ұшып келген албырт кезімде көңіл түкпірімже «хандар мен батырларды ойнасам» деген «ұры» ойдың болғаны рас. Алайда, мұнда мені күтіп тұрған тарихи қойылымдар жоқ болып шықты. Бірді-екілі барының өзі ертеректен бері қойылып келе жатқан байырғы дүниелер. Құдайға шүкір, отызға енді келіп жатырмын. Тарихи шығармалар молынан сахналанатын күн де туар. Жалпы, «актердің өмірі отыздан кейін басталады» деп жатады ағаларымыз. Сол рас па деймін. Оған дейін актер берілген рольді таңдап-талғап жатпастан, жастықпен, аса көп тереңіне бойлай қоймай, сыртындағы жылтырағын ғана сүзіп алып, жасын секілді жарқ-жұрқ ойнағанды жақсы көреді. Ал, отызға келген соң оң-солыңды бағамдап, ойланып, өз ішіңе көбірек үңіліп барып роліңе кірісесің. Қысқасы, актер ашылады. 
–Кейбір әріптестеріңізбен сұхбат-тасқанда, «актер болуды армандап туғам» деп арындап отырады. Сіз ше, «туғаннан армандап» тудыңыз ба?
–Шынымды айтайын, дәл осылай десем, өтірік болар. Армандамақ түгілі, актер  болатынымды бертінге дейін білдім бе екен? Өзім солтүстік өңірдің тумасымын, Павлодар облысының Баянауыл ауданынанмын. Осы Баянауылдағы Шәкен Айманов атындағы мектепте оқыдым. Сөйтіп 8 сыныпты бітірген соң қалаға, қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын №3 гимназияға ауысып келдім. Қазақ тілін тереңдетіп оқытатын мектеп болған соң ба, әйтеуір мәдени шаралар жиі ұйымдастырылып, түрлі тақырыптағы кештер, концерттер апта сайын өтетін еді. Міне, осы кезден бастап осындай жиын мен концерттің жүргізушісі бола бастадым, ақыры бұл міндет маған толықтай тапсырылды. Кештерді жүргізу барысында қаламызға гастрольдетіп келген белгілі актерлер мен артистерді көру бақыты бұйыратын болды. Не керек, 10 сыныпқа өткенде «актер боламын» деген шешімімді қабылдадым. Оның үстіне, қалаға келген соң Ж.Аймауытов атындағы облыстық театрдың спектакльдерін жиі тамашалайтын едім. Актерлері жаныма жақын болды. Осы театрдың актері Окасов Бекболат концерттерімізді келіп көріп жүретін, арасында келіп: «мына жері дұрыстау болмады», «осы бір тұсын былай айтып жіберсеңдер» деп түзету жасайтын. Бұл түзетулер мен ескертпелердің де маған пайдасы, көмегі көп болды. Ақыры, естияр шақта қабылдаған шешімім мені Өнер академиясына жетелеп алып келді. Құрманқожаев Бекболат ағамыздың класында тәлім алдым. Оқу бітіруімізге екі жыл қалғанда ол кісі Астанаға ауысып кетті де, бізді Құдайберген Сұлтанбаев пен Тасболат Омаров өз қамқорлығына алды.  
–Құдайберген аға қандай ұстаз болды?
–Курстастардың ішінде мен Құдайберген ағаға ерекше жақын болдым. Келсе болды, қасынан шықпаймын. Ол кісі аудиторияға күн сайын өзгеріп келетін. Тіпті киімін, портфельдерін айтпағанда, қалам, қолсағаттарына дейін өзгеріп  отыратын. Кетсе, көлігіне дейін шығарып салатынмын. М.Әуезов театрына келген кезде де шәкірті ретінде жанашырлық тантып, алгашқы рөлдеріме ақыл-кенесін айтып, бәйек болатын еді. Ойнаған кезде шақырып алып, өзі айтуды қажет деп тапқан ескертулерін жасап, «роль кілті қайтсе табылады?» деген сұрақтың жауабын бірлесе іздейтінбіз. Бірақ ұлы өмірдің жұмбағы түсініксіз қой, ең алғашқы ролім «Еңлік-Кебек» спектакліндегі Есенді ойнайтын болып сахнаға шығатын күннің таңында Құдайберген ағам қайтыс болып кетті. Есен – менің ең бірінші үлкен ролім. Әттең, ұстазым көре алмай кетті… 
–М.Әуезов театрының сахнасында ойнау екінің біріне бұйырмайтын бақ қой. Театрдың басшыларын қандай талантыңызбен табындыра алдыңыз?
–Негізі, академияны бітірген соң елге, Ж.Аймауытов атындағы драма театрына кетемін деп ойлап жүргем. Академияның соңғы курсында  киноға түсіп, кештерде  жүргізуші   бола    бастадым. Бір жиында М.Әуезов   театры-ның сол кездегі директорының орынбасары Еркін Жуасбекпен кездестім. Ағалық жасап, қазақтың жолымен «Қай баласың?» деп жөн сұрады. Ол кісіге жөнімді айтып, елге кеткелі жатқанымды жеткіздім. «Сен алдымен, М.Әуезов театрына келіп көрмедің бе?» деді. Ертеңінде Еркін ағаның ұсынысымен салып ұрып театрға келіп, Есмұхан Обаевпен жолықтым. Ол кісі «Ә, Шәкеннің ауылынан екенсің ғой. Баянауылдан жақсы азаматтар шығады» деп, жарты сағат бойы жатып кеп менің туған жерімді мақтады. Ол жолы сәті түспеді. Бір айдан соң белгілеп берген уақытында қайта келсем, қасына бірнеше адамды жинап алып, комиссяи құрып, Есмұхан ағамыз мені күтіп отыр екен. Өлең оқыдым, монолог айттым. Сосын ағамыз: «Сен кабинеттен шық. Шық та, қайта кіріп: «Кебек, Еңлік менікі!» деп айғайлашы», деді. Айтқандарын жасадым. Айғайладым да, күлдім. «Сенің маған күлкің ұнайды» деді Ес-ағаң. Не керек, сол күнгі кешкі спектакльдің көпшілік сахнасына шықтым. 
–«Абай» спектакліндегі Нарымбеттің ролі сіздің актерлік қарымыңызды танытатын сәтті рольдердің бірі деп санауға болады. Ізденіс кезінде образды қай қырынан ашқанды жөн санадыңыз?
–Байқасаңыз, спектакльде Жиренше мен Оразбай нағыз феодализмнің сойылын соққан , ескі көзқарастағы қараңғы қазақтар. Ал, менің Нарымбетім бұлардан бөлектеу. Бүгінгі жастардың тілімен айтқанда, Нарымбет – ауылдың бірінші жігіті болған. Оның бар қайғысы, Нарымбет Ажардың әменгері бола тұра, сүйіктісінің Айдарға көз салып, көңілін соған бергендігі. Қалай сонда, өзі сұлу, өзі сері, білек күші тоқпақтай, жауырыны қақпақтай жігіттің сұлтаны Нарымбетті менсінбегені ме? Нарымбет мұны кешіре ала ма? Қыз-қырқынның бәрі жолында құрбандық болып, қырылып жатқанда, Ажардың мұрын шүйіргенін Нарымбет басымен төзе ала ма? Міне, араздасқанның түйіні қайда жатыр? Ол Абай ағасын, Абай әулетін жек көрмейді. Тек кеудесінде кек оятқан Айдарды ғана кешіре алмайды. Ақыры өзі ашу үстінде жүрген адам Оразбай мен Жиреншенің айтағына еріп кетті. Қызды-қыздымен Абайдың арқасына қамшы үйірді. 
–Қарашаңырақ сахнасының шаңын жұтып келе жатқаныңызға жеті-сегіз жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында таныла алдым, өзімнің қарымымды көрсете алдым деп ойлайсыз ба?
–Жоқ, бар қырыммен ашылып, толық танылдым деп айта алмаймын. Бірақ, кино арқылы, театрға келетін тұрақты көрермендердің 10 пайызы танитын болар деп ойлаймын.  
–Сенің ішіңде қандай мінездегі кейіпкерлер яки қандай шығармадағы образдар тұншығып жатыр?
–Тарихи персонаждар жаныма жақын екенін сөз басында айттым ғой. Жаратушымыз актерге ешбір мамандық иесіне сыйламаған керемет мүмкіндікті берген. Ол сахнада жүріп жер бетіндегі жанды мен жансыздың барлығының  тағдырын кешіп бере алады. Тарихи  тұлғалардың барлығы көрерменге актер арқылы тасымалданады. Мысалы, сахнадағы Абылай ханды Тұңғышбай Жаманқұлов сомдады.  Халықтың дені Абылайды, оның түрін, мінезін, батырлығын, ақылын, яғни бүкіл адами, хандық тұлғасы мен болмысын Тұңғышбай аға арқылы елестетіп, бағамдайтынына бәс тіге аламын. Өйткені, сахнадағы ойыны арқылы ол соған сендірді. Ал, мен Қасым ханды ойнағым келеді. Өкінішке қарай, біздің халқымыз Қасым ханның бейнесін әлі күнге қалыптастыра алмай келеді. Кім еді, қандай болды? Асылбек ағалар ойнап жүр ғой, ол кісіге артатын кінәм жоқ. Бірақ, ол аз, тым аз. Тарихи тұлғалардың әр түрлі нұсқасын жасай берсе, сұрыпталып шығады деп ойлаймын. М.Әуезов театры академиялық театр ғана емес, ұлттық театр. Ендеше, қазақтың маңдайына басқан бірден-бір мәртебелі театрдың репертуарында мұндай мазмұндағы спектакль мол болса жарасымды емес пе? Ал, заманауи, жаңашыл бағыттағы қойылымдарды сахналайтын басқа театрлар жетерлік. Сол секілді, Қабанбай батырды ойнағым келеді. Не кинода, не сахнада азаттық үшін арпалысып өткен білекті батыр бабамыздың ерлігін көрсететін дұрыс дүние әлі күнге қойылмай келе жатқаны қарнымды ашырады.  «Ойнасам ғой, шіркін» деп студент кезімнен армандап келе жатқан үлкен рольдердің бірі – ұлы Шекспирдің Ричарды. 
–Қазақ театрларының сахнасындағы батыр мен ханның, би мен бектің образы бір типті. Режиссерлер әу баста қалыптастырған «қасқа жолдан» айнымай, бір сарындылықты үстемелей түспесе, бабаларымыздың бейнесін жаңалай алған жоқ. Сіз ойнағыңыз келетін тарих таңдаған тұлғалардың ролі де сол сарынды қайталау болып шықпай ма?
–Қазір заман басқа, өмір сүріп отырған дәуір бөлек. Мысалы, «Троя» фильмін алайық. Ахиллес те, Гектар да батыр болған. Бірақ солардың көрерменді өткен заманға сүйреп кетпей, керісінше, қазіргі заманның қаһармандары секілді түсінікті бола кететін құдіреті бар. Бұл –режиссердің, актердің шеберлігі. Егер маған ойнау мүмкіндігі беріліп жатса, әлемдік деңгейдегі кино мен театр шедеврлерін шетінен сүзіп шығып, коррифей ағаларымыздың жасаған образын сұрыптап шығып, екеуінің ортасынан қазаққа жақындатып сол рольдің кілтін табар едім. Ханның алтың зерлі шапан киіп шығуы, нөкерінің жалаңдаған қылышпен жүруі міндетті емес. Бастысы, көрерменнің көңілі сеніп, санасы қабылдауы тиіс. 
–Биылғы Қазақ хандығының 550 жылдығына байланысты сіздің оң жамбасыңызға келетін фильмдер түсіріліп жатыр. Сізді көре аламыз ба?
–Өкінішке қарай, ол фильмдердің кастингісінен өте алмадым. Негізі, түскім келді. Ал, арзан танымалдылық беретін сериалдарға түсуге өзімнің ниетім жоқ. «Бет-жүзім елге таныла берсін», «әйтеуір танымал болсам» деп телевидение   мен    киноға   беталбаты  өзім де жүгіре бермеймін. Маған ондай танымалдылықтың қажеті де жоқ. Танымалдылық жағынан,  мен Берік Айтжановқа қызығамын. Оның танымалдылығы – арзан танымалдылық емес. Таза еңбекпен, табиғи талантының күшімен келген танымалдылық. Берік ешқашан нашар киноға түскен емес. Айтар ойы бар, мағынасы бар дүниелерге қол артады. Дәл киноға келгенде тым талғампаз және ол таңдауы қателестірмей келеді. Міне, актерге танымалдылық осындай жолмен келсе, өзің де басыңды тік ұстап, сенің өнеріңді бағалаған адамның көзіне тура қарай аласың. 
–Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан 
Айгүл Аханбайқызы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.