Бүлдіру оңай, бүтіндеу қиын

Жарас Сәрсек
«Үркер» журналы бас редакторының
орынбасары

 

Араздық дәнін себушілерге қарсы тұрып, көрегендік танытқан зиялыларымыз – бүгінгі бейбіт тірлігіміз бен жарқын болашағымызды қорғап тұрған алынбас қамалы. 

(Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тарихи зерде кешінде жасаған баяндамасынан. Алматы, 14 желтоқсан 1994 жыл) 

 Жер шарында адамдар қолымен жасалған сұрқайы дауылдар мен сұрапыл қақтығыстардың қарқыны қатты болып тұр. Мұндай теріс пиғылды әрекеттер тыныш жатқан жырақтағы елдерге де кері әсерін тигізбей қоймайды. Оның ақыры халықтың психологиясын да, әлеуметтік жағдайдың да іргесін теңселтіп кетуі ықтимал. Осындай жағдайды болдырмау үшін жалпы көпшіліктің ақыл ойы саналатын оқыған адамдардың белсенділік танытатын шағы да осы тұс болса керек. Мұндай кезде бір оқыған адам жүз қарапайымға сөзін өткізе алатындай болуы тиіс. Жүз қарапайым жүз қарапайымға осылайша ықпал ете алған жағдайда ғана тыныштық пен береке құсы аспанымызда қалықтай бермек. Байтағымыздың бағасы арта түспек. Кемел келешекке осылайша жақындай түспекпіз. Шығыс даналығында «Бір оқыған мың қарапайымға тең» деген тәмсіл бар. Ісімізбен сол даналыққа қызмет етуге пейілді болсақ қана жарқын болашақты қамтамасыз етер едік. Лайым солғай болғай! 
 Айтары жоқ, кешегіден бүгінге, бүгіннен ертеңге жалғасатындай ұлт қазығына айналар жақсы идеялар жоқ емес, бар. Алайда уақыт өткен сайын сол бір құнды идеялардың өзін жұлмалауға құмар қайбір тұлғалардың да арамыздан қылаң бере бастағаны жасырын емес. Мәселен, Елбасының көрші елдермен тату тұруға, тыныштықта өмір сүруге ыңғайланған стратегиялық жоспарларының астарынан кір іздейтін «шешендерге» не деуге болады? Ақиқатында «Алыстағы жақыннан, жаныңдағы көрші артық» дегенді сонау бір ықылым замандарда ата-бабамыз ұрпақ зердесіне еріккеннен құйып кеткен жоқ шығар. Қақтығыстар мен текетірестердің қарапайым жұртшылыққа қандай пайдасы болмақ? Ана мен сәбидің көз жасынан артық ащы бар ма өмірде? Сұрақ көп, күдік пен күмән одан да көп заманда оң-солын әлі толық айыра білмейтін «ұраншыл» ұрпаққа басу айтатын салмақтылық керек бізге. Бүлдіру – оңай, бүтіндеу – қиын. Осыны естен шығармаған абзал.   

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Салим Сатылганов дауыс

    кулдиру оңай жубату қиын

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.