Еңлік Әбдіқадыр «Ана тілі аруы – 2014» байқауының жеңімпазы: «Анамның көркем мінезін өзіме үлгі тұтамын»

–    Өзіңіз туралы айтып берсеңіз…
–    1995 жылы  дүниеге келдім. Сол күннен бастап ару қала Алматының ауасын көкірек кере жұтып келемін.  Осы қаладағы №149 жалпы білім беретін мектепті тәмамдадым. Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің журналистика факультетінің 2- курс студентімін. 
–    «Ана тілі аруы» байқауы реалити шоу секілді деп өзіңіз айтып едіңіз. Қандай қиындықтар болды?

–    Бұл жоба өте сәтті ұйымдастырылған, нағыз тепсе темір үзетін қазақ жігіттері мен қаракөз қазақ қыздарының бағы сыналатын байқау  болды. Жобаға бір ай көлемінде дайындалдық. Финалға өткен қатысушылар күн-түн демей, таңертеңгі 9-дан кешкі 11-12-ге дейін дайындалған кездеріміз болды. Әрине, байқауда  әркім өзінің мүмкіндіктерін көрсеткісі келеді, жақсы қырынан көрінгісі келеді. Алғашқы кезде-ақ біз екі бірдей іріктеуден өттік. Әділ қазы алқаларының құрамында белгілі актер Нұрхан Қабырбаев, «Қазақстан дауысы» жобасының 1-ші маусымының жеңімпазы Шахаризат Сейдахмет, «KZ» тобының мүшесі Бейбіт Құшқалиев,  «Жігіт сұлтаны – 2013» Досхан Жалниязов және ҚазҰУ-нің «Сенат» ұйымының басшылары болды. 
Реалити шоу деп айтқаным рас. Өйткені әр дайындықтан кейін дөңгелек үстел ұйымдастырып, әрқайсымыздың дайындығымызды талқылап, бір-бірімізге ашық сұрақтар қойып, жақыннан таныса бастадық. 
–    Жоба әділ өткен жоқ деушілер де көп болды емес пе? Жобаның талабы, өзге қатысушылардың бет алысы қандай еді? 
–    Кез келген жобада осындай әңгімелердің айтылатыны жасырын емес, айтылуы тиіс те секілді. Себебі, бәсеке бар. Осыған дейін біз де «Ару-Сұлтандар» сатылады екен деп ойлап келдік, өзіміз қатысқаннан кейін шынымен әділ өтетініне көз жеткіздік. Біздің бет-ажарымыз, сырт келбетіміз ғана емес, жан-дүниеміз де сынға түскендей. Қазақ қызы деген қастерлі атқа лайық аруды таңдау үшін салт-дәстүрімізді, тарихымызды жақсы меңгеру де шартқа кірді.  Әр  кезеңде бізді бағалап жүрген әділ-қазы алқаларын әділ болмады деп айта алмаймын. Барлық қатысушылардың бойынан қазақылық аңқып тұрды, бірі – биін, бірі – әнін, бірі актерлік шеберлігін көрсетіп өздерінің мықтылығын дәлелдеді. 
–    Жобадағы басты қарсыласыңыз кім еді?
–    Бір кезде көптеген жерде өнер көрсеткен, балетпен айналысатын Асия Диханбаева деген қыз қатысып жатыр екен дегенді естідім. Сол кезде балет өнері бағаланады ғой деп қарсылас көріп жүрдім. Бертін келе бәрі анықталды ғой. Балл бойынша менен озық келе жатқан ару актерлік қабілеті, қазақылығы, өзін-өзі ұстауы үлгі боларлықтай, филология факультетінің студенті Мәдина Әбдіманап болды. Бірақ, «бақ шаба ма, бап шаба ма» дейді емес пе, бағымыз да, бабымыз да шауып жеңіске жеттік.
–    Өзіңізді «Мінсіз Еңлікпін» деп есептейсіз бе?
–    Мінсізбін деп айта алмаймын. Ондай адам болмайды ғой. Өзіме мінім көп сияқты, соны көп жерде жасырын ұстауға тырысамын. Адам болғаннан кейін өзіңнің қай жеріңнен ақсайтыныңды білесің ғой. Бірақ, Аллаға шүкір, ешқандай уәжім де, назым да жоқ.
–    Өзіңіздің ерекшелігіңіз неде?
–    Қадалған жерден қан алатын адаммын.
–    Бұл байқау сізге не берді? Не ала алдыңыз?
–    Бұл байқау ең алдымен мықты достар тауып берді. Үлгі алатын, шынымен тілекші өнерлі адамдармен таныстым, тәжірибе алмастық. Университетте де біраз абырой бергені рас. Соған лайық болып жүру үшін ұстамды болуға тырысамын. Алдағы уақытта осындай жобалар болса қатысамын деп ойлаймын. Алайда, «Мисс Қазақстан» сынды атақтар алу мен үшін мақсат емес. 
–    Қандай арманыңыз бар?
–    2014 жылы жобаға қатысу барысында «Ана тілі аруы» болсам деген арманым болды. Жылдап арман қоятын адам емеспін. Бірақ 1 жыл ішінде жетуге тиіс мақсаттар мен армандар бар. «Армансыз адам қанатсыз құс секілді». Арманым көп, өте жиі армандаймын. Қиялдың адамымын, қиялмен өмір сүремін. Түнде ұйықтар алдында өзімді мың түрлі Еңлік қылып елестетемін. Өзіме сенемін, сенім болмаса армандарыңа жетуің қиын ғой. Басты арманым осы қазақылығымды жоғалтпау. Өйткені қазақпын дейтін қыздардың жат қылығын көргенде жаным ауырады. Қарапайымдылықты, қазақи образды жақсы көремін. Ал мамандығыма келер болсақ, тәжірибелі, өз қолтаңбасы бар журналист болып қалыптасқым келеді. Продюсер болсам деген арманым да бар. Өзімді әмбебап адам ретінде көргім келеді. 
–     «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» дейді…
–    Ол көненің мақалы. Шынымды айтсам, ырым-тыйымдарға қатты сенбеймін. Мақалдан асып кете алмайтын адам емеспін. Керісінше соларға қарсы жүріп көргім келеді. Бірнеше жұмысқа кірісіп жүрген адамнан түбі бір нәтиже шығатын секілді. Бірі болмаса бірі болып ертең нанымды тауып, отбасымды, ата-анамды асырай алсам болды. Мен екі кеменің басын ұстап жүрмін деп те ойламаймын. Продюсерлікті жеке оқудың қажеті жоқ, кімнің ақшасы бар сол продюсерлік қызмет атқарып жүр. Менің сондай қаражатым көп демеймін, сол байлықтың барлығы еңбекпен келеді деген сенімдемін. Сол үшін журналистика мен продюсерлікті байланыстырып «бір кеменің» басын ұстаймын деген ойдамын.
–    Үлгі тұтатын журналисіңіз кім?
–    Телевизия саласында үлгі алатын тележурналист бар деп айта алмаймын. Бәрі өтірік, жасанды, өзіндік образ жасап алған секілді. Бірақ ақыл-кеңес алатын, өмірлік тәжірибесі бар кісілер бар. Олар Жарас Сәрсек, Есей Жеңісұлы, Қанат Әуесбай. 
–    Өмірлік ұстанымыңыз?
–    Өмірлік ұстанымым – әрдайым алда болу. Бұл менің бірінші қағидам. Алда болу біреуді басып озу емес, өз-өзіңді үнемі шыңдап жүру. Үнемі қозғалыс үстінде болу, адамдығыңды жоғалтпау.
–    Ал мақсатыңыз қандай?
–    Мақсатым өте көп. Көбіне қағазға жазып алып, қаншалықты орындадым, не орындамадым деп ойланып жүремін. Қазір 19-дамын. «Жастық шақта өмір – гүл» дегенмен, көп қыдыруды ұната бермеймін. Иә, орда бұзып, қамал алатын жас болмаса да өзімді өмірден қалып кеткендей сезінемін. Көп дүнием істелмей қалатын сияқты көрінеді. Дегенмен мақсаттарымды жүйелеп, жазып сол бойынша жүремін. Мақсатым арманыммен тікелей байланысты.
–    Неден қорқасыз?
–    Ең бірінші Алладан қорқамын, күнә жасаудан қорқамын. Ата-анамның ауырып қалуынан, денсаулығына нұқсан келуінен қорқамын. Себебі, дүниедегі ең жақын адамдарың,  отбасың аман жүрсе мен үшін бақыт та, байлық та сол. Мен соны түсіндім. Қандай жағдай болмасын, жаныңда дені сау ата-анаңның болғаны керемет емес пе?! Бір Алланың көзі түзу болса екен.
–    Жақсы көру арқылы бәрін жеңуге бола ма?
–    Өте қызық сұрақ екен. Жақсы көру арқылы бәрін жеңуге болады деп ойламаймын. Мамандық жағынан алар болсақ, кәсібіңді сүйіп, құлшыныспен атқарсаң расымен де бәрін жеңуге болады. 
–    Продюсерлікпен айналыса бастадыңыз. Жобаларыңыз туралы айтып өтсеңіз…
–     Басты жобам «Ғаламтор жұлдыз-дарына» айналған, өзінің аудиториясын жинап, таныла бастаған  Әділет Әбдіқадыр мен Жанерке Әбділда. Көп адамдар дайын дүниені өзінікі жасап алғысы келеді. Ғаламтор жұлдызына айналған жастарды «Менің жобам» деушілер де көбейіп кетті. Содан кейін «Неге біз біреудің нанын тауып беруіміз керек?» деген ой келді де, екеуімен сөйлесіп келісімге келдік.  Екеуі де 10 сынып оқушылары. Жас әншілер өздерінің өнерлерін шыңдап келеді, түрлі қайырымдылық концерттерге қатысып жүр. Қазақ эстрадасына әкелетін жаңалығы мол жастар деп есептеймін. Жақсы жаңалығыммен бөлісе кетейін. Жақында ғана «Сені іздеймін» атты авторлық әндері шықты. Сөзі мен әнін Нұрғанат Бейсеев атты жігіт жазып берді. Құдай қаласа осы әнге бейнебаян түсіру, мектептерде концерт беру де  ойымызда бар. Себебі, аудиториясы мектеп оқушылары. Келесі жобам, өзі бұрыннан қалыптасып үлгерген, өзіндік стилі бар, айтыскер-ақын, асаба Айтбек Тұрсынбаев. Бұйырса Жүрсін Ерманның айтыскерлер қатарына енгелі жатыр. Келісім шарт бойынша үшеуімен нақты 5 жылға жұмыс жасауға келістік, нәтиже шығаруға тырысамыз.
–    Сіздерге қаржылай көмек көрсетіп жатқандар бар ма?
–    Бізге көмек көрсетіп жатқан демеушілер жоқ. Өзім де білек сыбанып демеуші іздедім деп айта алмаймын. Өйткені ақша жағына келгенде көбінің қалтырап қалатыны бар, қол ұшын созатын адам жоқ. Ата-анамыз тірі тұрғанда ешкімге алақан жаймаймыз.  Қалжыңдап «Әзірше бізге аямай ақша салыңыздар, сіздерге екі есе қайтарамын» деп айтамын. Өзімнің шәкіртақымды да осы жобаларыма салып отырмын.   
–    Үлгі тұтатын адамыңыз?
–    Менің үлгі тұтатын адамым қасымда жүр. Ол – анам. Және қайталаудан еш жалықпаймын. Анамның бойындағы игі қасиеттерін, қарапайымдылығын, нағыз қазақ келіндеріне тән ерекшеліктерін, көркем мінезін өзіме үлгі тұтамын. Қай жерге барсам да анам туралы тек жақсы пікірлер, жылы лебіздер естіп жатамын. Оның берген тәрбиесі мені көп жетістікке жеткізді деп айта аламын. Қарапайым болу, адал болу, таза болу, қонақжай болуды айтып санама құйып келеді.   
–    Кітап көп оқисыз ба?
–    Мүмкіндігінше көп оқуға тырысамын. Бір айда бір кітап, қатты қызығып оқыған жағдайда бір аптада бітіремін.
–    Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Гүлім Рысқұл

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.