САҒЫНЫШҚА ТОЛЫ СЫРЛЫ САЗ (Эссе)

Автордың айтпағы
Бүгінде қанатын шетсіз шексіз ғаламға жайып, өнер атты терең мұхит үстінде емін-еркін жүзіп келе жатқан қазақтың талантты композиторы, күйші-домбырашысы Секен Кәрімұлы Тұрысбековтың есімін білмейтін қазақ жоқ.
Секен алғашқыда домбырашы ретінде танылды. Ол халық композиторларының “Қоңыр”, “Қосбасар”, “Көкейкесті”, “Саржайлау” тағы басқа да жүрек елжіретер күйлерді нақышына келтіре тартты. Содан келе-келе өзі күйлер шығарып композиторлық өнерімен белсене айналысып келеді. Атап айтқанда, “Өкініш”, “Сүр жебе”, “Толғау”, “Көңіл толқыны”, “Шығыс жүлдызы”, “Ақ жауын”, “Боздақ”, “Балауса” сынды күйлерін өнер сүйер халық жан-тәнімен беріле тыңдайды. Сонымен бірге “Аққу сазы”, “Қос жұлдызым”, “Секеннің сәлемі” (өлендері автордікі), “Тарбағатай”, (өлеңі Әділғазы Қайырбековтікі), Әлішер Науаи, Абайдың толғауларына ән жазды. Ақын Несіпбек Айтовтың ”Шағала”, “Бауырым, сонау күн қайда?” деген өлең-термелеріне жазған әндері тындаушылардың құлағынан кіріп, жүрегіне жететін туындылар.
Естен кетпес сол көктем
Сол жылы Алматыға көктем ерте оралды. Қала ішіндегі ақ қар мен көк мұз тез еріп кетті. Шығыстан ескен көктемнің жылы лебі адам баласының жанын жылытып, бет-жүзін аялай, еркелей сипайды. Тұла бойыңызға жылылық сезімін ұялатып, көңіліңізге шабыт әкеледі. Секен Композиторлар одағына беттеген. Көңілі көтеріңкі ой мен сезім құшағында келеді ол. Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитеті мен шығармашылық одақтары бірлесе отырып ұйымдастырған бұл “Жігер” фестивалінің бүгін тұңғыш рет ашылуы. “Жігер” фестивалінің негізгі мақсаты аса талантты ақындар мен жазушыларды, әншілер мен күйшілерді, актерлер мен режиссерлерді, композиторлар мен суретшілерді ғылымның әртүрлі саласындағы ғалымдардың жаңа есімін айқындау еді. Шебер орындаушы әрі композитор Секен Тұрысбеков осы өнер додасына қатысып, шеберлігін қалың жұртшылық алдында айқындай түспекші. Сонымен өнер мерекесі басталып та кетті. Әрбір өнер саласы бойынша көпшілік алдына шыққан орындаушылар шеберлігін байқатып-ақ жатыр. Аянып қалған ешкім жоқ. Бірінен-бірі асып түседі. Бір кезде Секеннің есімі аталды. Залда отырғандар бір сәт даурығып, шапалақ соғып жатыр. Домбырасын көтеріп сахнаға шыққан домбырашы-композитор Секенге үлкен қошамет көрсетіп, қарсы алған жанкүйерлер күй орындала бастағанда демдерін ішіне тартып, сілтідей тына қалған… Күйдің орыңдалуы әбден пісіп, шарықтау шегіне жетіп барып аяқталды. Міне, шеберлік деп осыны айт! Қарасаң көзің тояды, естісең құлағыңның құрышы қанады. Секеннің күйді орындағанда бүкіл жан-дүниесімен беріліп, кәсіби өнерінің зор шеберлігіне халықтың көңілі марқая түседі. Оған көзіміз жетті. Секеннің ерекше орындаушылығына, домбыра тартудағы сұмдық машықтығына дән риза болған казылар алқасының барлық мүшелері ең жоғарғы бағаны бірауыздан берді. Секен сынды біртуар дарын иесі “Жігер” фестивалінің лауреаты атанды.
Мәскеу таңы
Алматыдан ұшқан әуе кемесі Мәскеуге таң сәріде келіп қонған. Жолаушылардың ортасында Секен Кәрімұлы да бар. Ол осы Мәскеуде өтетін студенттер мен жастардың XII бүкілдүниежүзілік фестиваліне қатысуға келе жатыр. Қазақстаннан, әрине, ол жалғыз емес.
Қазақстаннан келген жастарды БЛКЖО Орталық Комитетінің бірнеше жауапты қызметкерлері жылы шырайымен құшақтарын жая қарсы алды. Сонан соң бұларды күтіп тұрған супер салонды, жүрісі жұмсақ автобустарға бағыттап, бастап келеді. Күлтеленген қара шашы толқи иығына төгілген мұртты жігіт сары домбырасын оң қолына ұстаған бойы ойлы пішінде автобусқа келіп отырды. “Секен, жаныңа отыруға бола ма!” деп үздіге сұраған қыз даусына бұрыла қарап еді, өзі бұрын көрмеген, танымайтын қазақтың сұлу қызы жымия қарап тұр екен. “Әрине, әрине”, деп Секен сәл жылжиды. “Республика үлкен. Облыстардың бірінен келген қарлығаштардың бірі болар” деп ойлаған Секен үн-түнсіз қыздың бетіне тағы бір қарап қойды. Кыз сол жымиған қалпында Секеннің жанына жақсылап жайғасты. Қыздың көріктілігін бір ауыз сөзбен айту әсте мүмкін емес. Тек Секеннің бір байқағаны келіншегі Нәзиханға екі қасы, күлімдеген қарақат көздері, әдемі келген қыр мұрыны, үлбіреген ерні тым ұқсайды. Секен ішінен мырс етті. “Адам адамға ұқсай береді екен-ау! Бәлкім тағы бір жері ұқсайтын шығар-ау” деп ойлаған бойы автобустың терезесінен сыртқа қарады.
Қазақстаннан келген қонақтар қонақүйдің тиісті қабатына көтеріліп, өздеріне арналған бөлмелерге орналасты. Секен де өзінше “меншікке” берілген бөлмесіне кірді. Жайғасты. Жеңіл жуынып, демін алуға ыңғайланды. Фестиваль күндері атқарылатын істердің барлығы алдын-ала белгіленіп қойған. Сол бағдарлама жазылған буклетті әлгінде қолдарына берген. Жантайып жатқан Секен енді бағдарламаны алып, парақтап таныса бастады. “Бәрі дұрыс екен. Тамаққа дейін әлі үш сағат уақыт бар. Оған дейін бір мызғып, көз шырымымды алайын” деп оң жамбасына аунады. Көзін жұмыс жатты. Өлең шумақтары сана-сезіміне маза берер емес. Бір нәзік күйдің ыңылы да қабаттасады.
Бауырым, сонау күн қайда,
Алыстан қолын бұлғай ма.
Алдыңғы кеткен керуен,
Артына мойнын бұрмай ма?
Бұлдыр да, бұлдыр бел асып,
Бұлдыр құсап зырлай ма?
Секеннің көзі ұйқыға ілініп кетті. Бәлкім, жақсы түс көрер…
Тамшы тас жарады…
Әлгінде күн ашық еді, қара нөсер өткінші жауын шелектеп кеп төкті. Мәскеу қаласының көшесінде не көп, осындай жаңбырдан паналайтын шатырлы орындар жетерлік. Секен жаңбыр суына малшынбас үшін бір ыңғайлы қалқаның астына бойын тасалап тұра қалған. Жалғыз емес, қасында бірнеше әріптестері бар. Жаңбыр демін ішіне тартып, екілене-екілене, өкси-өкси, төгіп-төгіп алған соң, екпіні біртіндеп барып басылды. Қалқа шатырынан жылыстаған жауын суының мөлтілдеген тамшылары тырс-тырс етіп, Секеннің назарын аударды. Сол көрініске мән бере қараған күйші-домбырашының әлденеге көңілі толқыды. Алыстан, тым алыстан бір нәзік дыбыс әзер естілгендей. Дыбыс емес, құбылған толқынды әуен үні үзіліп-үзіліп, құлаққа келеді. Тамаша тамған тамшысына қарай көңілі бөлініп, әртүрлі әсерге беріледі. Әлгі тамшы тамған жоғарғы нүктеге көз салды. Лапастың шетіндегі көзге көрінбейтін жіңішке өзектің ең шеткі ұшынан мөлдіреп тұрған бір тамшы сабағынан үзілген қарақаттай болып жерге түскенде, сол жұмырлығын жоғалтпай, домаланып барып жерге “жамбасы” жеткенде шарт етіп барып, быт-шыты шығып, жан-жаққа шашырап кетті. Бұл көрініс Секенге де тіпті әсер етті.
Сол жолғы көріністен соң, сол жазда жұмыртқаны жарып шыққан қызыл шақа балапандай болып “Көңіл толқыны” өмірге келді. Кінәмшіл күйші “Көңіл толқынын” қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай бағып, тәрбиеледі. Қанаттанғанша ұясынан ұшырмай әбден баптады. Бабына әбден жетті-ау деген соң барып, “Көңіл толқынын” ұядан қиясына ұшырды.
“Өкініш” күйінің өмірге келуі
Аты әлемге мәшһүр жазушының жаңа шыкқан кітабын сатып алған домбырашы тез арада оқып тастады. Шыңға шақырып, тереңге тартатын, еріксіз ойландыратын бір алып күш бар. “Боранды бекеттегі” Найман ананың тағдыры кез келген оқырманына қатты әсер етіп, жан-дүниесін астан-кестең етеді. Шыңғыстай алыптың шымыр жазылған шығармасына шынайы ықылас қойып, Секен тағы бір рет қадағалай мән беріп, асықпай, ынта қойып оқыды. Кітаптың соңғы бетін жапты да, үн-түнсіз үйден шығып кетті. Тау бауырында өсіп, ержеткен ол тау шатқалдарын аралағысы келді. Өзен жағасына барып, су ағысына қарап, сылдыраған дыбысын естігісі келді. Ол Медеуге тартты. Ыңғайлы тепсеңге отырған, Секеннің ойынан “Боранды бекеттегі” Найман ананың бейнесі кетер емес. Тіпті бұған тым жақындап келіп, мұнымен ой бөліскісі келіп, сырласатын адамдай сыңай танытады. Қиялына қанат бітіп, дүниенің төрт бұрышын шарлайды. Ұшы-қиырына көз жетпейтін кең байтақ дала. Басындағы ақ жаулығы желбіреп Найман ананың талай күннен бері, талай түннен бері көз шырымын алмағаны байқалады. Қабағы қатыңқы, жанары кіртиген, түсінде менмендік, тәкаппарлықтың ізі анық көрініп тұр. Кең даладағы жалғыз аяқ қара жолдың шаңы соққан желдің әсерінен бұрқ етіп көтеріледі. Енді бір сәт Секеннің көз алдына ботасын іздеген інген келді. Ызыңдаған жел бірте-бірте жауынға айналғандай болды. Дала әлем тапырық болып, дүниені шаң-тозаң басқандай… Әне, сол бір қалыпты аяңнан адаспаған Найман ана көз ұшында қарауытып кетіп барады. Секен көзін ашып, басын көтерді. Бәрі орнында, айнала жап-жарық…
Секен орнынан тұрды да қалаға қатынайтын N 29 автобустың аялдамасына беттеді. Жүрегі сөйлеп келеді. «Өмір неткен қиын, әрі ғажапсың! Қымбатсың, қызықсың, орны толмайтын өкінішің де мол…» Секен тоқтай қалды. Әлгі бір сөзді қайталады. Өкініш, өкініш, Романдағы Найман ананың да өмірі өкініш. Адам баласының бәрінде де өкініш бар. Өмірі өкінішсіз өткен ешкім жоқ. Бұл өмірдің өз заңы. Арада көп уақыт өткен жоқ. Орталық концерттік залда өнер кеші болды. Оған арнайы шақырылған күйші-сазгер жаңа шығармасының премьерасын жасап, «Өкініш» атты күйін орындады.
Күйдің әсер еткені соншалық, тыңдаушылар орындарынан тұрып кетті. Қолдарын соғуды тоқтатпаған халықтың көңілін қалдырмай, Секен Тұрысбеков тағы да бір күйді орындауға ыңғайланды.

Ұрланған домбыра
Республика сарайында Қазақстан өнер шеберлерінің мерекелік салтанатты концерті болмақ. Міне, өнер десе ішкен асын жерге қоятын, жарғақ құлағы жастыққа тимейтін, өнерді қастерлеп, қадір тұтып, лайықты бағасын беретін ән-күй жанкүйерлері, ән-күйдің жанашырлары осы концертке асыққан.
Бұлбұлша сайраған күміс көмей, жез тандай әншілер, небір бойды балқытар тамаша әндерді бірінен соң бірі айтты. Кезек Секен Тұрысбековке де жетті. Көпшіліктің тағатсыздана асыға күткені Секен болатын. Зал іші қопарылып кетердей, дүр сілкініп барып басылды. Күй тындаушы халықтың осы сәттегі ықыласын сөзбен жеткізу мүмкін емес. “Көңіл толқыны” тартылды. Зал іші тып-тыныш. Шыбын ұшса қанатының сыбысы естілердей. Тек күмбірлеген домбыраның ашық дауысы ағынды шығады. Қос ішектен төгілген жұп-жұмсақ майда қоңыр күйдің әсерлі әуені екі қанатын дірілдете қағып, аспанда шырылдап, жер мен көкке мұңын шағып тұрған бозторғайдай шабыттана шалқиды. Күй әуезі зал ішін шарлады. Тыңдаушыларын айранша ұйытып, мұхит түбінің тұңғиығына жіберген. Күй орындалып бітті. Сахнаға алқызыл гүлден шашу шашылды. Секен артистер отыратын бөлмеге келді де, домбырасын футлярына салды да, бұрышқа сүйеп қойды. Өзі беті-қол жуатын бөлмеге барып, салқын сумен бетін жуып, көп бөгелместен қайта келсе, домбырасы жоқ. Есік алдында отырған кезекшіден “Осы қазір домбыра алып шыққан біреу болмады ма?” деп сұрады.
– Ешкім домбырамен өтпеді, – деп кезекші жөнін айтты.
– Әлгінде ғана сахнада күй шертіп шыққан соң кабинет ішіне әкеліп қойған домбырамды қолды болды. Ондай домбыраны мұнан былай таба алмаспын. Осы сәтті аңдып жүрген біреу болды ғой. – Секен санын соғып “Аһ” ұрды. Республика сарайының әкімшілігіне айтты. Директордың өзі жүгіріп келді. Жауапты қызметкерлердің барлығын аяғынан тік тұрғызды. Милициялар шақырылды. Амал қанша, қанша бақылау, қанша жерден тексеріс болса да, жоғалған домбыра табылмады. Құмға сіңген инедей, уыстан сусыған сынаптай болып жоғалған домбыра келмеске кетті. Секен аты әлемге мәшһүр көріпкелі бар құмалақшыға барып болған оқиғаны айтып, “Домбырам табыла ма, табылмай ма?” деп өкініш білдіріп, бал аштырды.
Ақ орамалға құмалағын шашып жіберген көріпкел, сәл ойланып отырды да сөйлей жөнелді:
– Сенің ғажап домбырашылық өнеріңді көре алмай жүрген
бір әріптесің бар екен. Сол бір ұрлықшыға ақы беріп,
домбыраңды ұрлатып отыр. Домбыраң алыста емес. Көп
жылдар бойы сандық түбінде жатады. Бірақ күндердің күнінде
домбыраң өзіңнің қолыңа тиетін болады… Енді ол домбыраға
қарамай, өнеріңді өрістете бер. Өмірде көп нәрсеге қолың
жетері анық… – деді.
Талғампаз Таласбек
Ол бір жеңіл автомашинаға қолын көтеріп тоқтатты да, баратын мекен-жайды айтып, жып етіп кіріп, кабинаның есігін сарт еткізді. Жеңіл машина орнынан жылдам қозғалып жүріп кетті. Бұл музыка өнеріне өршіл көңілмен, сергек сезіммен мағыналы мән қойып, терең тебіреніспен, толассыз ой үстінде жүрген музыка өнерін зерттеп келе жатқан Таласбек Әсемқұлов. Ол бүгінгі көп жұмыстарын қоя тұрып әрі інісі, бір жағы шәкірті, әріптесі Секенге барып өнер туралы әңгіме-сұхбат құрмақшы.
Келген үйдің қоңырауын шырылдатпай-ақ тұтқасын төмен қарай ақырын басып ішке итеріп еді есік кілттенбепті, ашық екен. Таласбек үйге кіргенде бірінші қарсы алған Нәзихан болды.
– Секен, Таласбек аға келді, – Нәзихан ашық-жарқын
мінезімен қарсы алды. – Төрлетіңіз аға, – деді жаны күлімдей.
Сонан соң өзінің үйіндегі тамақ әзірлегенде киетін
алжапқышына қарап: — Таласбек аға, менің үстіме көңіл
аудармаңыз. Үржардан қой келген. Соның басын, жамбасын
асып, енді жайма жайып жатқан жағдай ғой. Келгенің қандай
жақсы болды, – деді күлімсіреп.
Секен, Таласбектің мінезін, ойын, бүкіл жан дүниесін терең білмесе де адал, айтса бірден тоқетерін және де мансабына қарамай тура бетке айтатын жігіттік қасиетін жақсы білетін-ді.
– Ұстаздығыңызды ешқашан ұмытпаймын, – деп Секен жымиып күліп алды. – Бәріне рахмет!
Таласбек үй-ішін бір шолып өтті. Керегеде ілулі, шифонерге сүйеулі, күйсандықтың үстінде жатқан он шақты домбыраға көзі түсті.
– Мына домбыралардың бәрі өзіңдікі ме?
– Иә!
Арада ай өтпей “Қазақ әдебиеті” газетінде “Әр ұрпақ өз бақытын өзі жасайды” атты тақырыппен Таласбек Әсемқұловтың үлкен, мағыналы мақаласы жарқ ете түсті.
Газеттегі мақала оқырмандарға ой салды. “Өнер адамы туралы жазсақ осылай етіп айызын қандырып жазу керек” деді мамандар.
Сахнада сыйланған мүсін
Сауықшыл қала халқы Секеннің саз отауының жанынан құрылған “Ақ жауын” атты ансамбльдің концертін көптен бері тағатсыздана, асыға күткен еді. Сол қызықты концертті тамашалаудың серқұмардан шығудың сәті, міне енді түсті.
Секеннің өзі ұйымдастырған “Ақ жауын” ансамблінің концерті басталғалы бері зал ішінде сілтідей ұйып, беріле тыңдап отырған халықтың ықыласын, пейілін көрсеңіз, шіркін, нағыз өнерді құрметтейтін, талант иесін алақанға салып әлпештейтін өнер жанкүйерлерінің осында отырғанын көресіз, күй мен әннің құдіретін дәл сезіп, білесіз. Сахнаға жан досы, сырласы сары домбырасын құшақтап шыққан домбыра тарту өнерінің нағыз тарланы, орындаушылардың желмаясы, сахна дарабозы Секен Кәрімұлының өзі шықты. Залда отырғандар шөліркеген қойдай орындарынан өре тұрды. Секенге қошемет көрсеткені. Алақандары қызарғанша шартылдата шапалақ соғады. Өнеріне тәнті болған соң осылай құрметтегені. Халыққа басын иіп олардың ыстық көңілін шын жүрегімен қарсы алғанын сездірген Секен сахна төріндегі орындыққа жайғасты. Көп бөгелместен “Ақ жауынды” аңыратты. Сыртқы пішіні сол қалпында, ешбір жасандылық байқалмайды. Жүзі де жайдары күйінде, ешбір өзгеріс жоқ. Он саусағы пернелерді ырғай сынаптай зырлайды. Қақпақты тарсылдатпай қос шек үстінде тербеле жорғалаған оң қолдың жібектей жұмсақ саусақтары теңіз жағасындағы буалдыр сағымды көз алдыңа әкеледі. Ал Секеннің ішкі жан дүниесі алай-дүлей еді. Сезім ырғағында отырған ол аспан мен жер ортасында қанатсыз самғап барады. Көк аспанда жаздың дархан бұлты елжіреп терлегендей. Әуеден жерге нөсерлеген ақ жауын толастар емес. Домбырашы табиғат пен адамзат арасындағы мызғымас бірліктің, жан-жануарлар әлемінің сан-алуан жұмбағын баяндайды. Ақ жауында бәрі бар. Адам мен табиғаттың тыныс-тіршілігі, өмірі, сезімі, махаббаты, қуанышы, мұңы… Күй орындалып бітті. Ду қолшапалақ. Секен орнынан тұрды. Көпшілікке басын иді. Осы кезде шоқ-шоқ гүл көтерген қыз-келіншектер легі сахнаға қарай ағылды. Әп сәтте-ақ Секеңді алқызыл гүлге орап тастады. Ақ жібек орамалға оралған бір затты көтерген қырықтан асқан қырма сақал, мұртты жігіт сахнаға екпіндей, ентелей шықты. Залда отырған тыңдаушылар тыныштала қалды.
– Құрметті өнер жанкүйерлері, – деп әлгі жігіт залда отырғандарға қарады. – Менің атым Бақытжан, фамилиям Әділов. Секен Тұрысбековты күйлері арқылы жақсы танимын. Осындай концерттерде Секен орындаған музыкалық номерлерді үзбей көріп келемін. Содан Секеннің кескінін мүсіндеуге құлшынып, ақыры бітірдім. Енді осы мүсінді тапсыруға рұқсат етіңіздер. – Ол ақ жібек орамалды ептеп ашып мүсінді Секенге ұсынды.
– Ал бауырым, өнерің әлемді шарықтап шарлай берсін!
Бұл Секеннің кескін-келбетін, характерін ашатын екінші мүсін. Алғашқысын өмірден озған Рысбек Ахметов жасаған болатын.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.