Аспанын ақша бұлт кезген шайыр

Қолымда ақиық қыраным, томаға сыпырдым,

Қағушы шулайды ой-қырдан.

Баптаған құсымды ақ ауыз арланға түсірдім,

Менде бір аңшымын, сөз қуған…

Жазу өнерінде сөзді қуып жүргендер көп. Бірі ақын, бірі жазушы, бірі публицист, бірі зерттеуші ғалым дегендей. Ендеше бұл сөз қуған аңшы кім болды екен?

Ол жалғанды – үрге, жастықты – құлынға, ғұмырды – жұлдызға, дүниені – қобызға, уақытты – серіге теңеген жан екен. Қара жерге біткен жанды нәрсенің бәрінде кие мен қадір бар. Жердің өзі тірі. Оған шуағын төгіп тұрған күн де тірі. Қара топыраққа біткен жасыл желек, тал-ағаш, өсімдік, аң-жануар, адам, су, қыбыр еткеннің бәрі тірі ағза. Күн энергиясынан жылу алып, өмірін жалғастыратын материя атаулының бәрі де Алланың мүлкі.

Өр Алтайдың Хобдасынан шыққан салиқалы сағыныштың үні талмай тарихи атамекенге жетті. Дүниенің қай бұрышында жарық әлемнің есігін ашсаң, саған сол жердің суы мен нуы қымбат.

Мен туған тауды көрсең-ау, шіркін, құз еді!

Бесбоғданың етегі-басы мұз еді.

Тоғыз көлдің қаздары қайтқан қаңқылдап,

Біз кеткенде күз еді…

 

Ортасай жайлау… апам жаяр өресін,

Қозы көгендеп, желі бауын керетін.

Қаракөл беті аққу-қаздардың әні боп,

Таңменен түлік өретін.

 

Қаракөк едім, жүйрік кетпеген тақымнан,

Қара өлең едім, бақыт ұшпаған басымнан.

Қазақтың салты балалығымнан бойымда,

Қаныма сіңген жасымнан.

 

Шың етегінде Шаңбақкөл жатыр, әсемді,

Ақсайдың сайы көкорай шалғын әсерлі.

Ақсайда жатқан Сарыкөл сені жек көрем,

Жұтқансың есіл әкемді…

 

Арқар мен құлжа, тауешкі толған құз-далаң,

Шыңдарың қандай тәкаппар қыздай сызданған.

Бабадан қалған қазақы дәстүр бір сенде,

Заманның сеңі бұзбаған.

 

Сағыныш кернеп жүректі талай айырды,

Үш Ойғыр өзің туғансың мендей шайырды.

Төрт ұрпақ түлеп, біздерден қалған Бесбоғда,

Сіздерге болсын қайырлы…

Сіздерге болсын қайырлы…

Иә, ә дегеннен кімді сөз еткім келгенін біле қойдыңыз. Ол өзі айтқандай, Ойғырдың сырбаз шайыры – Ербол Бейілхан. Шайыр болғанда да сағыныштың сар дірілінен үзіліп түскен жырларымен сонау тұнығы шайқалмаған, құрағын тұяқ таптамаған, жасыл майсасына дақ түспеген, сіз бен бізді қазақы болмысымызға жетелеп алып кететін бір сиқыр. Оның жырлары өркениеттің «тұншықтырғыш» тұзағынан аман қалған санадағы қазақтың бейнесін, танымын суреттейді. Оның жырлары өзін ғана емес, біздің де тарихтан жүріп өткен жолдарымызды дәріптейді. Көненің жаңа дәуірге қадам басқан кездегі көңіл-күйдің дағдарғанын, ішкі болмыстың қазақи қалпын темір-техниканың талабына қалай орайластырамын деген алаң көңілдің еліктей үркектегенін сезінесіз. Неге? Өйткені, Ақынның жырларынан қанымыздағы Жаратушы сыйлаған ұлттық ерекшелікті жоғалтып алмау керектігін ұғынасың. Архаикадан бүгінгі күнге ұласқан тіршіліктің толғауын, қазақ деген ұлттың ескі мен жаңаға алмасу кезеңіндегі психологиялық құбылысын қараңыз.  

Жүйрік міну, бұл күнде арман әнім,

Бота тірсек, сұр жүйрік қайда қалдың.

Тақымымды бұл қала аштырмайды,

Астымдағы «Lexus» айдағаным.

         Немесе:

Көрмейсің қаладан ақ таңның атқанын,

Білмейсің қалада күн қалай батқанын.

Тым зәулім үйлерді көрсетіп мақтаймыз,

Ішінде өз бөлмең, қуықтай шап-шағын, –  дейді. Беу, дүниенің тарлығы-ай!

Табиғаты сұлу өлкенің төсінде өcкен адам ғұмырының жеке-даралығы, оқшаулығы, еркіндігі мен асаулығы құжынаған мекендеушілері көп ортаға түскен кезде не болмақ? Арман арқалап қана емес, жан тазалығымен келген тағдыр иесінің алдында үлкен үкім күтіп тұр. Ол үкім – Алла мен Өмірдің сынағы. Неге екеуі екі бөлек сынақ дейсіз ғой. Меніңше, адам баласына күн сайын Жаратқанның тарапынан сынақтар жіберіле бермейді. Ол ұрымтал тұсты іздеп, сізге тұтқиылдан келеді. Сондықтан, дайын болуыңыз керек. Ал, Өмір деген ұғымның аясында өтіп жатқан әрбір секунд-ажалыңыз сізге зымырап келеді. Сол өмірді саналы да сапалы ету сіздің құзырыңызда. Демек, көптің ортасына келдіңіз. Жан, Ар, Діл, Рух, Болмыс сияқты ірі-ірі ұғымдарды таразыға саласыз. Жанды – тәннің қызығына, Арды – ақшаға, Ділді – немқұрайдылыққа, Рухты – опасыздыққа, Болмысты – тексіздіктің тегершігіне теңгеріп бере салмай, ақын айтпақшы:  

Жұлдыз ғұмыр, бір күн ол да ағады,

Өмір деген гүл секілді тозады.

Жанды біткен арпалысып алысқан,

Жалған өтіп барады…» – дегеніндей, сынақтардан өтуің тиіс. Талқыға түскен ақын болмысы тіршіліктің сүзгісінен сүрінбей, көлеңкелі сәттің көсемшісі болмай, сәулелі шақтардың шырақшысына айналуы шарт. Өйткені, өмір сауда емес. Рас, мегаполистің қатал заңдылығының бірі, өмір сүруге қажеттінің бәрін алуға күш-қуатың мен қабілетің толық жетуі тиіс. Бірақ, осының бәрі не үшін деген сауалмен жан ауыртып, тылсымның тамырына ой жүгіртпесек, кім болғанымыз? Дүниеге келерде сұрау белгісі болып, ал кетерде өлі нүкте болып бітсек, басты мақсат осы ғана болғаны ма? Алып шаһар қашанда жүректерді шайлықтырады. Демек, ақынның көңіл-көзіне, жүрегіне Өмір қалай ізін қалдырыпты? Не сезініпті?

Қашан айтам, айтылмаған әнімді,

Кім ұғады сырға толы жанымды.

Өмір деген – саңғырығы қарғаның,

Қалай кетем, кір шалдырмай арымды, – деп ағынан жарылады. Бірде даланың тағысы, бірде осы заманның «Асанқайғысынша» аһ ұрады. Ой мен көкейдегі беренін Жыр атты әлемге кезеп жүргенін бәлкім өзі де аңдамаған болар. «Тоныкөк, Білге, Күлтегін бабалардың ұрпағымын, ғасырға кеткен есем бар» деп күңіренеді. Сонау Түркілер заманындағы тектіліктің будандыққа ұшырамай, асылдан қалған ұлдың сөзіне құлақ түріп көрейікші бір сәт. Көмейден шыққан жырда Сіз бен Біздің көктүркілік рухымыз атойлайды. Ғажап.

Үр жалған, түлкінің ізіндей шиырлы,

Абадан жүрегім қайтпаған.

Жазбаған жырларым шимайлап миымды,

Ойлардан шаршадым қаптаған.

 

Саумал-жыр сарқылмас көнегім,

Аяқтап, ішем де толтырам.

Дәл тиіп, ой-аңға сөз деген беренім,

Қанжығам майланып отырам.

Ерболдың жырындағы ерекшелік неде? Қолтаңбасы қандай? Жырында жанның шөлін тарқататын шипасы бар ма? Сіздегі дертті дөп басып, шер атты кермиық нәпсіңізге басуын айта ала ма? Өлең атты тәкаппар өнердің өрнегіне не ою қосыпты? Оған Ойғырдың өз перзентін сөйлетіп көрейік.

Құс келетін сағынамын көктемді,

Өмір-cұрақ, леп, үтір, көп белгі…

Оқыған жан қолтаңбамнан танитын,

Мен өлеңге қоям дара нүктемді.

Немесе:  

Жазамын боямай, өмірдің наласын,

Асығып жастығым, ей, қайда барасың?!

Мен-таулық, түн жортқан бөрінің тұқымы,

Сыр бермей жазатын жүректің жарасын, –  деп сабырға бекінеді.

Поэзияның кеңістігінде көркемдіктің көркін ашуда өзінше тың сүрлеумен келушілерге қашанда сұраныс бар. Оның орны толастамақ емес. Себебі, нәрлі жыр – жан азығы.  

Төбемнен ауып барады тағы бұла күн,

Бұла күнге еріп ақ арман сені қуамын.

Көңілдің көркі несіне төмен құладың,

Бір күнім өтті жыладым.

Қараңызшы, көңіл қарашығындағы үзіліп түскен шықтай, мөлтілдеген жыр. Әдемі. Өлеңге таласы барлар кейде сөзді дәріптеймін деп дәмін қашырып алады. Көпірме, лепірме, күшейтпелі теңеулерге жармасып, сұлулықтан жұрдай болып шыға келеді. Әлем-жәлем киінген сылқымның сәні кеткен кездегі сиқындай жырлары, көп өтпей-ақ өзінен бұрын «қайтыс» боп кетіп жатса, өзінен көрсін демеске лажың жоқ.

Күні кешеге дейін шындықты сол шындықты сүйгіш жандар ғана көтере алады деп ойлайтынмын. Жоқ, сөйтсем сол шындық пақырыңды бетке айтқан кезде ренжіп, ашуланып қалса да уақыт өте келе сабасына түсіп, өзінің қате кеткенін мойындайтын адамдардың ғана сүйетінін түсіндім. Ал сол күйі айтылған шындыққа өкпелеп кеткендер – өз арының алдындағы шындығын мойындаудан қорқатын әлсіздердің ісі екен. Ақын бұл тұрғыда қандай шындықты жайып салады? Және болмысы күншілдік пен күңкілге үйір жандардың осыны мойындауға дәті жете ме?

Жардың шетін құлатады су іліп,

Көл бетінде қаршыға ойнар қу іліп.

Қазанатты табалайды есектер,

Анда-санда шалыс басса сүрініп.

 

Шөлге жаумай бара жатыр бұлт өтіп,

Төңірекке түн келеді ұйқы ертіп.

Азаматты көре алмайды жаман дос,

Қалыс басса, миығынан мырс етіп.

 

Жыртқыштығы қызықтырмас тұйғынның,

Ұзақ жасы кімге керек құзғынның.

Орман толған күншілдердің мекені,

Әсем даусын қызғанады бұлбұлдың.

 

Кешкі іңір, шайтан күлер шарқылдап,

Жырларымды, тұрады ылғи Ай тыңдап.

Көк патшасы қыран қонса төбеге,

Жердің сұмы, қарға күлер қарқылдап.

 

Құлыншағын көргенім жоқ бұланның,

Аяқтарын көргенім бар жыланның.

Диірмендей дүниеде бақ тайса,

Құлағында құрбақа ойнар құланның.

 

Алшысынан иіргенмен асықты,

Кім тоқтатар зымыраған уақытты.

Жаралған соң табиғаты дара боп,

Биігінде өлген қыран бақытты!.. – дейді. Бәрекелді!

Өнерді қанша жерден құдіретті деп өбектесек те, оның да күннің көзінен қуат алатын өзге жаратылыстар сияқты, ақша деген «зарядкадан» қорек алып отыратыны бар. Өнер ақшаның үстінде жалпайып отыр. Бірақ, сол ақша болмаса өнерің де ешкім болмай қалады. Яғни өнердің өлшемі шынайы бағасын ала алмайды. (Ең қымбат картина, ең қымбат гонорар төленетін актер-актриса, кассасына миллиардтаған қаржы түсіретін фильмнің режиссері, кітабы пәленбай тиражбен шығатын ақын-жазушы, тағысын тағы дегендей). Демек, жырдың да бағасын беретін өткір өлшем бар – ол оқырман. Ал жырдың өміршең болуын ақынның өзі айтпақшы сері-уақыт «талғампаз» атты диірменіне аяусыз лақтырып жібереді. Сурет өнерінде натюрморт деген жанр поэзия тілінде де оқырманның жадынан кетпес картина сала алады. Нанбасаңыз, қараңыз.

Жүрек көзі… жарқ етті,

Төбет ойым манқ етті.

Қыран көкте санқ етті,

Қарға жерде қарқ етті…

Оқ атылып тасадан,

Аққу сезім жалп етті…

 

Түлкі өмір қашады,

Бөрі ғұмыр босады,

Торғай қуып масаны,

Маса таппай тасаны,

Ажал мерген қолына,

Мылтық алып тосады…

Ақын шаттанса айнала аппақ нұрға бөленеді, қапаланса түсі суық сұрқай жел мен ызғардың лебін сезеді. Қуанса қызыл-жасыл әлемнің жымыңдаған «кемпірқосағын» көреді. Көңілі тасыса шарықтап көк аспанға кетіп қалады. Ал мұңайса жерге оралып сары күз мезгілге наз айтады. Құс-көңіл ақынның мезгіл мен сезім бояуларын анық та қанық көруі заңдылық. Олар оны сезінбесе, мына жалғанның сұрқай келбетінің мәнісін кім безендірмек?

Ақын мен күз. Осы сары мезгілді жырына жыр етіп қоспаған ақынды ақын емес десек, ешкімнің өті жарылып кете қоймас. Әдетте «пәленше тамыздың тозғанын көріп, күздің үнін естіпті. Жаз жайлаудың қызығы бітіп, жоннан үркіпті» деген метафоралық теңеуін жай сөзбен жеткізіп көрсінші, қалай қабылдар екен? Демек, табиғатты поэзиямен әсірелеу, сағыныш пен күзді ажырамас бойтұмардай етіп жырға қосу ақынның ғана қолынан келеді. 

Жыл ұлдары бақталасып қалды да,

Қайтқан құстың қанатында күз өлді.

Күзді көміп… жыл құстарын ұзатып,

Шөпті сүйіп, жерге сіңді бұла шық.

Керуендей қаздар қайтып барады,

Қанатынан сар сағыныш құлатып.

Ерболдың жырында қазақтың тұрмыс-тіршілігіндегі ежелгі сөздерді  «ақпанның ақ өлеңімен» ортамызға әкелу, оны бүгінгінің ғаламторымен оқырманға қауыштырудағы үлесі мол. Тұтастай ата дәстүрден коллекция жасаған суреткер дерсің. Бабалар мен ұрпақтар арасына алтын көпір іспетті байланыс орната алған. Айталық, ұлар құс, бұлаң қағу, сұр құлан, бұғалық, арғымақ мінез, дүлдүл қиял, бура бұлт, мұзбалақ жыр, баһадүр, ақсұңқар, қазанат, жорға сөз, күміс күйме, құлжабас, қыран, барыс, арыстан, арлан көз, торғын кеш, барқыт  түн т.б. теңеулер – Ербол поэзиясының негізгі ұстыны. Бұған қоса, ақын сезім тақырыбын да майса желдің мамығындай әуелете қалықтатқан. «Ай бетіне атыңды айтып хат жаздым, Бура бұлтқа мінгізіп…» немесе:

Бақыт бар ма мөлдір тұнық сезімдей,

Түні бойы сені ойлаймын көз ілмей.

Ғаламтордан қиыласың әдейі,

Ғаламдағы жалғыз ару өзіңдей… – деп, бүгінгі күннің жетістігі мен ғылым-білімнің қарыштағанын айғақтайтын Ғаламтордың да сезімге кедергі бола алмасын жырына арқау еткен. Қайта Ғаламторды игілікке пайдаланса, оның өзін Поэзия «ХХІ ғасырдың аса бір пайдалы құралы» болғанын келешекке айтып қалдырады емес пе?! Кезінде сарайдағылар байланыс пен хат тасымалына көгершін құстарын пайдаланса, біздің заманда Ербол айтпақшы «агент» деген ауыл бар. Интернет, ұялы телефон сынды технологияның өзін Жыр елі тарих көмбесіне тоғытып жіберсе, оның еш айыбы жоқ.

Ақын сүтті жырларының қаймақты шағына жетті. Айтары таусылмақ емес. Ол енді қаймақтай дәмді жырларын қазақ поэзиясына әкеліп қосуы тиіс. Жырға адалдығын жоғалтпай кемелді келешектің көкжиегінен ақ өлеңдерімен шұғыласын шашса, Уақыт-аңшының батасын алғаны болмақ.

Уақыт аңшысы, құрғанмен қақпанын,

Қақпанды баспаймын жетелеп басқа мұң!

Қош келдің, ақ ақпан өлеңнің әлемі,

Ақша бұлт кезеді шайырлар аспанын.

 

Айнала аппақ нұр, ақынның арындай,

Шұғыла саулайды ақ маржан лағылдай.

Ақынның мінезі ақпаннан аумайды,

Көңілі аппақ қар, өлеңі дауылдай.

 

Ақ өлең, ақша қыз, жалт етіп қарады,

Ақ аспан ай үнсіз, жұлдыздар жанады.

Ақ түнде ақбоз ат мініп ап, арманға,

Ақындар тау жақты бетке алып барады…

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.