Қазақ десең өзіңе тиеді…

Динара МАСАКОВА 1989 жылы Алматы қаласында  дүниеге келген.  1996-2007 жылдар аралығында М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназиясында, 2007-2011 жылдар аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық  университетінде оқыды. Қазіргі таңда «Ана тілі» газетінде қызмет атқарады.

 

 «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дейді атам қазақ. Осыған орай  халық қаһарманы, Ұлы  Отан соғысының даңқты командирі, қазақтың көрнекті жазушысы Бауыржан Момышұлының нақыл сөзін айтып кеткен жөн болар. Ол: «Мен үш нәрседен қорқамын. Бірінші, өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан; екінші, немересіне ертегі айтып бере алмаған ата-әжеден; үшінші, екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан» деген екен.

Расында да, кешегі күнге дейін балаға деген ана махаббаты «Бесік жыры» арқылы берілген. Ана сәбиін бесікке бөлерде бесік жырын айтып, сол арқылы өз сүйіспеншілігін:

Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем.

Жылама, бөпем, жылама,

Жілік шағып берейін.

Аққұтанның құйрығын

Жіпке тағып берейін, – деп білдірген.

Ал қазір сәбиіне бесік жырын айтатын аналарды кездестірмейсің.  Бесік жырын айтпақ түгілі, сәбиді бесікке бөлеуді де қойдық. Ауылдық жерде бұл дәстүр бірең-сараң үйде сақталған, ал қалалық  аналар қазіргі медицинаның талаптарына сүйеніп, сәбилерін орамайды. Келіншектер өздерінің дене-бітімін сақтау үшін, сәбилерін 6-7 ай ғана емізіп, сәбиді бесікке бөлеудің орнына қоларбада тербетіп ұйықтатады. Ол аздай ата мен немере  теледидардан небір жантүршігерлік  фильмдер мен әдепсіз көріністерді қатар отырып көретін болды.

Ұйықтар алдында немересіне ертегі айтатын ата-әжелеріміз жоқ емес, бар. Бірақ  санаулы ғана. Ертегі біздің бәрімізді, мейлі ол жас болсын, мейлі ол ересек адам  болсын, үлкен әсерге бөлейді  емес пе?!

Отбасында сәби өмірге келіп, ес кіре бастаған кезден-ақ үйдегілер қазақша сөйлеуі керек.  Қазір көбісі орысша сөйлеуге құмар, орысша сөйлеп тұрғанымен мақтана ма?!  Әлде оны сән деп ойлайды ма?!.

Отбасында қазақтың салт-дәстүрін сақтап,  баланы сәби кезінен бесікке  бөлеп, бесік жырын айтып, ертегілер әлеміне бөлесе, әу бастан қазақ балабақшасына, қазақ мектебіне берсе,  жастайынан  ел намысын қорғаушы азамат болуға  баулып, үйде тек қазақша сөйлесе, міне, сонда ғана еліміздің нағыз патриотын тәрбиелеген болар едік. Сондықтан Елбасының: «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген  ұлағатты сөзін, ең алдымен  отбасымызда іске асыруымыз керек.

Жалпы, қазақтардың басқа жұртқа қарағанда  асырасілтеушілігі бар ма деген ой келеді.  Бірінен-бірі асырып той өткізу арқылы өзінің байлығын көрсетіп, атын шығарғысы  келеді. Қазақтың тойына бір-екі жылқы жетпей жатса, сол тойды  өзбектер бір қойдың етімен өткізіп жатады. Бізде асырасілтеушіліктің шектен шыққаны сонша, демалыстарда ауыл жаққа жол түскен кезде, ауылдардың тұсындағы бейіттерді көріп, таңғаласың, өлілерге арналған мазарлардың кереметтігі  сонша, бірінен-бірі асып түседі. Оның өзі қаншама шығын. Байлар мен бизнесмендердің  бейітін күзетіп отыратын  ақылы күзетшілер де көбейіп кеткен. Мысалы, Алматы қаласында қайтыс болған  қоғам қайраткерлері мен танымал  тұлғаларды жерлеуге  арналған мұсылман зираты – «Кеңсай зираты» бар. Олардағы белгілер бірінен-бірі асып түседі, әрқайсысының бір-бір күзетшісі бар.

Жақында «КТК» телеарнасының жаңалықтарынан Қарағанды қаласындағы  «Айжан»  ЖШС-і зиратын көрсетті. Ол зиратта 45 сантиметрлік жер 70-80 мың теңгеге сатылатындығын айтты. «О дүниеге кеткен жақындарымызды жер қойнауына да ақша төлеп тапсыратын болдық» деп ашынған жұрт, шағым айтуда. Жеңіл жолмен ақша табуды көздеген осы зираттың басшысы, бұл ісін кәсіпке айналдырған.   Бұл не деген сұмдық?!

Қанша ақшасы асып-тасып жатқан бай болсын, мейлі қарапайым жұмысшы болсын, біз бәріміз Алланың алдында теңбіз. Басқа елдерде мұндай сұмдыққа жол берілмейді. Өйткені, оларда тәртіп қатаң.

Ал неге біз оған жол беруіміз керек, ұят қайда, ар-намыс қайда? Қазақ десең өзіңе тиеді…

 

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.